Басты жаңалықтарДенсаулық

Вакцина: облыста 99 857 адам екпе алған

 

Бүгінгі күні елімізде 1 871 823 адам вакцина салдырған. Біздің облыста 99 857 адам егілсе, оның  71 020-сы екпенің бірінші, 28 837-сі екінші компонентін алған.  Ақпан айынан бастап өңірге «Спутник V» вакцинасының 105 200 дозасы, «Hayat Vax» вакцинасының 17 400 дозасы жеткізілген. Қазір өңірде вакциналау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аудандарда жылжымалы кешен дәрігерлері шалғай елді мекендерді аралап, екпе салып жүр.

Байғанин

Тұрғындардың белсенділігі жоғары

Байғанин ауданында вакциналау жұмысы наурыз айынан басталыпты. Бірінші кезеңде  «Спутник V» вакцинасының  2300 дозасы, екінші кезеңде 1143 дозасы әкелінген. «Hayat Vax» екпесінің  400 дозасы бар. Екпе тұрғындарға қалауы бойынша салынып жатыр.

— Індеттің алдын алудың жалғыз жолы — екпе. Тұрғындар жаппай егілсе, ұжымдық иммунитет қалыптасады. Жылдың соңына дейін он мыңдай адамды егуді жоспарлап отырмыз. Алғашқы кезде тұрғындар арасында екпеге қатысты түрлі көзқарас болды. Көпшілік жалған ақпараттарға сенді. Ал қазір вакцинаның пайдасын түсініп келеді. Бұрын үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізсек, қазір өздері келіп алады. Жасы жетпістен асқан қарттарға дейін келіп егілуде. Тұрғындардың арасында вакцинаның кері әсерінен ауырып, ауруханаға түскендер жоқ. Барлығы жақсы қабылдап жатыр. Иненің орны ауырып, сәл қызуы көтерілгендер болды. Бірақ айтарлықтай жанама әсер білініп, өзін жайсыз сезініп, ауруханаға хабарласқандар болған жоқ. Өзім де алғашқылардың бірі болып «Спутник V» вакцинасын алдым. Ешқандай жанама әсер байқалмады. Ал жұбайымның қызуы көтерілді. Парацетамол дәрісін ішті. Екі күннен кейін кері әсердің барлығы тарқады. Екпені екі балам да алды. Отбасымыздың, айналамыздың амандығы үшін вакцинадан бас тартқанымыз жоқ, — дейді Байғанин аудандық ауруханасының  бас дәрігері Абзалбек Иманбаев.

Аудандық аурухана мамандары демалыссыз жұмыс жасап жатыр. Сенбі, жексенбі күндері де егу кабинеттері жұмыс істейді. Ал жылжымалы кешен дәрігерлері ауданның шалғай ауылдарын аралап, тұрғындарға екпе салып жүр. Жарқамыс, Абай, Қызылбұлақ, Сартоғай, Дияр секілді шалғай ауыл тұрғындары үйлерінен шықпай-ақ вакцина алды.

Ауданда эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Стационарлық ауруханада үш адам емделіп жатыр. Оның біреуінің өкпесі қабынған.

— Ауданда ахуал тұрақты болғанымен, сақтық шараларына салғырт қарамауымыз керек. Әлеуметтік желі арқылы тұрғындарға барынша қауіпсіздікті сақтауға, бетперде тағып, антисептикалық сұйықтықтарды пайдалануға кеңес береміз. Адам көп жиналатын жерлерге мүмкіндігінше бармаған жөн екенін айтамыз. Індет айтып келмейді. Тұрғындардың барлығы екпе алып болған жоқ. Сондықтан сақтанып жүру керек. Қазір «Hayat Vax»  екпесін 49 адам алды. Бұл екпенің бір артықшылығы, сақтау мен тасымалдау оңай, — деді Абзалбек Иманбаев.

Темір

Дәрігерлер ауылдарды аралап жүр

Темір ауданында да вакциналау жұмыстары наурыз айында басталған. Аудандық аурухананың бас дәрігері Сержан Жанахметовтің айтуынша, осы уақытқа дейін 1800 адам екпе алған. Вакциналаудың алғашқы кезеңінде  2100 доза екпе келген. Қазіргі таңда 500 доза «Hayat Vax» вакцинасы әкелініпті.

Тұрғындар өз еріктерімен екпе алып жатыр. Ораза кезінде  келушілер сәл азайды. Ал қазір біртіндеп келіп жатыр. Аудандық аурухана дәрігерлері  Кеңқияқ, Алтықарасу, Қопа, Шығырлы ауылдарына арнайы көлікпен аралап, тұрғындарға екпе салды, — деді бас дәрігер.

Сондай-ақ ауданда вакциналау жұмысына байланысты құрылған ақпараттық топ түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп жатыр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button