Басты жаңалықтарРухани жаңғыруТәуелсіздік — 30

Жұртына үлгі жүз есімнің бірі

«100 жаңа есім-2021» жобасының жеңімпаздары анықталды

Үш мыңға жуық қатысушының арасынан оза шауып, жеңімпаз атанған талапты да талантты 30 жаңа есімнің қатарында ақтөбелік Малика Дүйсенбаева да бар.

30 сәуір күні онлайн форматта өткен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарының кездесуінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев олардың жетістігі Қазақстан табысының көрінісі екенін, олар өздерінің патриоттық ісі арқылы барша қазақстандықтарды ынталандыратынын атап өткен болатын.

Мемлекет басшысымен өткен кездесуден соң Қазақстанның жаңа есімі Малика Дүйсенбаевамен сөйлесудің сәті түсті. Бірақ алдымен жоба туралы айта кетейік…   

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы —  тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен әртүрлі жастағы, елдің әр аймақтарында тұратын этникалық топ өкілдерінің тарихы. Жобаның негізгі мақсаты — тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның дамуына ерекше үлес қосқан адамдардың тарихына негізделген бәсекеге қабілеттілік, прагматизм және білімге ұмтылыс идеяларын насихаттау.

Жоба 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Елбасы Нұсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған болатын. Сол уақыттан бері жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады.

Қазақстандықтар байқауға 7 номинация бойынша қатысады. Атап айтар болсақ: медицина, білім, ғылым және инновация, экология, мәдениет және спорт, бизнес, қоғам.

Осы уақытқа дейін «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына 7,5 мың адам қатысып, еліміз талай талантты, талапты қазақстандықтардың атын таныды.

Жобаның алғашқы жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобасына Ақтөбе облысынан 302 адам өтінім беріп, 40 адам қатысқан. Дегенмен оның 5-уі ғана жеңімпаз атанды. Олар — Қайрат Мәйтеков,  Исламбек Салжанов,   Шахан Жолдасбаев,  Эмир Байғазин және Юрий Хон.

Ал 2018 жылы 109 адам өтінім беріп, 108 адам қатысса, 2019 жылы 117 адам өтінім беріп, 7 адам қатысыпты.

2021 жылы өтініштер 22 ақпан мен 21 наурыз аралығында қабылданды. Өтініштер модернизациядан өтіп, 25 наурыз бен 12 сәуір аралығында бүкілхалықтық онлайн дауыс беру кезеңіне 170 үміткер шықты. Сондай-ақ өтінімдердің белгілі бір бөлігі қоғам және мәдениет қайраткерлерінен, спорт және бизнес өкілдерінен тұратын қазылар алқасының қарауына жіберілді. Сонымен қатар осы жылдан бастап қазылар алқасының құрамына өткен маусымдардың жеңімпаздары қосылды.

Қазылар алқасының шешімімен 2021 жылғы байқауда облыстан 1 қатысушы жеңімпаз атанды. Ол — жоғарыда есімін атап өткен ақтөбелік дизайнер Малика Дүйсенбаева.

Малика тағы да үздіктер қатарында

Үш жоғары экономикалық білімі бар болса да, қазір тігіншілікті кәсіп етіп жүрген Малика туралы біздің газетте де түрлі мақалалар жарық көрген болатын. Бұған дейінгі жазылған мақалаларымызда оның жеке тігін шеберханасы туралы, жеке бренді туралы әңгіме қозғасақ, бұл жолы біз Малика Дүйсенбаеваны басқаша қырынан сөйлеттік. Енді ол — жай ғана он саусағынан өнер тамған шебер емес, еліміздің жаңа есімі.

Малика Дүйсенбаева — төртінші буындағы ұлттық нақыштағы мерекелік және заманауи киім үлгісінің сәнгері ретінде танымал дизайнер. Ол — іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, халықаралық көрсетілімдердің ұйымдастырушысы. Көптеген облыстық, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Ерекше марапаттарының ішінде «Қазақстан жыл көйлегі — 2016» дизайнер атағы және 40-қа жуық қатысушы өз жұмысын ұсынған «Әлем көйлегі — 2017» халықаралық байқауындағы жеңісі бар.

