Басты жаңалықтарЖеңіс

«Шаттансаң, қыз тудым деп, қазақ, шаттан…»

Биыл Ұлы Жеңіске — 76, ал Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 96 жыл толады. Ару қыздың аңызға айналған ерлігі туралы көп жерде айтылып та, жазылып та жүр. Қысқа ғана ғұмырында қайталанбас ерліктің үлгісін жасап, өшпес із қалдырып кеткен Әлия туралы қанша айтсақ та артық етпес.

Біз бұл жолы батыр қыздың есімі берілген ауыл, музей, патриоттық орталық, көше мен Әлияның ескерткіштері туралы айтпақпыз. Айтпақшы, енді облыс орталығындағы халықаралық әуежай да Әлияның есімімен аталады. Әңгімені осыдан бастайық…

Құжат қалай қабылданды?

2021 жылдың 27 сәуірдегі  Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында «Ақтөбе халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамына Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың есімін беру туралы ұсыныс қаралды. 28 сәуір күні Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин қол қойып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің №276 қаулысы шығарылды. Қазіргі таңда қаулы ресми жарияланып, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде арнайы тіркеуден өтті.

— Өткен жылдың қараша айында облыстық тілдерді дамыту басқармасына  облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің бастамасымен Ақтөбе халықаралық әуежайы ұжымының  атынан әуежайға Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың есімін беру туралы ұсыныс түсті.  Ұсыныс Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы  5 наурыздағы №281 қаулысы негізінде Ақтөбе облыстық мәслихатының қарауына енгізілді. 2020 жылғы 11 желтоқсанда Ақтөбе облысы әкімдігінің бірлескен №449 қаулысы және облыстық мәслихаттың  №585 шешімі шығарылып, құжаттар 2020 жылғы 12 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясына жолданды.Республикалық ономастика комиссиясының 2020 жылғы 28 желтоқсандағы оң қорытындысы негізінде құжаттар 2021 жылғы
12 қаңтарда Қазақстан Республикасы министрліктерінің (Мәдениет және спорт, Білім және ғылым, Ұлттық экономика, Қаржы, Әділет) келісімін алуға жолданды. Аталған министрліктер тарапынан келісім алынып, құжаттар 2021 жылғы 29 қаңтарда  Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне жолданды және 30 қаңтарда құжаттарды ұсыну тәртібіне ескерту жасалмай қабылданды
, — дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Медет Ысқақов.

Өшпес іздің өнегесі

Қобда — қысқа ғана ғұмырында қайталанбас ерліктің үлгісін жасап, өшпес із қалдырып кеткен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туған жері. Қобдалықтар Әлия бастаған 8 Кеңес Одағы Батырының есімін мақтан етеді.

Бүгінде батырдың кіндік қаны тамған Бұлақ ауылында  Әлияның ескерткіш-мүсіні мен Әлия ауылында мерген қызға арналған арнайы ескерткіш бой көтерген. Сондай-ақ 2005 жылы Әлияның 80 жылдық мерейтойы қарсаңында «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығы ашылды. Ақтөбе қаласынан 70 шақырым жерде жатқан батыр қыздың елі Әлия ауылында орналасқан патриоттық орталықта мәдени-спорттық шаралар өткізуге және жастардың демалуына толық жағдай жасалған. Қобда өңіріне ат басын бұрған саяхатшылар міндетті түрде соғатын тәрбие беру орталығы Әлия тәрбиеленген, оқыған және ерлік жолдары өткен Ресей Федерациясындағы Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосокольники, Вятск  жеріндегі музейлермен тығыз байланыста жұмыс жасайды.

Семинар, байқау, жастар форумы, туристік слеттермен қатар, дәстүрлі түрде батырдың туған және қайтыс болған күніне орай түрлі шаралар ұйымдастырылып тұрады. Патриоттық орталық жанында  «Балауса» қыздар клубы мен «Жас ұлан» ұлдар клубы жұмыс жасайды.

