Бәкір — 95

АҚБҰЛАҚ-АҒА
Жай күндерде ғана емес, тіпті мерейтойлар тұсында да белгілі немесе белгісіз кісілер туралы басы артық теңеулердің қажеті жоқ екені даусыз. Әйтсе де, зиянсыз өтірік пен ептеп асыра сілтеу қосқан мақтауға тыйым салу және мүмкін емес. Қаншама еңбектеніп қомпитқан ағаларымызды бәрібір мына жұрт ізінен танып қояды.
Осы тұрғыдан келгенде көкірегі оянуға құштар болып тұратын қазаққа Бәкір Тәжібаевты таныстыру — артық шаруа. Мысалы, бұл ағамызды көзі тірісінде мәртебелеу үшін бір «Ақбұлақ» та жеткілікті еді. Жатаған үйлері бар ауылға телевизор таңсық, магнитофон жете алмай жатқан кезде көңілдерді радионың әні жібітіп, радионың әңгімесі әлдилейтін. Сол шақта, әсіресе, «Түскі демалыс концертінде» «Ақбұлақ» сызылғанда құлақ тоспасқа амал кем еді. Былай қарасаңыз, қазақтың ұлан-ғайыр даласында талай Ақбұлақ бар шығар-ақ. Әйтсе де, сол Ақбұлақтар түгілі Қарабұлақтардың да суы таңдайына тимеген, қазірден сәл адалдау, сәл көңілшектеу қазақтың осы әнге ықыласы ерекше құлағаны рас.
Әрине, мына заманда бәйге алып жатқан ән көп. Қазақстанды былай қойғанда, Әмірика асып жатқан әуез жеткілікті. Бірақ қазақ әні төл топырағын жатсына қоймаған шақта, ана тұста Нұрғиса мен Әбілахаттың, мына тұста Шәмші мен Әсеттің әндері жүлделеніп жүрген кезде, Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлағы» сол әсем әуендермен иық тірестіруі сүйсінерлік-ақ оқиға емес пе еді?!
…Айналайын Ақбұлақ,
Айналақтап жағаңда
Сенен артық өзенді
Бұл әлемнен табам ба?!..
Бәкір ТӘЖІБАЕВ
(1926–1994 жж.)
15 мамырда Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Ақбұлақ ауылында дүниеге келген. 1941 жылдан бастап Темірдің педагогика училищесінде оқып, оны бітіргеннен кейін Жұрын аудандық (қазіргі Мұғалжар) газеті редакциясында, аудандық комсомол комитетінде қызмет істеген.
1950 жылы Алматы театр-сурет училищесі жанындағы киноактерлік бөлімді бітіріп, Жамбыл, Шымкент облыстық театрларының актері болды.
1958 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып істеген. Кейін Алматы облыстық халық шығармашылығы үйінде, Қазақ КСР театр қоғамында жұмыс жасайды, 1974 жылдан бастап тікелей шығармашылық жұмыспен айналысты.
«Қараторғай», «Біздің Роза», «Сахна жұлдыздары» атты прозалық кітаптардың, «Балбұлақ», «Ән-дәурен», «Жүріп келем», «Дала жолдары», «Жыр- жолаушы», «Ақбұлақ» атты жыр жинақтарының авторы. «Қамар сұлу» операсының (авторы композитор Еркеғали Рахмадиев) либреттосын жазды.
150-дей ән мәтінінің авторы. Көптеген әндері — әлі күнге дейін сахна төрінде орындалып, халықтың сағынып тыңдайтын әндері. Бірқатар әндері Қытай, Моңғолия, Түркия, Ауғанстан, Иран, т.б. елдерде тұратын қазақтар арасында кеңінен таралып, олардың сүйіп тыңдайтын әндеріне айналған. Оның өз орындауындағы әндері «Мелодия» фирмасынан күйтабақ болып шыққан.
Бәкір аға таппаған шығар. Біз де таба алмаған сияқтымыз. Әр кез жүрегін жыламсыратып жүретін әркімнің өз Ақбұлағы бар ғой. Қазіргі әннің барлығына бірдей топырақ шашу қиянат, бірақ көп әнде сол «Ақбұлақтағыдай» тілге оңай орала кететін, оқымыстылықтан ада қарапайым сөздер, жаныңды үзіп-үзіп алатын сезімді әуез жоқ. Туған мекенді екіленбей, жұлқынбай, дәл Бәкір аға тәрізді қоңыр дауыспен де мықтап сүюге болады екен ғой.

Ал «Әлия» әні — бергі кезеңнің, эстрада құба төбел тірлігімізге дендей енген, өзіне лайық әнді берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан тартып алатын кездің туындысы. Сейдолла Бәйтерековке мың алғыс, Роза Рымбаеваға зор құрмет. Сонда да… Әлия туралы ән болуы керектігін ойлап, әуенге лайықтап мәтін жазып, оны композиторларға көрсетіп, қоймастан өтініш жасаған әуелгі кісі осы Бәкір Тәжібаев еді. Әлде ағамыздың көкірегін сонда әлдебір сиқыр түрткіледі ме екен?!
