Басты жаңалықтар

Қадір түніндегі тілектер…

Рамазан айына тән Қадір түні — үмітпен, құлшылықпен, қуанышпен өтетін түн. Құран сүресі мен пайғамбар өсиеттерінде бұл түннің мың айдан да қайырлы екені айтылған. Осы түні адамның алдағы тағдыры айқындалады деген сенімге сай, мұсылман қауымы оны бейқам өткізбеуге тырысады.

Биыл Қадір түні мамыр айының 8-інен 9-ына қараған түнге сәйкес келеді.

Қадір түні қашан болады?

Қадір түнінің нақты қай түнге сәйкес келетіні тек Аллаға ғана аян. Ал адамзат баласы  үшін ол — құпия, тылсым сыр. Десе де Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болғай!) өзінің хадистерінде Қадір түнін Рамазан айының соңғы онкүндігінен, оның ішінде де тақ түндерден іздеу керектігін айтқан. Яғни Рамазан айының 21, 23, 25, 27, 29 түндерінің Қадір түніне сәйкес келу ықтималдылығы жоғары. Сахабалар арқылы жеткен хадистерге сүйенген ғалымдар Рамазанның соңғы онкүндігінде құлшылыққа, ізгі амалдарға ерекше мән беруді, соның ішінде соңғы онкүндіктің тақ түндерінен Қадір түнін іздеуді насихаттаған.

Орталық Азия мұсылмандары, әсіресе, Рамазанның 27-ші түнінде Қадір түнін күтуді ғасырлар бойы ұстанып келеді.

Қалай өткізген дұрыс?

Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болғай!) өзінің өсиетінде: «Кімде кім Аллаға сене отырып, сауабын Алладан үміт ете отырып, Қадір түнін құлшылықпен өткізетін болса, оның өткен барлық күнәлары кешіріледі», — деген. Ал қасиетті Құранның «Дұхан» сүресінің 3-аятында бұл түннің берекеге толы түн екені айқындалған.

Ислам ғалымдары Қадір түні хақындағы барлық аят, хадистерді саралай келе, оның мың айдан да қайырлы саналуы тегіннен-тегін емес, осы күнгі құлшылық және ізгі амалдардың сауабы еселеп жазылады деп тұжырымдайды. Сондықтан бұл түнді сауапты істермен және Құран оқу, пайғамбарға салауат айту, Алладан кешірім сұрау сынды құлшылық амалдармен өткерген дұрыс.

Осы түні мың сандаған періштелер Алланың рұқсатымен жер бетіне түсіп, адамның әрбір жасаған игі ісі мен дұғасына тілекші болып тұрады.

Кімдердің дұғасы қабыл болмайды?

Тағдыр түні саналатын Қадір түнінде дұғасы қабыл болмайтын пенде бар ма? Бар екен. Бұл жөнінде хадисте: «Қадір түнінің жақсылығына құлшылық еткен барлық адам бөленеді. Бірақ мына төрт түрлі адам Қадір түнінің жақсылығынан құр қалады. Олар: ата-анасын ренжіткен адам, туған-туыстарымен байланысын үзген адам, арақ ішіп, мас болған адам және көңіліне кек сақтап, араз болған ызақор адам», — делінген.

Осы арқылы Алланың разылығына бөлену үшін құр сөзбен дұға-тілек етіп қана қоймай, адамдармен қарым-қатынасыңды түзету керектігі ескертілген. Сондықтан адамдарды ренжітуден аулақ болуға, ал ренжіткен адамдарыңыздан кешірім сұрап, татуласуға тырысқаныңыз дұрыс.

Әлемді жайлаған індетке байланысты Қадір түнін биыл үйде, отбасыңызбен бірге өткергеніңіз дұрыс. Дұға-тілектеріңіз қабыл болуы үшін басты шарт — жүректегі шынайылық.

Баршаңызға Қадір түнінің сауабы молынан бұйырғай деп тілейміз!

Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті шығарған «Оразаға қатысты 150 сұрақ» кітабынан әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button