Билік

Халық облыс, қала басшылығының жұмыстарына риза

Қалалық мәслихаттың кеңейтілген мәжілісінде айтылған пікірлер осындай!

Бейсенбі күні облыстық филармония ғимаратында қалалық мәслихаттың кеңейтілген сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі Елеусін Сағындықов, қала әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты. Сонымен қатар басқосуға  қалалық және қаладан сайланған облыстық мәслихаттың депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар, партиялар, қоғамдық ұйымдар өкілдері, тұрғындар да қатысты.

Күн тәртібінде бір мәселе қаралып, қала әкімі Архимед Мұхамбетовтің «Ақтөбе қаласының 2008 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2009 жылға арналған міндеттері туралы» баяндамасы тыңдалды. Бұл қала басшысының оныншы, яғни қорытынды есебі. Биылғы есепті кездесуге 2200 адам қатысып, 160-тан аса сұрақ пен ұсыныс түсіпті.

Өз баяндамасында Архимед Бегежанұлы өткен жылы түскен ұсыныстардың орындалу барысын талдады. Олардың 90 пайыздан астамы орындалыпты.

– Былтыр осындай кездесулер барысында қала тұрғындарынан 308 сұрақ  түссе, оның 194-іне тікелей жауап берілді. Ал 114 сұрақ өтініш ретінде тіркеліп, оларға жазбаша түрде жауап қайтарылды. Кейбір өзекті мәселелер 24 тармақтан тұратын жүзеге асыру қажет шаралар жоспарына енгізілді. Олар – көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу, қаланы және селолық округтердің елді мекендерін электр қуатымен және сумен қамтамасыз ету, т.б.

Бұдан кейін А. Бегежанұлы Елбасы алға қойған міндеттемелер мен Жолдауды қолдау мақсатында істеліп жатқан шаралар туралы айтып берді.  Сонымен қатар  әкім Ақтөбе қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтты.

Экономиканың нақты секторына тоқталар болсақ, бұл бағыттағы жағдай мынадай: былтыр өнеркәсіптегі өнім көлемі 262,3 млрд. теңге болды. Ал электр энергиясын, газ бен суды өндіру және бөлудегі өнім көлемі – 28,4 млрд теңге. 2007 жылмен салыстырғанда, өсім 5,2 млрд. теңге артық. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі – 6,1 млрд. теңге. Ал негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2008 жылдың 11 айында 152,5 млрд. теңге болды.

Бұдан кейін қала басшысы экономиканы тұрақтандыру, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, әлеуметтік даму, халықты жұмыспен қамту, баға өсіміне жол бермеу туралы шараларды әңгімеге арқау етті.

– Қаланың атқарушы билігінің жұмысындағы маңызды мәселе – тамақ өнімдерінің негізгі түрлеріне бағалардың өсуіне жол бермеу. Осы мақсатта бағаларға мониторинг жүргізілді. Азық-түлік тауарлары мен жанар-жағармай бағаларының өсуіне жол бермеу шараларының жоспары жасалды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Ақтөбе қалалық әкімдігі, «Тасма» ЖШС,  «Анвар» ЖШС және «Кабиев и К» ЖШС арасында «Анвар» және «Дина» супермаркеттерінің бөлшектік желілеріне 10 пайыздан аспайтын сауда үстемесі бар босату бағалары бойынша жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін жеткізу жөніндегі бірлескен Меморандумға қол қойылды, – деді қала әкімі.

Оның айтуынша, мұндай жұмыс жаңа сауда нысандарында да жалғасатын болады. «Оңтүстік-Батыс» және №41 разъезд ауданындағы көтерме және бөлшек сауда базарларының құрылысы аяқталуға жақын. А. Бегежанұлы бұл нысандардың ашылуы қалаға әкелінетін өнімнің көлемі артып, бағалардың төмендеуіне ықпал ететіндігін айтты.

Биыл базарларды жеміс, көкөніс өнімдерімен толтырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көкөністі жыл бойы өсіруге арналған жылыжай кешені салынады екен.

Архимед Мұхамбетов есепті баяндамасынан кейін пошта  жәшіктеріне түскен қала тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.

Түркісіб көшесінің тұрғынынан мынадай сауал түсті:

–  №8, №8 «а», №9 бағыттағы қоғамдық көліктер Ембі аялдамасына тоқтамайды. Осыны ретке келтіріп беруіңізді өтінеміз.

Жолаушылар тасымалдау ережесіне сәйкес аялдамалардың ара қашықтығы 600 метр болуы тиіс. Әдетте, аялдамалар салынғанда осы талап ескеріледі. Қала тұрғыны айтқан өтінішті орындау туралы «Автопарк» ЖШС-ның басшылығына тапсырма беремін, – деді қала әкімі.