Алматыда тұрған арғы-бергі ақын-жазушылардың ішінде Ақтөбеге жыл құрғатпай дерлік ат ізін салатын бір қадірліміз және осы Бәкір аға еді. Көзін көргендер, сол сапарларында дәмдес, жолдас болғандар, тіпті атүсті амандасып қалғандар да жақсы біледі: Бәкір Тәжібаев секілді қарапайым қаламгер сирек.
Поэзия, проза, либретто, драма, жолжазба… Бәкір Тәжібаевтың қаламы бақ сынаған жанр көп, ол атқарған қызметтер де өмірбаянында тізіліп тұр. Әйтсе де Бәкір Тәжібаев туралы әңгімені есті жұрттың «Ақбұлақпен» бастап, «Әлиямен» демдейтініне дау жоқ. Осы екі ән шырқалғанда, өз топырағымыздан өрбіген аяулы тұлға туралы бәрібір шегіне жеткізіп әңгіме айта алмайтын сияқтанатынымыз бар-ау…
Ертай АШЫҚБАЕВ,
ақын

Қалың қазақтың сүйіктісі еді
Бәкір Тәжібаевтың есімі көпшілікке жақсы таныс. Ол — өзі өмір сүрген ортаның қадір-қасиетін шамасы жеткенше танытып өткен адам. Өз шығармашылығы арқылы туған халқына жемісті еңбек етіп, әдебиеттен орнын ойып алған жазушы, ақын әрі сазгер. Бәкең Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Ақбұлақ деген ауылында мамыражай жазда дүниеге келіп, сол жерден мектеп бітіріп, 1941 жылы Темір педагогикалық училищесін тәмамдайды. Алдымен өзінің қабілетіне қарай Мұғалжар аудандық газетінің жауапты хатшысы, кейіннен комсомол комитетінде белсенді қызмет атқарады. Бірақ бойындағы бұла таланты мұны місе тұтқызбай, сонау 1950 жылдары оны астанамыз Алматыдан бір-ақ шығарады. Бұл туралы көрнекті жазушымыз марқұм Тахауи Ахтанов ағамыздың өзінің көзі тірісінде: «Ауылды аралап жүргенімде, осы Бәкір інімізге кездесіп, бойындағы өнерге деген құштарлықтың құнарлы қуатын байқап, Алматыға алдыртқан өзім едім. Кейіннен елдің елеулі ақындарының бірі болды», — дейтін. Шынында да, Тахаң сияқты тарланбоздың көзіне түсу оңай болмаса керек. Содан Бәкір ағамыз осындағы Алматы театр-сурет училищесінің жанындағы киноактерлік бөлімді бітіреді. Жамбыл, Шымкент облыстық театрларында актерлік қызмет атқарады, бойындағы талантын ұштаған үстіне ұштай түседі. Жыр жазып, көзге түсе бастайды. Бұған қоса, қабілет-қарымын түрлі аспаптарда ойнап дамытып, қоңыр үнімен ән шырқау, ойнаған рөлдердегі кейіпкерлердің бейнесін ашатын тартымды іс-қимылдарға әбден жаттығу арқылы өзінің де өрелі шығармаларына жол ашады. Осы бір әбден жаттыққан қасиет Бәкеңді әдемі де ойлы жыр жолдарын жазуға құлшындырып, келе-келе әуенді әуезге бой ұрғызып, өнердің ішкі тұмбасынан ләззаттандырады десек, 1958 жылы Абай атындағы опера және балет театрына әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып келген ақын өнер көкжиегінің әуезді ырғағына шындап ден қоя бастайды. Алдымен композитор Еркеғали Рахмадиевпен шығармашылық одақ құрып, «Шалқи бер, дала!», «Жолдар, жырлар», «Жан еркем», «Бұлбұл әні», «Ақтамақ», «Дала еркесі» сынды көптеген әндерді, содан «Қамар сұлу» сияқты үлкен операның либреттосын жазады. Бұл ақын мен сазгердің бір-бірін түсінгендігінен туындайтын жемісті еңбектің шырқау шегі болса керек. Осы ортаға еркін ене жүріп, көрнекті сазгерлеріміз Сыдық Мұхамеджанов, Нұрғиса Тілендиев, Әбілахат Еспаев және Ғарифолла Құрманғалиев сияқты есімдері елге ардақты өнер тарландарымен бірге де талай шығармалар өрнегін салады. Сондай-ақ Ескендір Хасанғалиев, Әсет Бейсеуов сынды композиторлармен де етене еңбек етеді.
Бұл жерде біз Бәкеңнің сазгерлік өнері туралы айтуды әдейі кейінге қалдырып отырмыз. Өйткені бұл кісінің қолтаңбасын паш ететін әсем сазды он жеті әнінің тарихы өз алдына бір-бір хикая. Сондықтан әнге жазған сөздеріне тоқталсақ дейміз. Бір ғана Сейдолла Бәйтерековпен бірігіп жазған «Әлия» әнінің өзі неге тұрады десеңші!? Мәтін мен әуездің ғажап бірлігінің арқасында туған бұл ән Роза Рымбаева сияқты әншіміздің атын аспандатып кеткеніне бүкіл ел куә.
Қобда, Нева суларын сүйіп өскен,
Әсем гүлін құшаққа жиып өскен.
Аққу құстың бейне бір баласындай,
Сұлу сазды, жастықтың күйін кешкен.
