Елді мекендерде емдеу мекемелері көбейеді
Тұрар ШЕРИЯЗДАН,
денсаулық сақтау саласының ардагері,
Ойыл және Темір аудандарының құрметті азаматы.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды», — деп медицинадағы олқылықтар туралы айтып, тапсырмалар берді. Оның ішінде облыстың денсаулық сақтау саласының ардагері ретінде медицина мекемелерінқаржыландыруға көңіл бөліп, екі жыл ішінде ауылдық жерлерде емдеу мекемелерін көптеп салуды тапсырғаны қуантты.
Қазіргі таңда Ақтөбе облысының 300 мыңға жуық тұрғыныауылда тұрады. Облыста 18 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Оларға сапалы медициналық қызмет көрсету үшін амбулатория мен медпункттер өте қажет.
Соңғы жылдары аудандық ауруханаларды жабдықтау, күрделі жөндеу, аулаларын абаттандыру және медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жақсы жолға қойылды.Пандемия кезінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған мемлекеттік комиссияның шешімімен көптеген цифрлы рентген аппараттары, кювездер, ангиографтар, компьютерлі томографияларалынып, аудандық ауруханаларға жаңа жедел жәрдем машиналары берілген болатын. Олар ауылдағы науқастарды аудан орталықтарына дер кезінде жеткізуге ыңғайлы болып отыр. Шалғайда орналасқан елді мекендегі науқастың жағдайы өте нашарлаған жағдайда облысқа жеткізу үшін арнайы авиация медицинасы жұмыс істейді, бүгінде олардың қызметі жүйелі жолға қойылған. Телемедицина арқылы М.Оспанов атындағы медициналық университеттің кафедра меңгерушілері мен ассистент, профессорлары аудандық ауруханадағы дәрігерлерге кеңестерін беріп, іс-тәжірибелерімен бөлісіп отырады.
Аудандық ауруханалар ауданаралық статус алынғандықтан, олардың жабдықталуы әлдеқайда жоғары деңгейге көтерілді.Шалқар, Мұғалжар, Хромтау аудандарында алдағы уақытта ауданаралық ауруханалар салынады.
Президенттің медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесін жетілдіру бойынша берген тапсырмалары да — бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Себебі ауыл тұрғындарының біраз бөлігі осы сақтандыру жүйесіне енгізілмеген. Күрделі жағдайда олар сақтандыру жүйесіне енгізілмегендіктен сапалы медициналық қызметті алуы екіталай. Жедел жәрдем медициналық көмегі керек кезінде, әрине, оларға алғашқы көмек көрсетіледі. Бірақ осы сақтандыру жүйесіне енгізілген адамдар енгізілмегенге қарағанда медициналық қызметті алуға толық мүмкіндігі бар. Сондықтан осы жүйені одан әрі дамытып, жетілдіру өте қажет.
Облыста дәрігерлер тапшылығыәлі де болса бар, балалар дәрігері, окулист, невролог, кардиолог, аллерголог мамандары жетіспейді. Ауылға баратындар да санаулы. Мәселен, «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы аясында дәрігерлер мен медбикелер елді мекендерге жұмысқа жолданады. Оларға 300 мың теңге көлемінде жәрдемақы төленеді. Өте төмен пайызбен, яғни 0,001% несиеде беріледі. Бірақ олардың ауылда тұрақтап қалуы қиын. Бұл жағдайды түсінуге де болады. Олар аудан орталығындағыжабдықталғанауруханада немесе Ақтөбе қаласындағы медициналық орталықтарда жұмыс жасап, өздерінің бакалавриат, резидентура, магистратурадан алған білімін әрі қарай жаңа заманға сай озық технологиялармен дамытқысы келеді.
Дегенмен жергілікті атқарушы органдар олардың ауылдық жерде қызмет атқаруына барлық жағдайын жасап отырған жоқ. Сондықтан осы мәселеге көңіл бөліп, әрі қарай ауылда жұмыс жасауға ынталандыруды күшейтіп, жетілдіру қажет.