Жаңалықтар

Қуанышты күн

Кәсіподақ

Қантөре Шарединов қазір жетпіске қарай аяқ басты. Мұғалжар өңірінде ат жалын тартып мінгеннен мал шаруашылығында еңбек етті. Бұрынғы «Жаңажол» кеңшарында атақты шопан болды. Ұжымдық шаруашылық ыдырағанда сол отарын жекеменшігіне алып бақты. Бүгінде соның ізінде үлкен шаруа қожалығын ұйымдастырып, басқарып отыр. Бір таңғаларлық жағдай, осынша жыл ауыл шаруашылығына зор еңбек сіңірген азамат ұзақ жылғы еңбек жолында бірде-бір рет марапат алмапты. Май мерекелеріне орайластырып жақында Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің атқару комитетінің қаулысы негізінде бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталғанда ардагер ерекше қуанышқа кенелді. Еңбек адамына марапатты облыстық кәсіподақтар орталығының мәжіліс залында Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облысы бойынша филиалының төрағасы Тұрақбай Сұлтанғалиев тапсырды.

Сондай-ақ облыстық филиал өткізген осы күнгі мерекелік салтанатты жиында Марат Дәрібаев, Байзулла Төребеков, Темірхан Есқарин, Бердібек Жәмітов, Еласқан Елеусізов, Жазықбай Алданиязов омырауларына ауыл шаруашылығы саласының «Құрметті ардагер» төсбелгісін тақты.

Еңбек ардагерлері Құрания Аймағанбетов, Бақытжан Ержанов бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісінің игері атанды.

Ал бұған дейін «Құрметті ардагер» және үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері болған Жақсылық Тохин екінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Облысымызға танымал ауыл шаруашылығының белгілі ұйымдастырушысы таяуда 75 жасқа толған еді.

Осы күні ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің облыстық ардагерлер кеңесі құрылып, оның төралқа мүшелері анықталды. Ардагерлер кеңесінің төрағасына Тұрақбай Сұлтанғалиев сайланды. Кеңестің қазірдің өзінде 100-дің үстінде мүшесі бар.

Аманқос ОРЫНҒАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button