Әлия — ару қызы сен халқымның,
Әлия — батыр қызы сен халқымның,
Ерке құсы сен даламның! — деп Роза қарындасымыз шырқағанда, кімнің болса да сезіміне қанат байлап, ерекше әсер қалдырары хақ. Немесе Ескендір Хасанғалиевпен бірігіп жазған «Әдемі-ау», Еркен Слетдинов екеуі жазған «Қар жауып тұр», Кеңес Дүйсекеевпен бірге тер төккен «Қарагөзайым» әндерін алайық. Бұл әндердің қай-қайсысынан да ақын жүрегін жарып шыққан сөз ырғақтарының құдіретін танимыз. Ал өзі кейінгі кезде қанатына алып тәрбиелеген Ақтоты қарындасы екеуі тындырған шығармашылық еңбектері тіпті аңызға айналып кеткендей. Расында да, шынайы еңбектің шырайлы шырқауында шырқап шыққан әуезді, әсем әндер қай кезде де көп жасауға тиісті. Осы тұрғыдан алғанда ақын-сазгер ағамыздың жұрт жүрегіндегі бейнесі мәңгі өшпек емес.
Енді біз Бәкеңнің шығармашылығына тоқталатын болсақ, ең алдымен ауызға аларымыз — «Қара торғай» атты новеллалар жинағы, одан кейінгісі «Біздің Роза» очеркі мен «Сахна жұлдыздары» атты портреттер топтамасы дер едік. Ал «Балбұлақ», «Ән-дәурен», «Жүріп келем», «Дала жолдары», «Жыр-жолаушы» атты жыр жинақтарында оның қолтаңбасы айқын көрінеді. Осы жырлардың көпшілігі өзінің туған жері — Ақбұлағына арналып, Кенен атасына арнаған «Ақын атаны аңсау» болып, енді бірде ақын жанының жалпы қазаққа ортақ екендігін «Жем-Сағыз», «Қаратау», «Қостанай», «Ақ Жайық», «Алтын заң» деп паш етіп, одан әрі «Аппағым-ау, аппағым», «Жәмиланың әні», «Гүлсің-ау», «Жүрегім дүрсіл қағады», «Ана тілегі» болып өріліп, жан дүниеңді тербеп жүре береді. Ақын «Аппағым-ау, аппағым» өлеңінде:
Сәулем, сенің көзің-ай,
Жас ботаның көзіндей.
Тұңғиықтың өзіңдей,
Тұна қалған сезімдей.
Қасың — садақ керілген,
Қардай аппақ тамағың.
Оймақтайын ерінің —
Қызғалдағы даланың… — деп тебіренсе, «Гүлсің-ау» әнінде:
Қарлығаш, қанатты қасың бар,
Қара түн мақпалдай шашың бар.
Кең жазық ақ маңдай Ай ма екен,
Перизат өзіңдей қайда екен!
Гүлсің-ау, гүлсің-ау,
Айналайын, гүлсің-ау.
Қарсы алдымнан қашанда
Шалқып шыққан күнсің-ау, — деп әрі қарай шалқиды. Бұл жерде тек қана әдемі гүл емес, оның ар жағында сол гүлдей жайнаған қыз, тіпті адам баласының мәңгі жас көңілі менмұндалап тұрады. Яғни ақын — гүлге, гүл ақынға айналған тұтас бір табиғатты көреміз. Болмаса «Ақбұлақ» әнінің сөзін оқиық:
Күндіз-түні бір тынбай, дала кезген шапқылап,
Құмар едім өзіңе бала кезден, Ақбұлақ!
Әнге бөлеп маңайды, асып-тасып жатасың,
Ақ моншақтан аспанға шашу шашып жатасың.
Сенің келіп жағаңа Анам талай су алған,
Сенің келіп жағаңа әкем атын суарған.
Айналайын Ақбұлақ, асыр салып жағаңда,
Сенен артық өлкені бұл әлемнен табам ба?! — деп қайырмасын адам жанының үлкен толғанысымен қайырады. Ән мен мәтіннің бір-біріне мазмұндасып шырқалуы көп жайды аңғартқандай. Таулы, қыратты жерлерде ақбұлақтардың қаншасы бар және соның бәрінің әдемі көркі осы бір әннің айналасына шоғырланып, мазмұнды шолпысын адам сезіміне байлап тастағандай. Ақын бақыты мен сазгер бақыты деген осы болар, сірә?! Ақын бақыты демекші, жазушы Қалмұқан Исабаев ағамыздың өз аузынан естіген мына әңгіме ойыма оралып отырғаны. Қалмұқан аға 60 жасқа толғанда осы Бәкеңді ертіп Баянауылға, одан Сәтбаев шаруашылығына барады. Ертеңгілік ауыл ақсақалдары Қалекеңе сәлем беріп, намазымыздан қаламыз деп асығыс шығып кетеді. Артынша сол тобымен қайта оралып: «Мына қасыңдағы жігіт «Ақбұлақтың» авторы екен ғой. Бәкір айналайын, бізге сол әніңді өз аузыңмен айтып берші», — деп отырып алады. «Сөйтіп, ақсақалдардың намазының жайына қалғандарын да көргенмін», — деп күлетіні бар Қалекеңнің. «Тағы бірде біз Өзбекстанның Жизақ қаласынан жеңіл мәшинемен ел-елді аралап келе жатқанбыз. Қасымызда сол ауданның өкілі де бар. Жолда келе жатып, бір малшыны мінгізіп алдық. Кенет жүргізушіміз радионы қосып еді, біз дауысын бәсеңдет деп өтіндік. Содан соң жаңағы малшыға қарап: сізге дауысы анығырақ шыққаны жөн бе, әлде ақырын естілгені ме деп едім, әлгі кісі ойланбастан: «Егер Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлағын» айтса ғой шіркін, барынша айқын естілгені керек», — дегені. Мен оған: «Егер сіз тап қазір сол Бәкірмен бірге келе жатсаңыз, не істер едіңіз?» – деп көлденең сұрақ қойдым. Ол кісі нанарын да, нанбасын да білмей, бізге жалтақтап қарай берді. Шын сөзіміз екендігіне көзі жеткеннен кейін «түйе соям, үйге жүр де жүрдің» астына алмасы бар ма? Ақыр соңында ауданнан ерген өкілді алдыға салып зорға құтылдық. Сонда әлгі адам: «Осы аудан өкілдерінің де көлденең тұрмайтын жері жоқ», — деп, қолын бір-ақ сілтеген болатын.