Есет Ибраев 12-шағын аудандағы 41-үйдің тұрғындарының атынан өтініш жазыпты:

– 41-үйдің маңына жаяу жүргіншілерге арналған жол мен белгі салуды сұраймыз.

Бұл сауалға А. Мұхамбетов былайша жауап берді:

41-үйдің маңына жаяу жүргіншілердің жолы мен жол белгісін салуды биыл жасалатын жұмыстардың жоспарына ендіріп жатырмыз. Өйткені 12-шағын ауданның маңында мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша «Болашақ» шағын ауданы салынып жатыр. Қазір жұмыстың қарқыны жақсы. Осы жылдың аяғында аталған шағын ауданға көріктендіру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сол кезде №41 үйдің тұрғындарының да өтініші орындалады.

Шанхай шағын ауданының тұрғындары былай дейді:

– Біз Металлургтер көшесінде тұрамыз. Бұл көшеде тұратындардың көпшілігі зейнеткерлер. Біздің көшенің жолы сын көтермейді. Оған күрделі жөндеу жасалмағанына 15-20 жыл болды. Жаңбырлы күндері көшеде жүру мүмкін емес. Асфальт төселмегендіктен, көліктер әрлі-берлі жүргенде шалшық суды жүргіншілерге, тіпті, тұрғын үйлердің аулалары шашады. Металлургтер көшесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізсеңіздер екен.

– Былтыр қаладағы көп көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жол құрылысы үшін өткен жылы 2 487,1 млн. теңге бөлінді. Бұл – 2007 жылмен салыстырғанда 3,3 есе көп деген сөз. Яғни 2008 жылы қаланың жалпы көлемі 371,6 мың шаршы метрді құрайтын 15 көшесіндегі жолдарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген көше де көп.

Металлургтер көшесін жөндеу үшін жұмыстың жобалық-сметалық құны жасалды. Анықталғаны, бұл көшеге күрделі жөндеу жасау үшін жалпы құны 20 млн. теңге керек. Биыл қаржы тауып, жұмыс жасаймыз, – деді А. Бегежанұлы.

«Кошевой, Чернышевский көшесіне қашан жарық жүргізіледі?» дейді аталған көшенің тұрғындары.

Қала басшысының айтуынша, соңғы екі жылда қалаға қарасты селолық округтерде көшелер жарықтандырылды. Мысалы, Қарғалы, Қурайлы, Сазды селолық округтерінде электр шамдары орнатылды. Былтыр қаладағы 7 көшеге 405 шам орнатылған. Жалпы, бүгінде қала көшелерінің 40 пайызы жарқырады. Архимед Бегежанұлы биыл  Кошевой көшесіне міндетті түрде жарық жүргізілетіндігін айтты. Ал Чернышевский көшесін жарықтандыру үшін алдымен қанша қаржы керектігі анықталады. Қала әкімі жарық жүргізу содан кейін қолға алынатындығын айтады.

Көп балалы ана Маржан Қарауылбекова былай деді:

– Мен 12 баланың анасымын. «Алтын алқаның» иегерімін. 12 жылдан бері үйдің кезегінде тұрамын. Маған  үй қашан беріледі?

Бұл сауалға облыс әкімі Елеусін Сағындықов жауап берді:

– «Қаңтардың аяғында немесе ақпанның басында үй беріледі» деп сізге айттым ғой. Мен айтқан сөзімді жоққа шығармаймын. «Беріледі» деген соң үй беріледі. (Маржан Қарауылбекова жұма күні облыс әкімінің қолынан пәтер кілтін алды – ред.)

Бұдан кейін қалалық мәслихаттың депутаты Константин Цхай сөз сөйлеп, қала әкімі Архимед Мұхамбетовтің есебіне ризашылығын білдірді.

Одан соң «Ақжол-Қазақстан» демократиялық партиясының Ақтөбе облысындағы филиалының төрағасы Ізімғали Көбенов сөз алды.

– Әкімдердің халық алдында есеп беруі – жақсы шара. Есеп бұқара мен билік өкілдерін жақындастыруға ықпал етеді. Мен бүгін Архимед Бегежанұлы өткізген төртінші  есепке қатысып отырмын. Аңғарғаным, облыс әкіміне, қала басшысына халық риза. Жақында Сазды селолық округінде өткен есепке тұрғындар көп жиналды. Сол басқосуда халық шын көңілдерімен облыс, қала басшылығына ақ тілегін айтты.

2008 жыл Ақтөбе қаласына да, жалпы, облыс үшін де сәтті жыл болды. Біраз жұмыстар жасалды. Мұны мен оппозициялық партияның өкілі ретінде мойындаймын.

