Басты жаңалықтарЭкономика

Жұмыспен қамту, бюджетті жоспарлау мәселелері талқыланды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында халықты жұмыспен қамту, бюджетті жоспарлау және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Отырысқа облыс әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ бейнеконференция арқылы Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері қатысты.

Жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева өткен жылы тұрақты жүргізілген мониторингтің нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсіп, мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалғанын баяндады. Биылғы жылы облыс экономикасының өсімін 4,1%-ға қамтамасыз ету міндеті тұр.

— Бюджетті сапалы және тиімді жоспарлау — өте маңызды мәселе. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік заңнамаға сәйкес құжаттаманы сапалы әзірлеуге ерекше назар аударып, бюджеттік жоспарлаудың алгоритмі мен мерзімдерін ұстанып, экономикалық қорытындысы дайын жобаларды ғана қарауға ұсынуы қажет, — деді ол.

Осыған орай облыс басшысы Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдерінің жұмысын сынға алды.

Барлық жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, уақтылы мемлекеттік сараптамадан өтуі керек. Өкінішке қарай, өңірімізде экономикалық тұрғыдан тиімсіз жобаларды іске асыру, стратегиялық жоспарлаудың және сіздердің тарапыңыздан тиісті бақылау мен талдаудың жоқтығы байқалады. Әкімдіктер мен басқармалардың тарапынан бақылау ортақ, бірлескен жауапкершілік болуы керек. Ақтөбе қаласы мен аудандарға жасаған іссапарларымдағы жолдарды, әлеуметтік нысандарды жөндеуге, маңызды құрылыстар салуға байланысты берген әрбір тапсырмам есімде. Барлығының орындалуын өзім тексеремін, — деді О.Оразалин.

Биыл «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында 18 ауылда жалпы құны 2,1 млрд теңге болатын 26 жоба жүзеге асырылады. Салынған және жаңғыртылған нысандар 40 мың тұрғынның өмір сүру сапасын жақсартады және қосымша 393 жұмыс орны ашылады.

Биылғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыруға 13,9 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салалары бойынша 41 жоба жүзеге асырылады.

Бұдан кейін отырыста Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының «Жол картасын» іске асыру мәселелері талқыланды.

Облыс әкімі жауапты басқарма басшыларына, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне құжаттама әзірлеуді, конкурсты өткізуді тездетуді тапсырды. Сондай-ақ жобаларды іске асыру мерзімдерін бұзғаны үшін жеке жауап беретіндерін еске салды.

Жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова 2020 жылы халықтың еңбекпен  қамтамасыз ету, жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру оң нәтиже бергенін айтты.

Оның айтуынша, өткен жылы облыста барлығы 23 007 жаңа жұмыс орны құрылған. Оның 56,3%-ы — тұрақты жұмыс орны.

— Еліміздегі төтенше жағдай мен шектеулі шараларға қарамастан, 60 мыңнан астам жұмыссыз жұмыспен қамтылды, оның ішінде «Еңбек» бағдарламасы бойынша 54 248, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 6 103 адам еңбекке тартылды. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды, жастар арасындағы жұмыссыздық 2,9 пайызды құрады. Ал биыл жыл басынан бастап 8962 жаңа жұмыс орны құрылды, оның 3582-сі — тұрақты жұмыс орны. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 9 855 жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар тартылды, оның ішінде 4 623 адам тұрақты жұмыспен қамтылды, 1 169 адам әлеуметтік жұмыс орнына ие болды, 374 адам жастар практикасына, 3 632 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді, 346 адам қысқа мерзімді оқудан өтті, — деді Бұлбұл Елеусінова.

Оның айтуынша, өткен жылы аз қамтылған 6 695 отбасына 2 235,1 млн теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Биылғы жылдың 1-тоқсанында 4017 отбасы 441 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алған.

— Өткен жылы қабылданған шаралардың нәтижесінде облыста 1124 отбасының табыс деңгейі өсті: бір бөлігі жұмыспен қамтылды, басқалары гранттарды қолданып, өз бизнестерін бастады. Бұл бағыттағы жұмысты алдағы уақытта күшейту керек. Біздің міндетіміз — жұмыс табу, кәсіпкерлікті дамыту.

Бүгінде атаулы әлеуметтік көмекпен үй алуға қаржы жинауға тырысатындар бар, біздің қолдауымызға сеніп жұмыс жасағысы келмейтіндер де бар. Осыған байланысты тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын күшейту керек, — деді облыс әкімі.

Жиын соңында Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне көктемгі дала жұмыстарына дайындықты күшейтуді, абаттандыру мен көгалдандыру мәселелерін үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button