Тағы бірде Талдықорған жақтағы бір елді мекенде бізді қарсы алған адамдарға өзімді «Бәкір Тәжібаевпын» деп әзілдей таныстырып, ақыр соңында олардың бәрі менің айналамнан шықпай қойған. Бәкірге сөз бергенде, қалың жұрт мені көрсетіп «өзі неге тұрмайды», — деп әлек салған. Кейін өзім орнымнан әлгіндегі әзіл әңгімем үшін үсті-үстіне кешірім сұрап, зорға құтылғаным да бар.
Сонау Түрікменстанның Ташауз қаласының маңайында бір шаруашылыққа ат шалдырғанымыз да есімде. Сол күні директордың әйелі толғатып перзентханаға түскендіктен, біздерді басқа бір үйге апарған болатын. Кенет манағы директорымыз кіріп келді де, бізді өз үйіне алып кетпек болды. Ақыры ол бізді үйіне апарды. Сөйтсек, әйелін перзентханаға орналастырып, көңілі жайланғаннан кейін, ауылына Бәкір Тәжібаевтың келгенін естиді де, орталықтан қашық болса да үйіне тартқан екен. Содан не керек, таң ата перзентханадан «ұлды болдыңыз» деген хабар жетіп және ол ұлдың атын Бәкір қойып, көңілдерін бір демдеген. Міне, бұл Бәкірлердің жүрген жерінде үнемі осындай жайларға тап болатынбыз», — деп Қалмұқан ағамыз өз сөзін рахаттана аяқтаған.
Бұл — тек қана Қалекеңнің әңгімесі, ал бұл кісімен сапарлас болған өзгелердің де мұндай қызықты әңгімелері аз болмаса керек. Қалай дегенде де бүкіл Қазақстан, қала берді бауырлас сырт елдер атын атап, құрметтеп жатса, өнер адамына бұдан артық бақыт бар ма!? Біздің Бәкең осындай жан еді. Ендігі жерде ағамыздың отбасын көгертіп-көктетіп отырған жеңгемізге және кіндігінен өрген бауырларымызға ұзақ ғұмыр тілейміз. Ардақты ағамыздың есімі ел жадында мәңгі жасай берсін.
Сейфолла ОСПАН,
ақын
«МЕНІҢ ТАҚЫРЫБЫМ — ТУҒАН ЖЕРДІҢ БҰЛАҒЫ, ТАБИҒАТЫ, ҚАЗАҚТЫҢ ДАЛАСЫ»
Уақыт жылдам, қазақ поэзиясындағы Бәкір Тәжібаевтың жырлары әнмен әрленіп, алаш аспанында шырқалғанына да көп жылдың жүзі болыпты
Мұхит әндерінің саздылығы, философиялық ерекшелігі мен халық әндерінің қасиетін бойына сіңіріп, туған елдің қадіріне жеткен ақын әрі сазгер Бәкірдің өмірден жинақтаған ой-толғамдарын өнерге бағыттағаны — оның жан тазалығы болса керек.
Сазгер ақын туған жер, өскен ел, дос-жаран дегенде, ойының мөлдірін, сағынышының ыстық ықыласын арнап, төгілте жыр жазар кездері де көп болған ғой.
Көзі тірісінде өз шығармашылығы жайлы Бәкең: «Бірінші, «Жас дәурен» деген ән шығардым. Оның өлеңін Қасым Аманжолов жазды. «Аппағым-ау», «Дала жолдары», «Ақбұлақ» әндерін жаздым. Туған жердің бұлағы, табиғаты, қазақтың кең сахара даласы мен үшін үлкен тақырып болды да, Болат Сыбанов, Қапаш Құлышевалар домбырамен орындады. Әншілерден ерекше атап кететін әншім — Роза Рымбаева. Ол менің біраз әндерімді шебер орындап, тыңдаушысына жеткізе білді. Сол үшін ризашылығым шексіз», — деп еді.
