Құқық

Мүгедек балалардың құқықтары бұзылған

Прокуратура

Өңірдегі мүгедек балалардың құқықтары бұзылған. Прокуратураның тексеру қорытындысында 13 баланың әлеуметтік құралмен қамтылмағаны анықталды. Сондай-ақ колледжде оқитын мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдерге тиесілі мемлекеттік стипендия төленбепті. Бұл туралы облыстық прокуратура ғимаратында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Ақтөбе қаласы Астана ауданының прокуратурасы арнайы білім беру мекемелерінде 2019-2020 жылдар аралығы және 2021 жылдың І тоқсаны бойынша кәмелетке толмағандардың, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ қаржы жұмсаудың және т.б. заңдылықтың сақталу мəселесіне тексеру жүргізді.

Тексеру барысында  кәмелетке толмаған 13 мүгедек баланың жеке оңалту бағдарламасының негізінде әлеуметтік құралмен қамтамасыз етілмегені анықталды.

Қазір прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде 7 бала 11 әлеуметтік құралмен қамтылды. Ал қалған 6 балаға тиесілі құралдар жыл аяғына дейін берілетін болады, — дейді Астана ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Гүлімай Төлеуқызы.

Оның айтуынша, арнайы білім беру мекемесіндегі колледжде оқитын мүгедек кәмелетке толмағандарға тиесілі мемлекеттік стипендия төленбепті.

Конституцияның 30-бабына сәйкес азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі және орта білім алу міндетті. Мемлекет білім берудің жалпыға міндетті стандарттарын белгілейді. Кез келген оқу орнының қызметі осы стандарттарға сай болуы тиіс.

Тексеру жұмыстарының қорытындысында колледжде оқитын мүгедек жасөспірімдерге мемлекеттік стипендия төленбегені анықталды. Астана ауданының прокуратурасы аталған мәселені шешу үшін облыстық білім басқармасына прокурорлық қадағалау актісін жіберді. Қазір аталған басқарма мәселені облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында қарауды жоспарлап отыр, — дейді Гүлімай Төлеуқызы.

Тексеру барысында арнайы білім беру мекемелері тарапынан басқа да құқықбұзушылықтар анықталыпты. Бүгінде кінәлі лауазымды тұлғалар әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button