Мәдениет

Ашық аспан астындағы концерттерге келіңіздер! 

Биылғы мамыр айынан бері Ақтөбе қаласында ашық аспан астындағы концерттер басталды. Өңірдегі мәдениет мекемелерінің мұрындық болуымен қолға алынған мұндай акция бұрын-соңды болмаған. 

Бұл — елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты кең жерде hәм ашық алаңда ұйымдастырылып отырған шара. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты мекемелер жауапты.

Мұндағы мақсат — қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлау, жастардың музыкаға деген талғамын қалыптастырып, қоғамдық іс-шараларға тарту. Ә дегеннен көпшіліктің қызығушылығын оятқан бұл жоба жаз бойы жалғасатын болады. Яғни әр жұма, сенбі күндері сағат 19.00-ден 21.00-ге дейін ашық алаңдарда концерттер өтеді.

1, 7, 8, 9 мамыр күндері мерекеге орай өткен ашық аспан астындағы концерттерге Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония, Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледж, Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театр, облыстық халық шығармашылығы орталығы, қалалық Мәдениет үйі, Сазды Мәдениет үйі,  Қазанғап  атындағы балалар өнер мектебінің үрлемелі аспаптар оркестрі, №1, 2 балалар музыка мектептері, Ақтөбе қалалық оқушылар сарайы, Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығы, жергілікті университеттер атсалысып, түрлі мәдени бағдарламаларды халыққа ұсынды. Айталық, Жеңіс күніне арналған концертте патриоттық, лирикалық, халықтың рухын көтеретін әндер орындалды. Сондай-ақ Абай ескерткіші жанында «Абай мұрасы халық ұлағаты»  әдеби-сазды композициясы және Абайдың шығармашылығы туралы әңгіме, поэзиясы мен әндері ұсынылды. Тек кәсіби музыканттар, әншілер мен шығармашылық топтар ғана емес, демалуға келген қала тұрғындары да белсенділік танытып, ән салып, би билеп, өлеңдер оқыды.

Алдағы уақытта ән-бимен шектелмей, көрермендер арасында концерттер мен спектакльдерге билеттер де ойнатылатын болады. 

Сондықтан жұртшылықты облыстық халық шығармашылығы орталығы (Жеңіс даңғылы, 14 «А»), Ақтөбе қалалық Мәдениет үйі (Жеңіс даңғылы, 39), Абай ескерткіші (Абай даңғылының бойында), Ғашықтар аллеясы (8-шағын аудан), Кереев көшесіндегі аллея (Зеңбірік ескерткішінің жанында) мен Сулы-жасыл бульварға (Тұңғыш Президент атындағы саябақ жанында) шақырамыз! — дейді облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Гүлнар Сейталина.

Оның айтуынша, алдағы уақытта облыстық халық шығармашылығы орталығының алаңында ақын, композитор, драматург Бәкір Тәжібаевтың 95 жылдығына, Отбасы күніне, Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне, т.б. атаулы күндерге байланысты қызықты форматтағы кештер өтеді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button