Жетпісінші жылдары әуе толқынынан жиі насихатталған Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлақ» әні ауыздан-ауызға тарап, көпшілік жүрегіне жол тапты. Ал бұл әнді алғаш орындаған семейлік әнші Болат Сыбанов әннің бағын ашып, өзі де ән арқылы танымал болды.
Бәкір Төлеуұлы 1926 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданына қарасты Ақбұлақ ауылында дүниеге келген. Елін сүйген ердің тамаша әні туған жеріне арналған екен. Бәкір 1941 жылдан бастап Темірдің педучилищесінде оқып, кейін аудандық газетте хатшы болып қызмет етеді.
1950 жылы Ақтөбе облысына арнайы сапармен барған жазушы Тахауи Ахтанов Бәкір Тәжібаевты кезіктіріп, оның бойындағы өнерге деген құштарлықты байқап, Алматыға алдырады. Бәкір оқуға түседі. Осы жайлы Бәкір Төлеуұлы көзі тірісінде айтқан екен: «Мен өзі жастайымнан өнермен, әдебиетпен шұғылдандым. Мен туған халық әндерін домбыраға қосылып айтып, жүрдім. Жиырма бір жасымда театр училищесін бітірген соң, мені Мәдениет министрлігі Жамбыл облысына жіберді. Екі-үш жылдан кейін Шымкенттің облыстық театрына шақырды. Онда бұрын жұмыс істеп кеткен жағдайым бар еді. Көп жыл жұмыс істедім. Әнмен қоса, драматургиялық шығармаларды дүниеге әкелдім. Еркеғали Рахмадиевтің «Қамар Сұлу» операсының либреттосын Нығымет Баймұхамбетовпен бірігіп жаздық. Ол опера театры сахнасында күні бүгінге дейін жүреді. Сосын көптеген таза драматургиялық пьесалар жаздым. Оларды айтсам, «Қаракөз қарындасым», «Ана жүрегі», екеуі де Ұлы Отан соғысына арналған. «Батақтың Сарысы» деген композиция, сол кісінің өмірінен «Түрмеден қашқан» деген музыкалық драма жаздым. Бұл шығармам да көптеген театрда жүрді. Семей, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда театры, Алматыдағы Мемлекеттік жасөспірімдер театры біраз шығармаларымды сахнаға шығарды».
Бәкір Тәжібаев облыстық театрларда еңбек етіп, 1958-1974 жылдары Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, кейін Алматы облыстық халық шығармашылығы үйінде, Қазақстан театр қоғамында кеңесші-әдіскер болып қызмет етті.
Бәкір Тәжібаев 1974 жылдан бастап шығармашылыққа біржолата бет бұрды.
«Көптеген әндердің дүниеге келуіне Еркеғали Рахмадиев, Ескендір Хасанғалиев, Әсет Бейсеуов, Сейдолла Бәйтереков, Төлеген Мұхамеджановтардың әсері болды. Ал енді Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Роза Бағланова сынды әншілер шығарған әндерімді жариялады» — деп, ағынан жарылған.
Ақынды қанаттандыра білген, бар жағдайын жасаған құдай қосқан қосағы Сапаркүл апай сол бір қимас шақты әр кез ерекше сезіммен еске алады: «1959 жылы Жамбыл қаласындағы нағашы ағамның қолында тұратынмын. Мен мектепте оқимын, он бес жастамын. Келсем, үйде бір жігіт отыр домбыра тартып. Келіп жүрген әртістердің біреуі шығар дедім де қойдым. Күнде келеді әлгі кісі, сосын бір күні:
— Сен менің жиен қарындасым боласың, — деді,
— Жарайды, ағай! — дедім. Бір күні айтты:
— Мен сені өз қолымнан күйеуге берем, — деді, тағы да:
— Жарайды, — дедім. Сөйтіп жүргенде екеуміз қосылдық. Мен мектеп қабырғасында оқимын, «жасы толмаған қызды алды» деп, Бәкірді соттамақшы да болды. Анам, әжем, нағашы ағам мен жеңгем бар, бәріміз бірге тұратынбыз. Содан Нұрдәулет Күзембаев деген ағамыз Шымкентте басшылық қызметте болатын. Бәкір соған кетті. Содан кейін сол ағамызға: «Қарындасыңызды алып едім, қудалап жатыр» десе, «бәрін көшіріп алып кел!» деген екен. Содан ағамыз мені училищеге түсірді. Бәкір Шымкент театрына кірді, сөйтіп, тұрып жаттық. Әртістердің әрқайсысы келіп «Бұл кім?» деген сұрақты көп қоя берді. «Әйелім» деп айта алмайды, «қарындасым» деп әрең құтылатын…».
Сүйгеніне қосылған Бәкір жұбын жазбай, бақытты өмір сүрді. Ал ақын әрі сазгер, драматург Бәкір Тәжібаевтың туындылары өз кезегімен жарық көріп жатты.