— Орталықта сондай-ақ «Әлия» музейі бар. Мұражайдың негізгі мақсаты — батыр қыздың туған жеріне келген азаматтарды Әлияның ерлік жолдарымен таныстыру. Мұражайдың естелік кітабындағы қазақ халқының біртуар тұлғаларының қолтаңбалары келер ұрпаққа қайталанбас құнды жәдігер болары анық. 1984 жылы батыр туған топырақта болған Дінмұхаммед Қонаев пен Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы — мұражайдың басты жәдігері, — дейді «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығының директоры  Бағдаш Төпенова.

Патриоттық орталық Ұлы Жеңістің 76 жылдығына да орай бірқатар шараларды ұйымдастырып жатыр. Елдегі жағдайға байланысты онлайн форматта өтіп жатқан шаралардың негізгі мақсаты бір. Ол — жас ұрпақтың бойында патриоттық сезім қалыптастырып, туған жерін сүюге тәрбиелеу.

Кеңес Одағының Батыры Иманғали Білтабановтың туғанына 96 жыл толуына орай «Ерліктің даңқы өшпес» атты әскери-патриоттық шара өткіздік. Сондай-ақ Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығының ұйымдастыруымен «Ленинградтық өрендерім» атты Жамбыл Жабаевтың өлеңін жатқа айтудан оқушылар арасында облыстық онлайн байқау өтіп жатыр. Ақынның «Ленинградтық өрендерім» атты өлеңі 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған тұста жазылған екен. Орыс тіліне аударылып, Ленинград көшелеріне ілінген бұл өлең талайға күш берген деседі. Сол кезде Ленинград қаласының тұрғыны болған кішкентай Әлия да осы өлеңді қалтасына салып, сақтап жүрген. Биыл бұл өлеңге — 80 жыл, — дейді Бағдаш Төпенова.

Айта кетейік, республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» автожолының бойында орналасқан Бұлақ ауылдық округінде 1200-ден астам тұрғын бар. Округ орталығы Әлия ауылындағы ауылішілік жолдар толықтай асфальтталып, орталық көшелер жарықтандырылған. Ауыл 2011 жылы су құбырымен, 2014 жылы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Күн санап көркейіп келе жатқан ауылда өткен жылы 80 орындық демалыс орталығы мен 170 орындық мейрамхана ашылған. Батыр қыздың 95 жылдық мерейтойына орай Әлия ауылындағы мектеп ғимаратына да жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал Әлияның кіндік қаны тамған Бұлақ ауылына барар жолға асфальт төселіп, тұрғындардың көптен күткен арманы орындалды. Жергілікті билік биыл да ауданға қарасты ауылдардың дамуына ерекше көңіл бөліп отыр. Мәселен, 2021 жылы Әлия ауылында екі пәтерлі тұрғын үй салынып, орталық көшесі асфальтталады. Молдағұлова мен Байсейітова көшелеріне соңғы үлгідегі жарықшамдар орнатылады.  «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Бұлақ ауылында Әлия Молдағұлова атындағы мұражай ашу да биылғы жылдың еншісінде.

Ескерткіштер елеусіз қалмасын

Облыс аумағындағы Әлияға арнап қойылған ескерткіштер туралы сіз де біле жүріңіз!

  1. Батырдың Ақтөбе қаласындағы Шернияз көшесінде тұрған

республикалық маңызы бар ескерткіш-мүсіні. 1960 жыл.

  1. Әлияның Ақтөбе қаласы ағайынды Жұбановтар көшесі мен Әлия Молдағұлова даңғылының қиылысында орнатылған мемориалдық ескерткіш-кешені. 2005 жыл
  2. Қобда ауданы Әлия ауылы Гагарина көшесінде тұрған ескерткіші. 1972 жыл
  3. Батырдың Қобда ауданы Бұлақ ауылындағы ескерткіш-мүсіні.
  4. Ә.Молдағұлованың Қобда ауданы Қобда ауылындағы ескерткіші.