«Ақжол-Қазақстан» демократиялық партиясының Ақтөбе облыстық филиалына адам көп келеді. Олар жергілікті биліктің істеп жатқан жұмыстарына риза. Мысалы, Елек көпірі пайдалануға берілгенде біздің филиалға біраз адам келіп, ризашылықтарын білдірді. Елек көпірінің салынғанына тек қана Ақтөбе қаласының халқы қуанып жатқан жоқ. Әйтеке би, Қарғалы, Хромтау аудандары мен Орскіден келетін адамдар көп рахмет айтып жатыр.

Дегенмен олқылықтар да жоқ емес. Мысалы, Маресьев көшесінде «Астория» мейрамханасы орналасқан. Аталған мейрамхана көшені жауып тұр. Сондықтан ол маңда көлік тығыны көп болады. Әсіресе, футбол, жәрмеңке болатын күндері жүру тіпті қиын. Қаланың ескі бөлігінен келе жатқан «Жедел жәрдем» көлігі «Жедел жәрдем» ауруханасына сол мейрамхананың жолды жауып тұрғанының салдарынан тура жолмен бара алмайды. Айналып әзер жетеді. Ал онда жағдайы әл үстіндегі адам болса қайтеді? «Астория» мейрамханасын бұзу туралы соттың шешімі шықты. Сот шешімі неге орындалмайды? Елеусін Наурызбайұлы, осы мәселені шешуге ықпал етсеңіз, – деді І. Көбенов.

Елеусін Сағындықов бұл мәселені «шешіледі» деп бір ауыз сөзбен түйіндеді.

Бұдан кейін Ізімғали Көбенов өз ұсынысын жеткізді:

– Қала әкімі тұрғындармен он рет кездесіпті. Әлгінде айттым, Архимед Бегежанұлының бірнеше есебіне қатыстым деп. Содан аңғарғаным, тұрғындардың  қала басшысына қоятын сауалдарының мазмұны бір. Бір жиында айтылған өтініш екіншісінде де айтылып жатыр. Сондықтан бес есеп болса, жетіп жатыр. Келесі жылы осы ескерілсе екен.

Басқосу барысында Құрмыш шағын ауданында тұратын ақсақал облыс басшысына сұрақ қойды.

– Елеусін Наурызбайұлы, сіздің арқаңызда облыста біраз жұмыстар жасалды.  Бұған халық риза. Ақтөбе қаласын айтпағанның өзінде, ауылдарда жаңа мектептер мен балабақшалар салынып, пайдалануға беріліп жатыр. Бірақ Жамбыл көшесіндегі мектептің құрылысы жақын уақытта бітетін емес. Әлі бірінші қабатының құрылысы аяқталған жоқ. Мектеп құрылысы қашан бітеді?

Бұл сауалға Елеусін Сағындықов былайша жауап берді:

– Кеше сіз сөз етіп отырған Құрмыш шағын ауданындағы мектеп құрылысы туралы қала әкімі Архимед Бегежанұлына айттым. Бұл мектеп маған жақсы таныс. Бастапқыда мектептің жері біраз дау болып, сот арқылы жер кейін қайтарылды.

Биыл ол мектептің құрылысы бітеді. Астананың мектептерінен кем түспейтіндей етіп саламыз. Қыркүйектің 1-іне дейін болмаса қазанның 1-іне дейін пайдалануға беріледі.

Жиын соңында облыс әкімі Елеусін Сағындықов өзінің облыс тұрғындарымен кездесуі ақпанның 6-сы күні өтетіндігін айтты.

– Халықпен кездесе беруге мүмкіндік аз. Сондықтан осы шараға тұрғындардың көңіл-күйін білу үшін  әдейі келдім. Сұрақтарыңызды тыңдап, жауап беру үшін қатыстым. Сіздердің көңіл-күйлеріңізді көзбен көріп, қатты қуанып отырмын, – деді облыс басшысы. Ол өз сөзінде өткен жыл әлеуметтік-экономикалық және саяси оқиғаларға толы кезең ретінде есте қалғандығын жеткізді.

– Соның ішінде  Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарының V форумын өткізу маңызды  іс болды. Оны ұйымдастырған ақтөбеліктер қонақжайлылық пен мәдениеттің жоғарғы деңгейін көрсетті. Сонымен қатар былтыр қол жеткен табыстарымызды «Ақтөбе» футбол командасының жеңісі толықтырды. «Ақтөбе» командасы үшінші рет ел чемпионы атанды. Ал мұның бәрі Ақтөбенің абыройын асқақтатып, қаламызды әлемге танымал етті, – деді Елеусін Сағындықов.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button