Иә, автордың «Қараторғай» атты новеллалар жинағы, одан кейін «Біздің Роза» очерктер жинағы мен «Сахна жұлдыздары» атты портреттер топтамасы, «Балбұлақ», «Ән-дәурен», «Жүріп келем», «Дала жолдары», «Жыр жолаушы» атты жинақтары көзі тірісінде жарық көрді. Ал біздің алтын қорымызда сақталған екі жүзден аса әндерінің ішінде шоқтығы биігі — Сейдолла Бәйтерековтың «Әлия» әні. Бұл әнді алғаш орындаған Роза Рымбаева Сопотта өткен Халықаралық ән фестивалінде Гран-при сыйлығын жеңіп алды. Ән әншіні, әнші әнді дүниежүзіне паш етті. Ал әннің авторлары Сейдолла мен Бәкір сол қуаныштың куәсі болып, мерейлері өсті. Осы жайлы Сапаркүл апамыз: «Әлия Молдағұлованың маған анам жағынан туыстығы бар. Бәкір анам екеуі отырып шай ішеді ғой, сонда жазған өлеңдерін екеуі талдайды. Сосын Әлия туралы әңгіме болып қалғанда: «Апа, айтып берші», — деп жалынып, көп нәрсеге қанық болады. Осында Әлия Молдағұлованың нағашы ағасы да болды. Әубәкір Молдағұлов дейтін кісі, соғысқа қатысқан.
Бір күні үйге жас композитор Сейдолла Бәйтереков келді. «Ой, аға, өлеңіңіз әнге сұранып тұр екен, мен бір ән жазайын», — деп, кешке дейін екеуі осы әнді жазып шықты», — деп еске алды.
Бәкір мен Сапаркүлдің Алладан сұрап алған ұл-қызы ата-анасының қуанышы еді, қыздары Айжан ерте дүние салды. Ендігі үміт Жасұландай ұлда еді…
Жасұлан әкесі жайлы былай деп сыр ақтарған еді: «Әкемнің дүниеден өткеніне де біраз жылдың жүзі болды. Мінезі қызық адам болатын. Кішкентай бала секілді, бір адамның айтқанына сеніп, шын көңілмен «рас» деп санайтын. Қолынан келсе, елдің бәріне көмек көрсететін. Өзі әдебиетке жақын болғаннан кейін, мені де әдебиетке баулыды.
Жалғыз болып өстім, кішкентай кезімнен оқуыма қатты қарайтын. «Сабақтарың қалай, кейін ұят болып қалмасын» деп, ылғи айтып отыратын.
Әкем негізінен түнде жазатын, таңғы бестерге дейін жазу жазады, содан түске дейін ұйықтайтын. Әжеммен шай ішіп, шығармашылығын талдайтын. Мінезі тік болатын. Айналасындағылардың қатесін бетіне айтатын, бірақ зілі болмайтын. Жас композиторларға ақыл-кеңес айтып, қолынан келген көмегін аямайтын. Кішкентай кезімізден бастап, әншілер мен ақын-жазушылардың ортасында өстім. Олар біздің үйде ән айтып, күй тартып, думандатып отыратын».
Ал ақын Сейфолла Оспанның мына естелігі ерекше есте қаларлық: «Өзбекстанның Жизақ қаласынан ел аралап келе жатқанда жолда бір малшы мәшинеге мінді. Кенет жүргізушіміз радионы қосып еді, біз «бәсеңдет» дедік. Сонда малшы:
— Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлағын» айтса ғой, шіркін, онда радионы қатты қояр едік! — деп армандады. Сонда:
— Егер сол Бәкірмен бірге келе жатсаң, не істер едің? — дегенімде, әлгі кісі бізге жалтақтай қарай берді. Анық-қанығын білгеннен кейін қуанып, «Түйе соям, үйге жүріңдер», — деп, жабыса кетті».
Ел арасында Бәкір Тәжібаевқа қатысты осындай әңгімелер айтылады. Өнерді сүйген халық Бәкір ағамызды ерекше құрметтеген.
Ақын әрі сазгер, драматург Бәкір Тәжібаев — мың бұрала аққан Сағыз бен Жем өзендерінің бойын мекен еткен әнші-күйшілердің өнерімен сусындаған дала дарыны. Атасы Қоныс жырау да өнерлі жан еді, ал әкесі Төлеу мен анасы Тәжен ойын-сауықтың көркі болған ауыл өнерпаздары болатын. Туған топырақтың қасиетін бойына дарытқан Бәкір Төлеуұлы Ескендір Хасанғалиевтің «Әдемі-ау», «Алматының алмасы», «Елігім-еркем», «Есіңе ал», «Ауылым-әнім», Нұрғиса Тілендиевтің «Аққұсым», Кеңес Дүйсекеевтің «Қаракөз», Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әндеріне өлең жазса, өз әндерін де біздің алтын қорымызға жазып қалдырды. Әлі күнге маңызын жоғалтпаған екі жүзден аса ән жас орындаушылардың әрлеп орындауында қайта жаңғыруда.
Бәкірдің ұлы Жасұлан мен келіні Гауһардың батыр есімін иемденген Әлия атты қызы өнерге әуес. Ол Нұрсұлтан Назарбаев зияткерлік мектебінің сегізінші сыныбында оқиды, фортепиано аспабын үйреніп, білімін жетілдіріп жүр.
Біз тамылжыған әсем әндері мен сырға толы жыр-маржандарын халқына рухани азық етіп қалдырған біртуар дарын иесі, арқалы ақын, сырбаз сазгер Бәкір Тәжібаевтың шығармаларының дәуір үнімен үндесіп, талай ғасырға жететініне сенімдіміз.
