Әлеумет

Орталықта түнеп жүр үйсіз-күйсіз талай жан…

Ақтөбе қаласында тұрмысы ауыр жағдайдағы адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған бейімдеу орталығы бар. Үй-күйі жоқтар орналасатын бұл жерді халық «бомжатник» деп атап кеткен. Тағдыр тауқыметін талай тартқан, сөйтіп, өмірдің сан қилы сынақтарында сүрініп, сәтсіздіктерден соң, сүреңсіз жолға түсіп кеткен тағдыр иелері осы жерді мекен етіп жүр. Аталған орталық директоры Сабырғали Дәулетовпен әңгімелескен едік…

Орталық басшысының айтуынша, арнаулы әлеуметтік қызмет алушылар аталған мекемеде тәулік бойы тұрақтай алады немесе тек түнгі уақытта ғана қонып кетуіне мүмкіндігі бар. Бұл орталықта күндізгі және түнгі бөлімдер бар, сондай-ақ отбасылық тұрмыстық оқиғалардың жәбірленушілері аталған мекемеге қарасты тұрмыстық-зорлық-зомбылық бөліміне орналаса алады екен.

Біздің орталықтың мақсаты — адамға тек жататын орын беріп қана қоймай, оларды әлеуметтендіріп, қазіргі өмірге бейімдеу. Үйі-күйі жоқ жандардың ең басты қиындықтары — қандай да бір құжатсыз қалуы. Осы орайда біздің орталық мамандары құжаттарын қайта қалпына келтіруге көмектеседі. Зейнет жасындағылардың құжаттарын зейнетақыға рәсімдейді. Құжатын қолына алып берген соң, маңдай тіреп барар жері жоқ зейнеткерлерді қарттар мен мүгедектер үйіне жібереміз.

Қазіргі таңда орталықта 51 қызмет алушы бар. Негізі, 65 кереуетке арналған. Сосын түнгі бөлім және тұрмыстық зорлық-зомбылық жәбірленушілеріне арналған бөлімнің әрқайсысында 20 кереуеттен бар. Жалпы, орталықтың уақытша тұрғынына әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-еңбекке баулу, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық секілді 7 бағыт бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі, — дейді орталық басшысы Сабырғали Дәулетов.

Арнаулы қызметтерге жекелей тоқталсақ, бұл жерге келген адамды әуелі қабылдап, уақытша орналастырып, тамақтандырып, төсек-орын беріп, құжаттарын қайта қалпына келтіреді. Қызмет алушылар орталық бекітілген №5 қалалық емханадан медициналық тексеруден өткізіледі. Егер жүре алмайтын болса, орталық қызметкері арбаға отырғызып, көлікпен апарып-алып келеді. Кейін психологтар жағдайын сұрап, әңгімелеседі. Қызмет алушылар мұнда тынығып, мәдени шараларға қатыса алады. Сондай-ақ орталықта қызмет алушыларға әлеуметтік-еңбекке баулу бағыты бойынша біраз қызметтер көрсетіледі. Айталық, қандай да бір кәсіпке баулиды. Тіпті жұмысқа орналастырылады. Сабырғали Дәулетов былтыр қызмет алушылардың 12-сі, ал биыл 3-еуі жұмысқа орналасқанын айтып отыр. Орталыққа келген әрбір үйі-күйі жоқ жанның құжаттарын қайта қалпына келтіру үшін бұрын жүріп өткен жолдарына сұраныстар жіберіледі, мұнда зейнет жасындағылардың зейнетақы алуына да көмек беріледі. 

БІЗДІҢ ДЕРЕК

  • Венгрияда үйсіздерге тыйым салатын заң бар. Соған сүйенген венгер полициясы көшеде өмір сүретіндерді арнайы орталықтарға апарып тапсырады.

  • Ұлыбританияның кейбір қалаларында үйсіздерге көмек беру мақсатында материалдық заттарды қабылдайтын терминалдар орналастырылған. Ал қайырымдылық ұйымдары мұқтаж жандарға тамақ, гигиеналық құралдар мен басқа да заттарды терминалдан алуға мүмкіндік беретін карталарды үлестіреді.

  • Америкада үйсіздердің шатыр лагеріне рұқсат берілген. Кейбір шатырларда теледидар, компьютерлер де болуы мүмкін. Бұл жақта сырттай қарағанда үйсіздердің тұрмысы жақсы көрінеді.

  • Оңтүстік Азиядағы Бутан елінде көшеде өмір сүріп жатқан адам таба алмайсыз. Егер адам қандай да бір оқиға болып, үйінен айырылса, жағдайын корольге жеткізеді. Ал король далада қалған адамға үй салып, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін жер береді екен.