Музейдегі ең құнды экспонат

Облыс орталығындағы Әлия Молдағұлованың мемориалды музейі 1980 жылы құрылып, 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығы мен Әлия Молдағұлованың 60 жылдығына орай ашылған. Алғашқы бес жылдықта, яғни 1980-1985 жылдар аралығында музейдің экспозициясы мен ғылыми қорын құру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, Әлияның өмірі мен ерлігі туралы мәліметтер жинақтау мақсатында жұмыстар жүргізілген. Бүгінде Әлия музейінде 10 мыңнан астам экспонат бар. Музейдегі әр экспонат өзінше құнды. Дегенмен Әлияға тікелей қатысты құнды экспонаттардың бірі —   батыр қыздың Ресейдің Ярослав облысы Вятское селосында оқыған кезіндегі сынып журналы.
Вятское селосындағы Әлия Молдағұлова оқыған мектептің сынып журналы Ақтөбеге 1980 жылдардың басында әкелінген. Қазір музей қорында сынып журналының бірнеше беті сақтаулы. Оның басқа жәдігерлерден ең басты артықшылығы — көшірме емес, түпнұсқа екендігінде. Сарғайып кеткен журнал парағында 29 оқушының аты-жөні бар. Пән атауы деген тұсқа «география» деп жазылған. Молдагулова Лия тізімге 24-ші болып алыныпты. Журналдағы 29 баланың соңғы тоғызының аты-жөні сиясы қанықтау қаламмен толтырылған. Әлия музейіндегі бұл құнды экспонатты Ақтөбеге Орынбасар Бекмағамбетов алып келген. Ақтөбе қаласындағы Әлия мемориалдық музейі ашылмас бұрын қорға құнды деректер жинала бастаған. Сол жылдардағы музейдің директоры Сәбит Баймолдин жас журналист Орынбасар Бекмағамбетовті қызметке шақырады. Жұмысқа қабылданған соң ол Әлия туралы құнды материалдарды іздеп, батыр жүрген жерлерге іссапарға шығады. Орынбасар Бекмағамбетов іссапарын Ярослав облысы Некрасов ауданы Вятское селосынан бастаған екен.

Молдағұлова даңғылы

Ақтөбе қаласы Астана ауданындағы атаусыз даңғыл Халық  депутаттарының  Ақтөбе қалалық кеңесі  атқарушы  комитетінің 1.06.1974 жылғы №376  шешімімен Әлия Молдағұлова даңғылы деп аталды.

Бүгінде Ақтөбенің күретамырына айналған Әлия Молдағұлова даңғылының ұзындығы 5,2 шақырымды құрайды. Соңғы рет 2014 жылы күрделі жөндеуден өткен.

Музейде сынып журналынан өзге Әлия Молдағұлованың Батыр атағын алғандығы туралы грамотасы мен 6-сыныптағы тоқсандық бағалар көрсеткішінің түпнұсқасы бар.

Музейдегі тағы бір құнды экспонаттардың бірі деп Әлия оқыған  мергендер мектебінің түлегі Лидия Бакиеваның Ұлы Отан соғысы жылдарында киген киімдерін айтуға болады. Гимнастерка, ремень мен юбкасын Лидия Ефимовнаның өзі Ақтөбеге келген сапарында музейге арнайы әкеп тапсырыпты.

Сондай-ақ музейден Әлияның өз қолымен жазған хаттарын да көруге болады. Әрине, музейде  хаттардың тек көшірмелері ғана тұр. Ал түпнұсқасы Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде сақталған.

Осы ретте музей жанынан құрылған «Әлия» іздестіру тобының да музей жәдігерлерінің толығуына үлкен үлес қосқанын айта кеткен жөн.  1989 жылы қызыл әскер қатарындағы жауынгерлердің мүрделерін тауып, құрметпен қайта жерлеу, қаза тапқандардың отбасына және музейге соғыс кезіндегі қолданылған заттарды, құжаттарды табыстау мақсатында құрылған «Әлия» іздестіру тобы  бірнеше рет Новгород, Тверь, Калуга облыстарына барып, экспедициялар жүргізген.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button