Мәңгілік тақырып махаббат дейтін болсақ, тыңдаушының жан дүниесіндегі құпия сырды нәзік сезіммен тербеп, теңіздей толқытар әнімен, жырымен туған халқымен бірге жасайтын тамаша суреткердің еңбегі әлі де талай әңгімеге арқау болары сөзсіз.
Алтын ИМАНБАЕВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің меңгерушісі.
Бәкір ТӘЖІБАЕВ
Ақши
Өзгеден оқшау бөлініп,
Өршітіп бойда жалынды,
Балағы балғын төгіліп,
Ақшиім көзге шалынды.
Өзінен ырыс тап болған,
Өлкені мұндай таба алман!
Сезімге сая бақ болған
Мен үшін Ақши — ақ орман.
Ақ қоян ағып өткенде,
Жанардан ұшқын шашылды.
Лау ете қалып от кеуде
Лап етіп қайта басылды.
Әсерге алуан тоям ба-ай!
Әйтсе де бойды басты мұң.
Жарқ етіп қашқан қояндай,
Жалт берген мұнда жастығым!..
***
Ойласаң мені,
Қаланың таныс жолдарыменен жүргейсің,
Сонда да мені жанымда бар деп білгейсің.
Түнде сен жүрсең,
Шамдарға жанған қарарсың,
Шалқып бір жүрген шақтарды еске аларсың.
Алдыңнан өтсе ағылып такси жүздеген,
Бірінде соның мен бармын, сәулем,
Мезгілсіз уақыт тыншымай сені іздеген.
Жайнаған гүлім,
Жабырқап көңілің кез болса мені сағынар,
Өзіңе таныс үйдің аш, сәулем, есігін,
Тұтқасында оның алақанымның ыстық табы бар…
Сағынсаң мені,
Сал-домбыраны сазымен шертіп байқарсың.
Сыйлаған саған сүйікті әнімді айтарсың.
Сағынсаң мені,
Өзенге бар да, толқынға қара,
Дүниеге сыймай ұрынған,
Таба алмай тыншу тынымнан,
Жүгірген толқын — жүрегім ғой менің
Алдыңа келіп жығылған!..
Ырғыз
Еркесі бұл аймақтың Ырғыз деген,
Жайнаған ұл мен қызын жұлдыз дер ем.
Құшағын кеңінен ашып жайраңдайды,
Алыстан қонақ келсе жырды іздеген.
Бұл мекен неткен кербез, керім еді?
Көзіме жалқындай боп көрінеді.
Бір-бірін Ырғыз, Торғай іздеп тауып,
Сұлудың бұрымындай өріледі.
Көрдің бе мұндай асыл, бай даланы!?
Жанымды әсем әуен аймалады.
Киіктер қойдай өріп құба белде,
Аққулар айна көлді айналады.
Ақкөңіл азаматын жағаладым,
Жақсыны қайдан мұндай таба аламын!?
Туыстық сезімінің сазын түйіп,
Тербеттім қанатында шағаланың.
Нұраны қиып қалай кете берем,
Мамырға барсам деп ем төтеменен…
Қонағын қызықтатқан кең жайлаудың,
Жолдары қиырына жетелеген.
Байтақ көл шалқып-тасып, шайқалады,
Бойында жасыл қамыс жайқалады.
Суында тайдай тулап балықтары,
«Гәкку» ғой аруының айтар әні.
Көлбейтін нұр шуаққа далаң толып,
Көңілім тұр-ау саған алаң болып.
Бабыңды әнмен тапсам, арманым не,
Ырғызым, жүрегі ыстық балаң болып?
***
Ауылға барғанда
Ауылым, хош иісті гүл-ау далаң,
Үстінде қыратыңның күн аунаған.
Шалқымай көңіл шіркін қала ала ма,
Түтінің қолын бұлғап тұр-ау маған.
Көгіңе сурет салып бара жатыр,
Тізбекті тырналарың тыраулаған.
Айнымай анадайдан естіледі,
Әнеки, әкем даусы «құраулаған».
«Шәйт, шәйт» келе жатыр ат үстінде,
Қаптатқан ақтылы қой дырау балаң.
Өзіме домбырасын сыйға тартқан
Нұрпейіс Байғаниндей жырау бабам…
Қарлығаштар
(Осип Колычевтан)
Египетке бет түзеп…
Өршілдік пен өжеттікте шыңдалған!
Серпін күші қыңбай өткен сындардан
Қанатының сүйір келген ұшы бар,
Қаршадай құс, жүрегінде, —
Жүз мың аттың күші бар!
Жасұланға
Саған арнап гүл егіп,
Саған саулық тіледім.
Сен деп соққан жүрегім,
Таянышым-тірегім!
Сен деп шалқып, күлемін,
Сайыпқыран түлегім!
Ожданыма дақ салмай,
Өсер-ау! — деп жүремін!
Жалғыз құсым — қадірлім,
Жапа шекпей келесің.
Жұрт өзіңді Бәкірдің
Жасығы ғой демесін!
Қиындықтан жеңілме,
Ойға аларың көп әлі.
Опық жесең өмірден,
Көтер басың жоғары!
Мені қалай түсіндің,
Кейінгіге айтарсың.
Бітпей қалған ісімнің
Қарымтасын қайтаршы!..
