Басты жаңалықтарМереке

1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні

 

Қадірлі жерлестер!

Баршаңызды 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Еліміз үшін бұл — ерекше күн, жалпыұлттық мереке. Бір шаңырақтың астында бір ұлт ретінде қалыптасқан өзара ынтымақтастығымыздың символы.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған жоба этносаралық үйлесімділік ретінде әлемнің басқа елдеріне үлгі болды.

Халқымызда «Бірлік түбі, береке» деген дана сөз бар. Тәуелсіздігіміздің 30 жылында біздің барлық қол жеткізген жетістігіміз бен табысымыз осы береке-бірлік пен татулықтың арқасы. Осы жолдағы қиындықтар мен жетістіктеріміз баршамызға ортақ.

Тілі басқа болғанымен — тілегі бір, жүзі басқа болғанымен, жүрегі бір ағайындар бір үйдің баласындай басқа түскен бүкіл ауыртпашылықтарды бірге көтердік.

Бүгінде барша әлемді тамсандырып отырған тек біздің елге ғана тән ұлттық құндылықтарымыз, қазаққа тән қасиеттер, ешкімді бөтенсімей бауырға басатын мейірбандығымыз, қонақжайлығымыз, жомарттығымыз біздің елді мекендеген барша халыққа ортақ мінез-құлыққа айналуда.

Оның бірден-бір көрінісі — әлемді шарпыған коронавирус пандемиясының әсерінен туындаған дағдарыстан туған қиындықтарда барлық этнос өкілдерінің ауызбіршілік көрсетіп, бір-бірімізге көмек қолын созуымыз. Жаны жадау тартқандарға жүрек жылуын сыйлап, таршылық көргендерге тарту-таралғы жасауымыз. Қандай қиындық болмасын, оны тек бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған ауызбірліктің арқасында ғана жеңе алатынымыздың дәлелі. Барлығымыз тізе қосып, төзімділік пен сабырлылық танытып, еліміз үшін аянбай еңбек етсек, қандай қиындықтарды да еңсеруге болатынына толық сеніммен қараймыз.

Бізге келген тағы бір сынақ — пандемия салдарының өршуінің алдын алу, сақтық шараларын қатаң ұстану арқылы ғана бұл індеттен құтыламыз. Осы кезеңнің де асыл мұраты — шыдам мен төзім, сабыр мен қанағат.

Мереке күні Сіздердің әрқайсысыңызға және отбасыларыңызға денсаулық, молшылық, бақыт пен сәттілік тілеймін!

Әрбір үйде татулық, қуаныш пен ынтымақ ұйысын!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын ОРАЗАЛИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button