Әлеумет

«Қызыл Айдың» қайырымы

Қазақстандағы Қызыл Ай қоғамы — халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Ай қозғалысының бір бөлігі. Бұл ұйым —  әлемдегі ең ірі және құрметті гуманитарлық қауымдастық.

Ақтөбе облысындағы Қызыл Ай қоғамы туралы мәліметтерді қарасақ, өңірде 1921 жылы алғашқы әйелдер мен балалар консультациясы құрылғаны туралы айтылған.

1946 жылдан бастап Қызыл Крест қоғамының алғашқы ұйымдары жұмыс істей бастаған. Оның мүшелігіне кәсіпорындар, зауыттар, оқу және медициналық мекемелер ұжымының барлық мүшелері кірген.

Қызыл Крест қоғамы бұқаралық-сауықтыру, санитарлық-профилактикалық және эпидемияға қарсы жұмыстарды жүргізуде денсаулық сақтау органдарының бірінші көмекшісі болды.

Қызыл Крест ұйымы сондай-ақ денсаулық сақтау органдарына халықтың денсаулығын сақтауда пәрменді көмек көрсетті (Бұл туралы 1953 жылғы 31 қаңтардағы №21 (5879) «Актюбинская правда» газетінде көрсетілген).

Кәсіпорындар мен мекемелерде құрылған санитарлық бекеттер маңызды рөл атқарды. Біздің облыста осы жылдары Қобда, Ырғыз, Новоресей, Мәртөк аудандық Қызыл Крест комитеттері, облыстық промбанк бөлімшесінің, Ақтөбе электр станциясының, ет комбинатының, теміржол техникумының алғашқы ұйымдары белсенді жұмыс істеді.

Ақтөбе облыстық Қызыл Крест ұйымы медицина қызметкерлеріне баға жетпес қызмет көрсетті. Олар санитарлық-алдын алу жұмыстарын жүргізуге көмектесіп, медициналық білімді насихаттады. Халыққа медициналық қызмет көрсетуді жақсарту бойынша маңызды міндеттерді шешу Қызыл Крест қоғамдық белсендісінің кең қатысуынсыз мүмкін емес еді.

1957 жылдан бастап Ақтөбе облысының Қызыл Крест қоғамы мектептердің санитарлық бекеттерін қарап шықты.

1960 жылдан 1996 жылға дейін Қызыл Ай қоғамында қайырымдылық қызметі болды, олар  жалғызбасты зейнеткерлерге, мүгедектерге үйде көмек көрсетті.

Қызыл Ай қоғамының Ақтөбе филиалында әртүрлі жылдарда қоғам төрағасы болып Н. Бучацкий, А.Галенко, Б.Моисеев, Н.Волошин, В.Крыжановский, К.Пикинерлер қызмет атқарды.

25 ОТБАСЫҒА КӨМЕК КӨРСЕТТІ

 8 мамырда Қызыл Ай қоғамының облыстық филиалы қиын жағдайға тап болған  25 отбасыға 115 мың теңге көлемінде көмек көрсетті. Сондай-ақ Біріккен  Араб Әмірлігі Қызыл жарты ай қоғамы 4 100 000 теңге бөлді. Бұл қаржы  LCWaikiki дүкенінен киім сатып алуға жұмсалады, яғни көлемі 25 мың теңге болатын 164 сертификат таратылды.

Сондай-ақ Ақтөбе гуманитарлық колледжінің  оқытушысы,  ерікті Гүлсім  Наменова  ақшалай көмек көрсетті.  Ол әрқашан қоғам ұйымдастырған барлық іс-шараларға қатысып жүр. Бесінші мамырда қоғамның  еріктілері қала ішіндегі вакцинациялау пункттерінің  алдында ақпараттық жұмыс жүргізді. Коронавирустан сақтану туралы жазылған парақшаларды таратты.  Індеттің алдын алу үшін қоғамдық көліктерде бейнероликтер орналастырылды. Қала көшелеріне билбордтар ілінді, — деді облыстық филиал директоры Нұрлан Үдербай.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Қызыл Ай қоғамы бүгінге дейін бірқатар игілікті жобаларды жүзеге асырды. Атап айтсақ,

«Арал теңізі» жобасына Мұғалжар, Ырғыз және Шалқар аудандарындағы 18 ауылдың 16 822 тұрғыны қатысып, елді мекендерде Қызыл Ай қоғамының бұрыштары ашылды. Мұғалжар ауданы Жұрын ауылында 490 мың теңгеге 5 құдық тазаланды.

2011 жылы жапондық Қызыл Кресттің қолдауымен «Қазақстандағы еңбек көші-қоны» жобасы іске асырылды. Бұл жоба бойынша еңбек мигранттарына заң және әлеуметтік көмек түрінде қолдау көрсетілді. Ал 2017-2020 жылдар аралығында туберкулездің алдын алу бойынша тренингтер, кездесулер ұйымдастырылды. 11 адам жұмысқа орналастырылды.

Қазіргі таңда облыстық филиал — төтенше жағдай бойынша Қызыл Ай қоғамының батыс аймақтық орталығы. Мұнда отбасы мүшелерін іздеуге және туыстарымен қарым-қатынасты сақтауға, көшіп-қонуға, сондай-ақ әлеуметтік қиын жағдайда қалған адамдарға (көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасылар, мүгедектер, жалғызбасты зейнеткерлер, төтенше жағдай кезінде зардап шеккен жалғызбасты аналар, мигранттар) гуманитарлық көмек көрсетеді. Мәселен, 2016 жылы «Жетім балаларға көмек» бағдарламасы бойынша 1 093 570 теңгеге тігін машиналары мен ірі қара малы сатып алынды. Мүгедектерге, жетімдерге, жалғызбасты зейнеткерлерге 3 777 500 теңге мөлшерде көмек берілді. 2017 жылы су тасқынынан зардап шеккен 47 отбасына 2 000 000 теңге қолдау көрсетілді.

Жыл сайын Қызыл Ай қоғамының Ақтөбе филиалы «Қайырымдылық жолдаулар» акциясын ұйымдастырады. Акция жанашыр, мейірімді жандардың қаржылай қолдауымен өткізіледі, бұл қайырымдылық акция аясында бүгінге дейін 68 отбасына 356 915 теңгеге азық-түлік таратылды. Ал 2019 жылы Арыс қаласындағы зардап шеккен отбасылардың 200 баласына облыстық филиал атынан киім-кешек пен кеңселік тауарлар табысталды.

«The Coca-Cola Foundation» ұйымының қолдауымен Ұлттық сараптама орталығы Ақтөбе филиалына 2 500 000 теңге тұратын медициналық құрылғылар табысталды.

Қызыл Ай қоғамының облыстық филиалы өткен жылы 5 гуманитарлық транш ұйымдастырып, көмекке мұқтаж 57 отбасына азық-түлік пакеттерін, шаруашылық тауарларын таратты. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде 384 отбасына жалпы мөлшері 3 млн теңгеге гуманитарлық көмек көрсетілді. Ал 2 500 000 теңгеге медициналық құралдар сатып алынып, медициналық мекемелерге тапсырылды.

Нұрлан ҮДЕРБАЙ,

Қызыл Ай қоғамы облыстық

филиалының директоры.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button