Ұқсастық
Айтылған сөз бар: «Табиғатқа адам тартқан!» — деп,
Сол рас шығар.
Ұқсастық жағы айтсаң көп;
Кей уақытта сезім — күндей жадырап қалады.
Кей уақытта теңіз толқынындай ойнақ салады…
Кей уақта мінез — ауа райындай құбылған,
Ал ойың — өзен секілді,
Кең далада қыдырған…
Жыраулар
Махамбетше мақамдау
Тосыннан өнер бастамай,
Өрлеген сайын баспалай,
Өлеңін елі қоштамай,
Өргенде сөзін таспадай,
Көп шешенді артқа тастамай,
Төндіре, төне жұтынып,
Төгілген сайын құтырып,
Аузымен құсты тістемей,
Еркіндік, ерлік істемей,
Жырауың жүйрік атанбас!
Тебіреніп ойды ауламай,
Жебедей сөзі зауламай,
Жамбысы жерге аунамай,
Тыңдаған шақта қаумалай,
Жұртының жанын баурамай,
Жалындай болып қауламай,
Елінен алғыс — бата алмас,
Жырауың мерген — атанбас!
Жаралып айтқыр тумыстан,
Өн бойын шабыт, күй қыспай,
Шыныққан шымыр құрыштай,
Болмаса тілі — қылыштай,
Түскенде небір сайысқа,
Тұрса ғой нардай қайыспай,
Демімен нанды пісірмей,
Алысқанын түсірмей,
Тереңнен тартып толғаса —
Алыс бір тұсты шолмаса,
Айтқаны кәміл болмаса,
Жырауың — жырау атанбас!
Төгілтіп төгер жыраулар,
Дәстүрден қалған сұрау бар:
Жапырлап тұрған жұлдыздай,
Насихат айтып ұл-қызға:
Жаманды жерден тұрғызбай,
Еліме етші жария!
Бүгінгі дәулет — дария,
Гүлденіп тұрған жерім бар,
Тасыған судай кенім бар,
Еңбекте талай ерім бар,
Соларды жырға қосып айт!
Теңіңнің аузын шешіп айт!
Нұр құшып күннен өсіп айт!
Халқымның гүлі — жыраулар,
Халқымның тілі — жыраулар.
Мен туған жер
Бір жағында болатын,
Ақ селеулі қыры бар.
Бір жағында болатын,
Сары алтындай құмы бар.
Ағашында жиде өскен,
Ақ шаңқандай жары бар.
Ши түбінде жуа өскен,
Ақ тоғайы тағы бар.
Шағылынан миуа өскен,
Ақ қояны қашатын.
Аршынынан асырмай
Құмай тазы басатын.
Бөкенбайдың сайында,
Ақбұлақтың бойында,
Дүниеге келіппін,
Қызық-дәурен көріппін,
Той-думаны қызғанда
Жүйрік мініп желіктім.
Бір құдірет аямай,
Ән мен күйді серік қып,
Жүрегіме беріпті!
«Торы ат»
Қазанғап монологі
Сақтадым баптап жасыңнан,
Сипадым кекіл-шашыңнан.
Үйренген жемге жануар,
Ұзамаушы едің қасымнан.
Сүйрік те берсем суырып,
Сүңгідей мойның сұғынып.
Келуші едің алдыма,
Иеңнің жанын ұғынып.
Тілерсектерің шымырлы,
Жылтырап жоның жұмырлы,
Шырақтай жанып көздерің
Жібектей жалың жығылды.
Делдиіп біткен танауың,
Аңқиып жатқан омырауың,
Сәйгүлік болып туылған
Сенсің ғой торы ат — қалауым!
Құнаныңда ер салдым,
Дөненіңде жер шалдым.
Суырылып талай келгенсің,
Бестіңнен бермей бәйгі алдын!
Ел қайран боп қалатын,
Менің ұшар қанатым,
Қасиетіңді қаншама,
Күйіме қостым, торы атым!
Ақбұлақ
Күндіз-түні бір тынбай, дала кезген шапқылап,
Құмар едім өзіңе бала кезден, Ақбұлақ!
Әнге бөлеп маңайды, асып-тасып жатасың,
Ақ моншақтан аспанға шашу шашып жатасың.
Сенің келіп жағаңа анам талай су алған.
Сенің келіп жағаңа әкем атын суарған.
Айналайын Ақбұлақ,
асыр салып жағаңда,
Сенен артық өлкені бұл әлемнен табам ба?!
Шексіз жатқан жерімді сүйіп келіп жатасың,
Бойыңдағы барыңды үйіп беріп жатасың.
Тынбай кезсең даламның атырабын, Ақбұлақ.
Тұнығыңнан жайқалған жапырағым, Ақбұлақ.
Сұлу саздан сән беріп, бір тынбаған Ақбұлақ,
Қыз-жігіттен жасырын сыр тыңдаған Ақбұлақ.
Со бір сырды жасырын ала қашқан Ақбұлақ,
Арынынан басылмай далаға асқан Ақбұлақ.
Арудайын еркелеп мың бұралған Ақбұлақ,
Мөлдіріне арайды күннен алған Ақбұлақ.
Сен болмасаң, түз гүлі ашылмайды, Ақбұлақ.
Саған деген құмарым басылмайды, Ақбұлақ.



