БілімБасты жаңалықтар

ҰБТ-ның қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуді тапсырды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге дайындық мәселесі талқыланды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалардың басшылары, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері қатысты.

Жиында алдымен облыс әкімі өңірде вакцинация бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Коронавируспен ауыру динамикасы азайып келеді. COVID-19-бен ауыратындар санының өсуіне жол бермеу мақсатында халықты вакцинациялау шараларын жандандыру керек. Бұл қорғанудың ең тиімді шарасы, — деді Оңдасын Оразалин.

Бұдан кейін жиында ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге дайындық мәселесі қаралды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан биылдан бастап тестілеу форматының түбегейлі өзгергенін жеткізді.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын түлектердің өтініштері Ұлттық тестілеу орталығының сайтында online түрде тіркеледі. Облыс мектептеріндегі 7483 түлектің тіркелген 6603-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. 6 және 8 мамырда өткен тестілеуді 558 түлек тапсырды. Тест тек электронды түрде, «бір тесттен өтуші – бір компьютер» қағидасымен өтеді, — деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста үш тестілеу орталығы бар: Шалқар ауданының Шалқар қаласында 80 орындық, Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында 60 орындық және Ақтөбе қаласында 150 орындық. Карантин шектеулеріне байланысты отыратын орындардың ең көп​ саны 50-ден аспайтын болады.

Биыл алғаш рет түлектерге ҰБТ-ны екі рет ( мамыр және маусым айларында) тапсыру және ҰБТ-ның ең жақсы нәтижесімен білім грантын иелену байқауына қатысу құқығы беріледі. Олар тестілеу қорытындысын аяқталған бойда біле алады.

Рұқсат етілмеген заттардың қолданылу дерегін автоматты түрде анықтайтын арнайы компьютерлік бағдарлама ережелердің сақталуын қадағалайтын болады. Бұл жағдайда тестілеу тоқтатылып, нәтижесінің күші жойылады. Тестілеу барлық санитарлық талаптарға сәйкес өтеді.

Облыс басшысы ҰБТ-ны өткізу кезінде санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырды.

Тестілеу нәтижесі — балалардың ертеңгі болашағы. Біз өз тарапымыздан олардың емтиханды тыныш, қолайлы жағдайда тапсыруы үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Бұл мәселеге жауапкершілікпен қарап, алдымен, коронавирус инфекциясын жұқтыруға жол бермей, ұлттық бірыңғай тестілеудің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуіміз керек. Балалардың тестілеу орталықтарына барлық қауіпсіздік шараларды сақтай отырып жетуін ұйымдастыру қажет, — деді О.Оразалин.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button