  • Израильде әлеуметтік қызметкерлер үйсіздерге арзан немесе тегін хостел, қонақүй немесе бөлме іздестіреді. Бұл процесс өте баяу жүреді. Себебі үйсіздердің үштен бірі — эмигранттар, яғни иврит тілінде сөйлемейтіндер немесе дұрыс білмейтіндер. Бұл елде жергілікті «бомждар» туристерге қаланы көрсетумен табыс табады екен.

Орталық басшысының айтуынша, кейде орталыққа қала тұрғындары хабарласады: «біздің подъезде немесе үй жақта «бомж» немесе көше кезбесі жүр» деп. Көбіне үйі-күйі жоқ жандарды орталыққа мобильді қызмет көрсететін топ — әлеуметтік патруль алып келеді екен.

— Алайда біздегі кереуеттер көктем шыға босап қалады. Көбі орталықта қыстап шығып, күн жылығанда үйреншікті «кәсібіне» — қала көшесін кезіп жүруге қайта оралып жатады. Тіпті жылдар бойы келіп-кетіп жүретін адамдар болады, — дейді Сабырғали Дәулетов.

Мысалы, 2013 жылы осы орталыққа қызмет алуға келгендердің бірі — 1946 жылғы Мыңтұрған Жулаханов.

— Негізі, туған жерім — Орынбор облысы Ақбұлақ ауданы. Бұрын Алға ауданында тұрғанмын, 1985 жылы үйім өртеніп кетті. Ертеде әйеліммен ажырасып кеттім. Бір қызым болған, қазір қатыспаймыз. Жақын ағайын, туыстарым да жоқ. Сотталған жоқпын. Орталыққа ең алғаш келгенімде өзіммен бірге не әскери билетім, не туу туралы куәлігім, не еңбек кітапшам, әлде неке куәлігім болған жоқ, тіпті ескі төлқұжатым да болмады. Ақтөбе қаласының көші-қон полиция бөлімі арқылы құжаттарымды түгендеп жинауға орталық мамандары көмектесті. Жақында азаматтығы жоқ адамның куәлігін алдым. Сәуір айында зейнетақы алатын құжаттарым реттелді. Уақытша болғандықтан, жылдар бойы келіп-кетіп, осы жерді паналап келдім. Мұнда жататын жер мен үш мезгіл тамақ бар. Мен сияқты үйі-күйі жоқ, жалғыз қалған қарттарды далаға тастамай, қамқорлық танытып, құжат реттеуге көмектесетін осындай орталықтың барына рақмет, — дейді жетпістен асқан жалғызілікті Мыңтұрған Жулаханов.   

Ауыр тұрмыстық жағдайдағы адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықтың әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Райса Дармышеваның айтуынша, азаматтығы жоқ адамның куәлігіне ие болған қызмет алушының құқықтары Қазақстан Республикасы азаматтарымен бірдей, тек шетелге шыға алмайды. Мысалы, Ресейде туған, бірақ Ресей азаматы деген анықтамасы болмаған адамдарға осындай куәлік беріледі екен. Енді Қазақстан Республикасы азаматтығын алу үшін тағы құжаттар жинап тапсыру керек. Содан кейін ғана Мыңтұрған Иманиязұлы жеке куәлікке ие болады.

Ал қазіргі таңда орталық мамандары зейнеткерді қарттар мен мүгедектер үйіне жіберуге дайындап жатыр, яғни әуелі медициналық тексерістен өтеді, сосын  жолдама беріледі.

Қызмет алушы статусын «бомждарға» айналдырып алған жандар жұмыстан қашпайды, жұмыс істеуге ниеті жоқ қаңғыбастар мен күн ұзақ көшеде алақан жаятын қайыр сұраушылардан бір ерекшелігі де — осы. Көріп жүргеніміздей, «бомждардың» дені бос бөтелке терумен, қоқыстарды іріктеп, жіктеп-бөлумен, аула сыпырумен айналысады. Әрине, араларында алкогольді ішімдікке салынғандары да бар.

P.S. Тағдырдың тәлкегімен қазір үйсіз-күйсіз көшеде қалған «бомждар» да бiр кездері отбасылы, жұмысбасты болған. Сәтсіздіктердің құрбаны болған «бомждар» да — қоғамның бір мүшесі. Кімнің болса да үйсіз далада қалмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды емес пе?

Ендеше, айналаңызда үйі-күйі жоқ, қандай да бір себеппен құжатын жоғалтқан, жалғыз қалған жандар болса, орталыққа хабарлауыңызға болады. Ақтөбе қаласында ауыр тұрмыстық жағдайдағы жандарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықтың байланыс телефоны: 21-59-77, 21-79-59, 21-39-10 әлеуметтік патруль.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button