Неміс елінен жеткен көмек таратылды
«Анаға тағзым» орталығында Қызыл Ай қоғамының Ақтөбе облыстық филиалы Германия Қызыл Кресінің қаржылай қолдауымен кезекті қайырымдылық көмек акциясын ұйымдастырды.
Шарада сөз сөйлеген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов, әсіресе, ел басына күн туған шақта халықтың қасынан табылып, гуманитарлық қызмет ұйымдастырып отыратын Қызыл Ай қоғамының облыстық филиалының еңбегін атап өтіп, алдағы жұмыстарына да сәттілік тіледі.
Бұл шарада аз қамтылған жалғызбасты зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға 805 500 теңгеге сатып алынған азық-түлік пен шаруашылық бұйымдары таратылды. Барлығы 100 отбасыға дәл осындай көмек көрсетілді.
Еліміздегі Қызыл Ай қоғамы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Нұрлан Үдербайдың айтуынша, төтенше жағдайлар кезінде Қызыл Ай қоғамы ешқашан гуманитарлық қызмет көрсетуден тыс қалған емес, қоғамның басты міндеттерінің бірі — осы. Басшы гуманитарлық көмекті еріктілердің көмегімен таратып отырғанын ерекше атап өтті.
- Біздің қоғамда 1994 жылдан бері еріктілер жұмыс істейді. Себебі сол жылы
Алматыға Финляндияның Қызыл Кресі келіп, волонтерлердің қызметі туралы түсіндіріп берген болатын. Содан бері еріктілерді қоғам жұмысына тарта бастадым. Қазіргі таңда біздің ұйымда 108 ерікті бар. Соның 60-ы аудандарда, әр ауданда — бесеуден. Қалған 34-і — Ақтөбе қаласында. Еріктілер тек шақырған уақытта ғана келеді. Бірақ, бізде компьютерде еріктілердің аты-жөні сақтаулы тұр, еріктілер желісін жасақтап қойдық. Осы уақытқа дейін біздің филиал ұйымдастырған шараларда он мыңдаған ерікті қызмет көрсетіпті. Еріктілерге үлкен алғысымды айтамын. Олар әлемді жайлаған індет кезінде де өздерінің өмірлерін қатерге тігіп, денсаулықтарына қауіп төнгеніне қарамастан, төтенше жағдайда халық арасында көмек көрсетіп жүрді. Әрине, олар медициналық бетперде, қолғап, санитайзерлермен қамтамасыз етілді. Биыл Еріктілер жылы ғой. Меніңше, еріктілер қызметіне назар аударылуы тиіс. Еріктілер тегін қызмет көрсететіні мәлім, алайда олардың еңбегі еленіп, біреуіне шәкіртақысына үстеме қосылып, екіншісінің жағдайларына қарай жеңілдіктер қаралса екен. Еріктілер тізімі қажет болса, бізде бар, — дейді Нұрлан Үдербай.
Еске сала кетейік, төтенше жағдай жарияланғалы Қызыл Ай қоғамының облыстық филиалы гуманитарлық көмектің төрт траншын ұйымдастырды: 27 наурызда өткен бірінші траншта 20 мұқтаж отбасына 120 мың теңге көлеміндегі көмек берілді. 21 мамырда ұйымдастырылған екінші траншта медицинаның 70 кіші қызметкері мен медбикесіне 356 915 теңгенің азық-түлігі алып берілген болатын. Үшінші транш — бүгінгі шара, көмекке мұқтаж 100 отбасына гуманитарлық көмек таратылды. Нұрлан Үдербайдың айтуынша, төртінші транш 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күнінде «The Coca Cola Foundation» компаниясының қаржылай қолдауымен ұйымдастырылады. Бұл күні 100 балаға азық-түлік пен санитарлық-гигиеналық тауарлар беру жоспарланып отыр.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.