Мәдениет

Ақтөбеде мерекелер қалай атап өтіледі?

Алда үлкен мерекелер келе жатыр… 7 мамыр күні қазақстандықтар Отан қорғаушылар күнін тойласа, арада екі күн өткен соң Ұлы Жеңіс күні мерекесі атап өтіледі.

Қазіргі таңда коронавирус індетіне байланысты көптеген шаралардың онлайн форматқа ауысып, мүлде басқа реңкке көшкені рас. Бұл — ең алдымен жұртшылықтың амандығы үшін жасалып отырған амал. Бірақ мәдениет саласы өкілдерінің айтуынша, қандай жағдайда да қос мереке атаусыз қалмайды…

Облыстық филармония көрермендерін шақырады

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония ұжымы кез келген мерекені ескерусіз қалдырмауды әдетке айналдырған. Бұл мамыр айындағы мерекелерге де қатысты. Артистер 7 және 9 мамырда концерт өткізіп, жаңа бағдарламасын ұсынбақ.

Жоғарыда аталған мемлекеттік мекеменің әдіскері Әсем Берікқызының айтуынша, мерекелік концерттер әдеттегідей жанды дауыста, көптеген солистердің қатысуымен ұйымдастырылады. Басты жаңалық — облыстың «сары аймаққа» өтуіне байланысты Өнер орталығы көрермендерін қабылдауға әзір. Яғни концерттер енді офлайн форматта өтеді.

— Қаулыға сәйкес залдағы орындықтардың тек 30 пайызын толтырамыз. Бұның өзіне қуанып отырмыз. Өйткені өнер адамдары үшін жұртшылық алдында ән салу бәрібір бөлек. Әсері айрықша.

Отан қорғаушылар күніне орайластырылған концертте Отанымызды жаудан қорғаған аға ұрпақ пен жігіттердің құрметіне түрлі әндер шырқалады. Әскери қызметтегі бикештер де назардан тыс қалмайды, оларға да әзірлеген сыйымыз бар.  Концертті камералық оркестр сүйемелдейді. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов, Мәдениет саласының үздігі Жұлдыз Нұрқасымова, басқа да халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары өнер көрсетеді.

7 мамыр күні сағат 16.00-де Өнер орталығының концерт залында өтетін мерекелік кешке кіру құны 1500-2000 теңгенің аралығында. Билеттер кассада және «Тикетон» сайтында сатылады, — дейді ол.

Жігіттердің мерекесінде «Ана туралы баллада», «Кестелі орамал», «Темная ночь», «Катюша», «Поклонимся великим тем годам», «Смуглянка», «Майский вальс» сияқты әйгілі әндерді Ардақ Төлепберген, Еркебұлан Құмаров, Аймұрат Мәжікбаев, Айбек Қарағұлов, Беджа Калмыков, т.б. орындайды.

Сол сияқты 9 мамырға да артистердің дайындаған мерекелік бағдарламасы бар. «Әлия», «Журавли», «День победы», «Письмо» сынды әндер әуелейтін концертке де билеттер сатылымға шығарылған.

«Таң алдындағы тыныштық»

 Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрдың екі труппасы бұл күндері ашық аспан астында мерекелік бағдарламасын ұсынғалы отыр. Ақтөбе қаласындағы Абай ескерткішінің алдында актерлер соғыс тақырыбындағы әндерді шырқап, өлеңдер оқиды.

— Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда театр ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан біз филармониядағы әріптестеріміз сияқты аздаған көрерменді де қамти алмай отырмыз. Әрі елдегі эпидемиологиялық жағдай да мәз емес.

Есесіне, шаһардағы Абай ескерткішінің алдында 7, 9 мамыр күндері сағат 18.00-20.00 аралығында қазақ және орыс труппасының қатысуымен әдеби-сазды, театрландырылған кеш өтеді. Ашық аспан астындағы мәдени шарада өнердің бірнеше түрі қамтылады. Бізге мұндай формат таңсық емес, 1 мамырда да сондай кеш ұйымдастырған едік. Сондықтан мереке күндері ақтөбеліктерді Абай ескерткішінің алдына шақырамыз.

Сондай-ақ белгілі бір себептермен үйден шыға алмайтын көрермендерімізге де ұсынарымыз бар. Айталық, 9 мамыр күні сағат 11.00-де Борис Васильевтің «Таң алдындағы тыныштық» спектаклінің онлайн көрсетілімі болады. Соғыс тақырыбындағы әскери драманы әлеуметтік желілер арқылы көрсеткелі отырмыз.

