Батыр қыздың белгісіз суреті табылды
Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Тәуелсіздік жылдарында Әлия Молдағұлованың есімі мен рухын ұлықтауға зор мән берілді, мысалы, жуырда ғана Ақтөбедегі халықаралық әуежайдың Әлия есімін иеленуі — соның бір дәлелі.
Біз бұл жаңалықты зор қуанышпен қабыл алдық. Әлия есімі — ата-бабамыздың ерлік рухының мәңгілік символы, мәңгілік жаршысы.
Қан майданда ерлікпен қаза тапқан қаршадай қыздың қысқа ғана ғұмырын әдебиеттен, түрлі басылымдардағы мақала-сұхбаттардан жақсы білеміз. Оның артында қалған фотосуреті де саусақпен санарлық қана екенін есіткенбіз. Дегенмен ел іші болған соң, Әлияға қатысты жаңа дерек, жаңа жәдігерлер ойламаған жерден алдымыздан шығуы да мүмкін екен. Сондай бір жағдайға кездейсоқ кезіктім. Бұл Қобдаға Алматы қаласынан келген Батыр Мәмбетов деген азаматпен таныстықтан басталды. Қобда аудандық музейінің қызметкері болып істейтінімді естіген Батыр Нәрібайұлының:
— Сіз білесіз бе, менің анамның жеке мұрағатында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың бұрын еш жерде жарияланбаған фотосуреті бар, — дегені.
Айтуынша, Қарағанды облысында тұратын қарындасы Әлия анасының жеке мұрағатын көзінің қарашығындай сақтап келеді екен. Мұны естігеннен кейін мен дереу Шығыстың қос шынарының есімдерін иеленген апалы-сіңлілі Әлия, Мәншүк Нәрібайқыздарымен байланысқа шықтым.
Естуім бойынша, олардың анасы Бәтима — Әлияның сырласып, хат жазысып тұрған құрбысы әрі туысы. Басында қызыл жұлдызды пилоткасы, үстінде әскери формасы бар суретін ол Бәтимаға майданға аттанар алдында жіберген.
Бәтиманың толық аты-жөні — Бәтима Өрбісінқызы. Өрбісін Көдебасов — Әлияның әкесі Нұрмұханбет Сарқұловтың жақын туыс, ағайын болып келетін інісі. Өрбісіннің 11 баласы болған, соның ішінде Бәтима, Бақдәулет, Бақтығалилар Әлиямен жас жағынан шамалас екен. Әлияның әкесі Нұрмұханбет 1922-1932 жылдар аралығында қуғынға ұшырап, тіпті ұсталып та қалып, артынан бой тасалап жүріп, ғұмыр кешкені белгілі. Сондай қысылтаяң күндердің бірінде Әлияның анасы Маржан екі баласымен бірге осы Өрбісіннің үйінде болып, кейіннен Қурайлыда тұратын өз туыстарын паналауға мәжбүр болған.
Батима Өрбісінқызы Ақтөбедегі мұғалімдер даярлайтын институтты тәмамдап, еңбек жолын Қобда ауданында бастаған. Темір қаласында да мұғалім болып қызмет еткен. Ойыл ауданының азаматы Нәрібай Мәмбетовке тұрмысқа шыққан. Бір өкініштісі, Әлия мен Бәтиманың жазысқан хаттары сақталмаған. Бәтима небәрі 37 жасында дүниеден озған.
Нәрібай мен Бәтима бес балалы болыпты: Батыр, Әли, Әлия, Мәншүк және Амангелді. Бүгінде олар еліміздің әр өңірінде — Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларында тұрады. Әлия Қарағанды кооперативтік институтын бітірген, қазір кәсіпкер болса, Мәншүк — жоғары дәрежелі дәрігер, терапевт.
Суреттің, жалпы әулеттің тарихы жөнінде Әлия мен Мәншүктің қатысуымен ұйымдастырылған онлайн-сұхбатта айтылды. Сурет аудандық музейдің «Даңқ» бұрышына қойылды. Біз осынау баға жетпес құнды жәдігердің музейіміздің төрінен орын алғанына қуаныштымыз және оны тапсырған Батыр, Әлия және Мәншүк Мәмбетовтерге шексіз алғысымызды білдіреміз.
Гүлбаршын ЕРҒАЛИЕВА,
облыстық тарихи-өлкетану
музейінің Қобда бөлімінің
меңгерушісі.
Редакциядан: Әлияның белгісіз суретінің табылуы — үлкен жаңалық. Біз осыған орай оның туыстары мен әлиятанушылардан пікірлер күтеміз.