Маликаның кәсібі мен жеткен жетістіктеріне қанық болып барған біз одан алдымен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қалай келгені туралы сұрадық.

— 2017 жыл. «Әлем көйлегі — 2017» халықаралық байқауынан жеңімпаз атанып, Нұр-Сұлтан қаласына келіп жатқан болатынмын. Құрбым екеуміз өтіп бара жатып,  «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарының суреттері ілінген үлкен плакатты көрдік. Құрбым маған: «Неге мыналардың ішінде сенің суретің жоқ?» — деп сұрады қалжыңдап. Мен де еш ойланбастан: «Бұйырса, боламын», — деп жауап бердім.

Биыл аталған жобаның төртінші кезеңіне өтінім қабылдау басталғанын көрдім. Ойлана келе, мен де өтінім бердім. Бірақ мүлде ұмытып кетіппін. Кейін дауыс беру кезеңі басталғанда өзімнің келесі кезеңге өткенімді көрдім. Сөйтіп, ең соңында үздік ТОП-30-дың қатарына кірдім, — дейді жақында ғана Мемлекет басшысының қатысуымен өткен шараға барып келген Малика Дүйсенбаева.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі құттықтаған тұста толқығаным рас. Әрине, Президенттің өзінен тікелей құттықтау алу — кез келгенге бұйыра бермейтін бақыт.

Еліміздің жаңа есімдерінің сөздерін тыңдап, әрқайсысының өмірлері туралы, тындырған істері туралы естігенде таңғаласың. Әрбірінің алдында еріксіз бас иесің. Олардың жасап жүрген жұмыстарының қасында менің жасап жүргенім жұмыс па деген де ой келеді екен. Сөйтсем, шараға қатысқан барлық қатысушы сондай ойда отырған екен. Оны шарадан кейінгі басқосу барысында білдік (күліп — ред.) , — дейді ол.

Бір кездері тек Наурыз мейрамы жақындаған тұста ғана сұранысқа ие болатын қазақы киімдер, қазір жаңаша сипат алып, оған деген сұраныс та көбейді. Ұзату тойларынан бөлек, жастар ұлттық нақыштағы киім киіп суретке түсуді трендке айналдырды. Бұл, әрине, көңілге қуаныш сыйлайды. Сұраныс болғасын, ұлттық киімдерді тігетін тігіншілердің де саны артты. Осы тұста Маликадан біз өзін жалпыдан жалқы етіп тұратын тұстарын сұрағанбыз.

— Бүгінде ұлттық қолөнеріміз кеңінен қанат жайып келеді. Ұлттық нақыштағы бұйымдарды тігетін тігіншілер қатары да күн санап өсуде. Мен оған шын қуанамын. Ұлтымыздың ұлттық киімін тігетіндер көбейіп, дамып келе жатқанына іштей  мақтанамын. Байқап қарасаңыз, әр шебердің өзіне тән қолтаңбасы бар. Біздің өнімдерімізді де көптен ерекше етіп тұратын тұстары жетерлік. Біздің брендпен тігілген киімдердің барлығы авторлық жұмыстарға жатады. Ешкімнен көшірмейміз, ешкімнен ұрламаймыз және бір киім екінші рет қайталанып тігілмейді. Сондай-ақ тағы бір ерешелігі — матасында. Біз киім тігетін матаны рулондап алмаймыз. Әртүрлі матадан 6-7 метр, әрі кеткенде 12 метр ғана әкелемін, — дейді қолөнердің қыр-сырын жетік меңгерген шебер.

Тігіншілік кәсіптің қыр-сырын Қытай, Үндістан елдерінде жетілдірген Малика ұлттық киім тігу барысында ою-өрнектің түрлеріне, оның қондырылуына ерекше мән береді. Әр оюдың өз орны мен өзіне тән мағынасы болатынын айтады. «Ұлттық ою-өрнектің негізін жоғалтпауымыз керек» деген қағиданы басты ұранына айналдырған Маликаның есімі енді еліміздің тарихында, тәуелсіздік жылнамасында қалатын болды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button