Құқық

Шырша ұрлап, шырғалаңға түсті

Өткен жұмада ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы саябақта өсіп тұрған екі шыршаны ұрламақ болған азамат ұсталды. Ол биыл ғана отырғызылған шыршаның біреуін отбасына, екіншісін туыстарына сыйға тартпақ болған.

Оқиға 24 желтоқсан күні кешкі сағат 22.30-да орын алған. 29 жастағы азамат Тутұғыр маңына жақын орналасқан жас шыршаларды асықпай кесіп, енді алып кетуге әрекет жасамақ болған жерінде полицейлердің қолына түсіпті.  Алғашында мұны  саябақ күзетшілері байқап қалып, құқық қорғаушыларға хабарлаған. Қазір осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде. Айыптыдан қаладан кетпеуі жөнінде қолхат алынған. Оған тиісті үкімді сот шығарады.

— Негізі мұндай қылмыстарға 100-200 айлық есептік көрсеткіш есебінде айыппұл салынады. Немесе 6 айдан 1 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін, — дейді қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы Қайрат Мырзабеков журналистермен өткізген баспасөз мәсихатында.

Оның айтуынша, осы күні аталмыш саябаққа зиян келтірген тағы да үш жігіт ұсталыпты. Олар Жаңа жыл мерекесі қарсаңында әшекейлендірілген жасанды шыршаларды сындырып кетіпті. Бұзақылар Сазды ішкі істер бөліміне жеткізілген.

Жыл сайын облыстық және қалалық бюджеттен бөлінген қаржыға қаланы көріктендіру жұмыстары жасалатыны белгілі. Жаз бойы «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасы кезінде де көптеген көгалдандыру жұмыстары жасалып, саябақта жүздеген көшеттер отырғызылды. Оған қоғам қайраткерлері, журналистер мен жастардың қатысқанын бәріміз білеміз.

Қаланы көріктендіруде жұртшылық жұмылып қыруар шаруалар тындырып жатса, кейбір бұзақылар оны бүлдіріп үлгеруде. Жыл басынан бері қаламыздағы демалыс және мәдени орындар мен орталық көшелердегі гүл шоқтары отырғызылған құтыларды сындыру, аулаларды бұзу секілді бірнеше деректер тіркелген. Аталған оқиғаларға кінәлілердің барлығы ұсталған.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button