Спорт

Салғырт қорғаныс, сапасыз шабуыл

Премьер-Лига

23 мамырда, жексенбі күні 13-турдың үш кездесуі өтті.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда Түркістанның «Тұран» командасын қабылдады.

Бұл жолы да әуелі тағы да біздің қақпамызға гол соғылды. Рас, шапшаң гол емес. Бұл кезде ойынның 22-минуты өтіп жатқан. Бірақ жанкүйерлер «Тұранның» гол соғып кетуі мүмкін екенін сезген де шығар. Өйткені қонақтар алдымен бұрыштама доп соқты. Одан соң айып алаңына жақын қолайлы тұстан айып добын орындады. Әрине, басқа да шабуылдар жасап жатты. Жерлестеріміз қақпаға допты жолатпаудың барлық амалдарын ойластырып бақты. Бірақ 22-минуттағы бір сәттік қимыл ақтөбеліктердің жүнін жықты да тастады. Былай қарағанда, бұл гол қонақтардың соншама шеберлігінің де емес, біздің қорғаушыларымыздың ашықауыздығының салдарынан болды деген жөн секілді.

Алаңның біздің командаға тиесілі бөлігінде жүрген түркістандық футболшы қақпаға қарата әуелете доп тастады. Асықпай қалықтап келе жатқан допты басқа жаққа қарай бұрып жіберу түк те қиындығы жоқ шаруа еді ғой. Олай болмады, біздің қорғаушымыз көзге көрініп тұрған траекторияны дұрыс есептей алмай қалды ма, әйтеуір құр секіре салды да, доп одан асып түсіп, «Тұран» футболшысының аяғына келіп түсті де, Шынболат Махсымхан қателескен жоқ. Тура қақпаға тепті — гол; бұл ретте біздің қақпашымызға өкпе артудың да жөні жоқ секілді, мұндай допты ұстау мүмкін де емес еді — 0:1.

«Ақтөбенің» бұдан кейінгі шабуылдары еш нәтиже бермеді.

Екінші таймды көтеріңкі көңілдегі түркістандықтар жойқын шабуылдармен бастады. Ал ақтөбеліктер, неге екені белгісіз, салғырт қимылдардан арыла алмады. Ақыры сол салғырттық тағы да сан соқтырды.

Екінші таймның оныншы минуттары шамасында қонақтардың екпіні басылғандай болды да, жерлестеріміз қарымта қимыл жасаудың қамына кірісті. Кіріскендері бар болсын, алаңның тап ортасында жүрген футболшымыз әріптесіне әдемілеп пас тастамақ болған сәтте оның аяғындағы допты түркістандық Никита Бочаров іліп әкетті де, біздің қақпаға тура тартты, содан қақпаның түбіне келгенге дейін оның алдынан шығатын ешкім болмай қойды. Қақпаға осылайша еркін жеткен ол допты келесі қанатта өзімен қатарласа жүйткіп келе жатқан Танат Нөсербаевқа сырғытты, ал Таңат жанұшыра қимылдаған Лаша Тотадзені де, Рүстем Темірханды да ауа қаптырып, жібек торды бүлк еткізді. Бұл ретте де қақпашыға кінә артудың негізі жоқ еді — 0:2.

Ойын осы есеппен аяқталды. Дегенмен бұған да шүкіршілік еткен мақұл сияқты. Өйткені ірі есеппен ұтылудың қаупі де төнген болатын. Қонақтардың мығым соққыларынан соң доп екі рет қақпаның екі жақ бағанына тиіп кері серпілді. Екі голдан қақпаны ойынға бірінші рет қосылған қақпашымыз Сергей Ревякин аман алып қалды. Ал Рустам Темірханның сәтсіз қимылынан кейін Лаша Тотадзе қорғану барысында қарсыластардың шабуылшысын құлатып түсірді ме, әлде шабуылшының өзі біздің қорғаушыға әдейі сүйкене құлады ма, не болғанда да, бұл жолы бас төрешінің пенальти белгілемегені бөлек әңгіме. Сондай-ақ сол Тотадзенің жалқаусырауы салдарынан тікелей төнген голдан қақпаны Сергей Ревякин сақтап қалғаны да талқылауға тұратын әрекет.