Мұнымен бірге біздегі режиссер түсірген «Фиалки» әніне бейнебаян да сол күні ғаламтор қолданушыларына паш етілмек, — дейді облыстық драма театр директорының орынбасары Жандос Еспанбетов.

Айта кетейік, өнер ұжымы пандемияға байланысты жағдай дұрысталған бойда көрермендерге қатарынан 5 қойылымның премьерасын өткізуді жоспарлап отыр.

Кішкентай көрермендерге не көрсетіледі?

Былтыр 35 жылдығын атап өткен облыстық «Алақай» қуыршақ театрының артистері де қол қусырып бос отырмағанын айтады. Алыс-жақын елдерге танымал, өнер әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар, осы жанрдағы санаулы өнер ұжымдарының бірі атаулы күндерге онлайн форматтағы бағдарламасын дайындап жатыр.

— «Алақай» қуыршақ театры 7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне орай өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында бейнеқұттықтаулар, танымдық-ақпараттық материалдар топтамасын жариялайды.

Ал Ұлы Жеңіс күніне орай сағат 12.00-де театрдың және облыстық мәдениет басқармасының ресми парақшаларында «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» атты онлайн концерт өткізіледі. Аталған шарада театрдың музыка мамандары —Болатбек Каужимов, Ержан Баймұқанов, сонымен қатар Дәурен Рысбеков, Гүлнар Баймағанбетова, Әлия Салитова, Гауһар Оралбай сынды артистер соғыс тақырыбына арналған қазақ және орыс тілдеріндегі әндерді шырқап, өлеңдерді мәнерлеп оқиды. Атап айтсам, сұрапыл соғыс жылдарының белгісіндей болған «Ана туралы баллада», «Соғыстан қайтқан солдаттар», «День Победы», «Темная ночь», «Журавли» секілді әндер орындалмақ, — дейді облыстық «Алақай» қуыршақ театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Абай Қаржаубайұлы.

Бүгінгі таңда аталған өнер ұжымында барлығы 11 артист еңбек етеді.

Байырғы өнер мекемесінің тартуы  

Осы күзде 60 жылдығын атап өткелі отырған облыстық халық шығармашылығы орталығы да жұмысын онлайн форматта жалғастырып, мерекелерде экранның арғы жағынан концерттер өткізуді жоспарлап отыр.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен мәдениет мекемесінің мерейтойы аясында қаңтар айынан бері мерекелік бағдарламаларды ұсынып келеміз деген облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Гүлнар Сейталина:

— Біздің мекемеде биыл да Ұлы Отан соғысы ардагерлері ұрпақтарының қатысуымен өтетін дәстүрлі «Әкелер ерлігі есімде» атты онкүндік шаралар легі жалғасын тапты. Онлайн форматтағы шараның алғашқы қонағы — Ұлы Отан соғысының ардагері Көбек Қойшыбаевтың ұлы, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті онкология кафедрасының жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты Әріп Қойшыбаев болды. Тұшымды әңгімелер, жақсы естеліктер айтылды. Одан соң Шалқар ауданында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Қартбай Қабақбаевпен сұхбаттастық. Соғысты көрген майдангермен әңгімеміміздің орны тіптен бөлек.

Сонымен бірге Отан қорғаушылар күніне «Ұланымыз ұлы елдің» атты концерттік бағдарламаны екі күн қатарынан ұсынамыз. Әрқайсысына әртүрлі сценарий дайындалды.

Жеңіс күніне орай да онлайн концерттер жалғасын табады. Көрермендер @aqtobe.madeniet және @aktobe_ocnt инстаграм парақшаларының тікелей эфирінен көптеген қызықтарға куә болады, тек көз салып жүрсе жеткілікті, — дейді.

P.S. Өңірдегі мәдениет мекемелерінің қос мерекеге ұсынатын бағдарламасы осындай. «Қандай форматта болсын, ең бастысы, мерекелік көңіл күйді жеткізуге тырысамыз», — деген өнер саласының өкілдері барша жұртшылықты құттықтауды және ұмытпады. Редакция ұжымы да оқырмандарды келіп жеткен атаулы күндермен құттықтап, бар жақсылықты тілейді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button