Экономика

«Егістен сөреге дейін»: ақтөбелік шаруалар делдалсыз жұмыс істейді

Ақтөбелік шаруа Жайлыхан Бекназаров «егістен сөреге дейін» қағидаты бойынша ісін жүргізіп отыр.

Ол қаладағы тірлікті ауыл өміріне айырбастаған аздың бірі. 2018 жылы қаладан ауылға — туған жеріне көшіп барып, несібесін де туған жердің топырағынан табуды ұйғарады. Өмірінің көп бөлігін ауыл шаруашылығы саласына арнаған шаруаның жер теуіп, мал бағу ісін бастап кетуіне еш кедергі де,  қиындық та болмады: білім де, тәжірибе де жетеді.

Мәртөк ауданының Құрмансай ауылының тұрғыны боп шыға келген ол кәсібін бастап кету үшін алдымен облыстық кәсіпкерлер палатасына келіп, кеңес алды.

«Жетістікке жету үшін шетел асудың керегі жоқ. «Пәлен жерде пайда бар, барсаң, бақыр да жоқ» дейді ғой, сондықтан елді көркейтемін десең, алдымен туған, өскен жеріңді көркейту керек», — дейді ауыл шаруашылығы техникасының кезекті бір тетігін құрастыру процесінен қол үзбей сөйлесіп тұрған сұхбаттасымыз.

Бүгінгі таңда Жайлыхан Бекназаровтың шаруа қожалығы 20-дан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның барлығы жергілікті тұрғындар. Кәсіпкер «бастықпын» деп шіренбейді, таңнан кешке дейін жұмысшыларымен бірге жүріп еңбек етеді.

Іс басында әкесімен бірге ұлы Сұлтан да жұмыс істейді. Шаруақожалық атауы осы ұлының атымен аталған. Кәсіп бастаған үш жыл ішінде кәсіпкер жемшөп қоймасын, жөндеу цехы, мал бордақылау алаңын салып, егістік аумағын ұлғайтып, асылтұқымды мал санын арттырды.

— Ауылда болсын, қалада болсын, мемлекеттік қолдау шараларынсыз бизнесті дамыту қиындау. Сүт фермасы мен бордақылау алаңының құрылысына жұмсалған қаражаттан басқа, асылтұқымды мал сатып алу үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мен Аграрлық несие корпорациясының бағдарламаларын пайдаландық. Бүгінгі таңда ауламызда ет бағытындағы абердин-ангус тұқымды 140 аналық бас және бірінші санаттағы 10 бұқа бар. Биыл Чехиядан 130 бас сүт бағытындағы симментал тұқымды мал сатып алуды жоспарлап отырмыз. Соның арқасында сауын мал санын 500-ге дейін арттырмақпыз. Оған қоса  жас төлдің, құнажындар санын да көбейту ойымызда бар. Келер жылы асылтұқымды бұқалар сатып аламыз.

50 бас жылқы бар, алдағы апта саууды бастаймыз. Күзде 300 аналық қой сатып аламыз, одан әрі қой санын 1000-ға жеткізу ойымызда бар, — дейді кәсіпкер.

Бүгінде шаруашылық басшысы мал бордақылауға қабылдау және асылтұқымды бұқаларды күтіп-бағу үшін мемлекеттік субсидия алуға арналған құжаттар пакетін дайындап жатқанын айтады. Бұл үшін арнайы комиссияның қорытындысы талап етіледі. Жақында Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының агроөндірістік кешен бөлімінің басшысы Владимир Ким мал шаруашылығын субсидиялау қағидаларының талаптары мен критерийлеріне сәйкестігін тексеру мақсатында шаруашылыққа барып, мемлекеттік бағдарламаға қатысу барысында ескерілуі тиіс ұсыныстарын айтты.

Мұнда малмен қатар өсімдік шаруашылығына да баса назар аударылады. Жүгері мен жоңышқа өсіру арқылы малға қажетті жемшөп қорын толықтырып отыр. Келесі жылдың егісіне және биылғы күздік егіс үшін жалпы ауданы 3 мың га жер дайындалып қойылған.

Шаруашылық аумағында жеке тоған да бар. Мұнда африкалық сом, айна тұқы және шөп тұқы секілді балықтар бағу жоспарланып отыр. Мұның бәрі кәсіпкердің Ақтөбе қаласының тұрғындар қалашығы ауданында салынып жатқан жеке маркетінің сөресіне түсетін болады.

Екі қабатты ғимараттың бірінші қабатында «Сұлтан» шаруашылығының ет-сүт өнімдерін сату үшін салқындатқыш камералары бар супермаркет, кондитерлік және аспаздық цехтардың секциясы, наубайхана, жартылай фабрикаттар дайындау цехы орналасатын болады.  Екінші қабат балық мейрамханасына арналған.

Осылайша «егістен сөреге дейін» кооперациялық тізбегі осы нысанды іске қосқаннан кейін толық көлемде жүзеге асырылатын болады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button