Ал қарсыластар қақпасының маңайына мұндай бұлт үйіріле қойған жоқ, қақпашы да олақ соғылған, ешқандай құйтырқысы жоқ доптарды қақшып түсумен болды.

Әдетте маусым соңына қарай футболшылар әбден шалдығып, бұрынғы өрнектерін жоғалтып алуы заңдылыққа жатады деуге де болар. Ал турнирдің бірінші айналымы аяқталмай жатып шалдығудың сыры жанкүйерлерге түсініксіз болып қалып отыр. Мысалы, ойыншыларымыздың бір-біріне қарапайым пас бере алмауы немесе аяғына келіп тұрған допты дұрыс қабылдай алмауы тіпті үдеп бара жатыр. Ал алдына доп келе қалса, әйтеуір біреу қақшып түсер деген оймен қақпа маңайына мағынасыз әуелете пас тастау бұл кездесуде де өзін-өзі ақтаған жоқ. Өйткені ондай допты не қарсыластардың қорғаушысы еш қиындықсыз кері қайтарады, не ондай доп қақпа маңайынан мүлдем қиыс кетеді. Қалай дегенде де, старттық құрам келістірмеген шаруаны алаңға кейін шыққан төрт футболшымыз да оңға басқыза алмады.

Осылайша биылғы чемпионаттағы дебютант «Тұран» турнир кестесінде «Ақтөбені» басып озды.

Бұл ойындағы бір ұнаған жай — жаңа қақпашымыз Сергей Ревякиннің сенімді қимылдары. Егер «жақсы қақпашы — жарты команда» дейтін ұстаным бар екені рас болса, Сергей бұл кездесуде сол жарты команданың міндетін атқарды деуге де болады. Ал қалғанын келесі ойындарда көрерміз.

«Ақтөбе»-«Тұран» — 0:2

Гол авторлары: Шынболат Махсымхан, 22-минут (0:1); Таңат Нөсербаев, 51-минут (0:2).

Ескерту қағазы көрсетілгендер: Қасым Таипов, 44-минут («Тұран»).

23 мамыр 2021 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Сергей Ревякин (қақпашы), Михал Йерабек, Рустам Темірхан, Дінмұхамед Кашкен (Лаша Тотадзе, 36-минут), Тонго Думбия (Юрий Логвиненко, 70-минут), Армен Манучарян, Еркебұлан Нұрғалиев (Юрий Перцух, 46-минут), Эрвейн Мукам, Максим Федин (капитан), Игорь Сергеев, Боян Дубайич (Дидар Жалмұқан, 56-минут).

Бас бапкердің міндетін атқарушы Владимир Зеленовский.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Игорь Сергеев, шабуылшы — 7 доп;

Рифат Нурмугамет, жартылай қорғаушы — 3;

Дидар Жалмұқан, жартылай қорғаушы — 2;

Эрвейн Мукам, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Максим Федин, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Еркебұлан Нұрғалиев, жартылай қорғаушы — 1;

Михаил Йерабек, қорғаушы — 1;

Юрий Перцух, жартылай қорғаушы — 1;

Боян Дубайич, шабуылшы — 1.

(Жақшаның ішінде — пенальтиден соғылған доптар есебі).

Жерлестеріміз 12 кездесу өткізіп, 3 рет жеңді, 4 рет тең түсті, 6 рет ұтылды.  Ұпай саны — 13. Доп айырмашылығы — 20:25.

«Ақтөбе» келесі кездесуді 29 мамырда, сенбі күні Қостанайда «Тобыл» командасымен өткізеді.

Бірінші айналымда, 20 наурызда «Ақтөбе» — «Тобыл» кездесуінің есебі 1:1 болғанын еске саламыз.

Е.АҚАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button