БілімБасты жаңалықтар

ҰБТ қалай ұйымдастырылады? Электронды әдіс және үлкен мүмкіндік  

Биыл ұлттық бірыңғай тестілеу электронды форматта өткізіледі. Яғни «бір тестіленуші — бір компьютер — бір камера» қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Аудиторияны түсіретін камералардан басқа, сынаққа қатысушы отыратын әр үстелдің үстінде тағы бір камера орнатылады. Бұл әдіс тестілеудің ашықтықтығын қамтамасыз етеді. Бұл жолғы сынақтың тағы бір артықшылығы, мемлекеттік білім грантын ұтып алуға ниеттенген үміткерлерге екі рет мүмкіндік беріледі. Біз ұлттық бірыңғай тестілеудің қалай ұйымдастырылатыны туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменовамен сөйлескен едік. 

Біздің облыста ұлттық бірыңғай тестілеу 3 тестілеу орталығында өткізіледі.  Бұл пункттер Ақтөбе қаласында және Байғанин мен Шалқар аудандарының орталықтарында орналасқан.  Білім және ғылым министрінің биылғы 26 ақпандағы №82 бұйрығында тестілеуді ұйымдастыру тәртібі туралы жазылған. Соған сәйкес біздің өңірдегі 3 пунктте де мемлекеттік комиссиялар құрылды, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отыра ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізудің жоспары бекітілді, — дейді Гүлназ Сүлейменова.

Облыста 11-сыныпта 7481 бала оқиды.  Олардың 6 мыңға жуығы сынаққа қатысуға ниет білдіріп отыр.

Мемлекеттік білім гранты үшін өткізілетін ҰБТ мамыр, маусым айларында өтеді.

Өтінішті http://app.testcenter.kz/ сайты арқылы беруге болады.

Грантқа әркімнің-ақ бар таласы…

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, түлектер тестілеу орталықтарында екі кезеңде емтихан тапсырады. Яғни олардың бір бөлігі таңғы сағат 9.00-ден түскі сағат 13.00-ге дейін тестілеу тапсырса, қалғаны түскі сағат 14.30-дан кешкі сағат 18.30-ге дейін сынаққа қатысады.

Биылғы басты ерекшеліктің бірі — мемлекеттік білім грантын ұтып алуға ниеттенген үміткерлер тестілеуді екі мәрте тапсыра алады. Яғни үміткерге жоғары оқу орнына бөлінген грантты жеңіп алуы үшін үлкен мүмкіндік беріліп отыр.  Егер талапкер мамыр айында тестілеуден өткен болса, екінші рет сынақты маусым айында тапсыруына болады (Тестілеуге бір күнде 2 рет қатысуға тыйым салынады). Мемлекеттік білім беру гранты үшін ұйымдастырылатын конкурста бақ сынау үшін талапкер жоғары нәтижесі бар сертификатты ұсына алады, — дейді Г.Сүлейменова.

Қағида және қондырғылар

ҰБТ электрондық форматта «бір тестіленуші — бір компьютер — бір камера» қағидаты бойынша ұйымдастырылады.

Аудиториядағы барлық әрекетті көрсететін камералардан басқа, қатысушы отыратын әр үстелдің үстінде тағы бір камера орнатылады. Прокторинг пен бейнебақылаудың заман талабына сай жүйесі және тестілеу кезінде басқа адамдарды болдырмау үшін Face ID цифрлық сәйкестендіру құрылғысы пайдаланылады. Ережелердің сақталуын арнайы компьютерлік бағдарлама бақылайды. Ол тыйым салынған заттарды қолдану деректерін автоматты түрде анықтайды. Сынақ тапсыру кезінде талапкердің смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды қолданғаны анықталса, тестілеу автоматты түрде тоқтатылады. Сондай-ақ оның тест жауаптары жойылады. Тестілеу процесін арнайы орталық та бақылайды. Сынақтың ашықтығын қамтамасыз ету үшін тестілеуге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің арнайы мониторингтік тобы мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері шақырылатын болады, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

120 тапсырма. 140 балл

Тестілеу тапсыру үшін берілетін уақыт — 4 сағат (240 минут). Ең жоғары ұпай саны — 140 балл.

Тест тапсырмалары бұған дейінгідей 5 пән (екі бейінді және үш міндетті пән) бойынша беріледі. Тест құрылымына тоқталсақ, жалпы тапсырма саны — 120 сұрақ. Қазақстан тарихы мен математикалық сауаттылық бойынша 15 тапсырмадан, оқу сауаттылығы бойынша 20 тапсырма болады. Ал екі таңдау пәні бойынша әқайсысынан 35 тапсырма беріледі.

Қатысушылар тапсырмаларды кез келген пәннен бастай алады. Сондай-ақ тестілеу аяқталғанға дейін жауап берілген сұрақтарды қайта қарап, жауаптарды түзетуіне болады. Сынақ барысында талапкерлер компьютер арқылы калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштігі кестелерін қолдана алады. Бұған дейін тестілеу қағаз нұсқада тапсырылып келді. Үміткерлер жауап парағын толтырып, біраз уақыт зая кететін. Электронды әдісте үміткерлер уақытты тиімді пайдалана алады, — дейді Гүлназ Сүлейменова.

Үзілістердің септігі

Сынақ барысында қатысушыларға 2 рет үзіліс беріледі екен. Тестілеудің 60 минутынан кейін оқушыларға көзге арналған және дене жаттығуларын орындау үшін 2 минуттық үзіліс, 120 минуттан кейін 15 минуттық үзіліс беріледі.

Бұл үзілістер үміткерлердің денсаулығы үшін жасалып отыр. Компьютерге байланысты ерекшеліктер ескерілді. Сол себепті балалар сәл де болса көзін демалтуы керек. Сондай-ақ үзіліс санитарлық талаптарға сәйкес те беріліп отыр, — дейді мемлекеттік қызметкер.

Апелляция: 30 минут. 30 күн 

ҰБТ нәтижелерін тестілеу аяқталғаннан кейін бірден білуге болады. Тестілеу қорытындысы бойынша  жиналған ұпай саны экранға шығарылады. Сондай-ақ ҰБТ қатысушысы қандай сұрақтарға қате жауап бергенін бірден көре алады.

Тестілеу қорытындысымен келіспеген жағдайда талапкер келесі күнді күтпей-ақ апелляцияға өтініш бере алады.

Талапкер апелляцияға сол күні, яғни 30 минут ішінде өтініш беруге құқылы. Апелляция 30 күннің ішінде қарастырылады және оның қорытындысы үміткердің жеке кабинетінде көрсетіледі, — дейді Г.Сүлейменова.

Шекті балл қанша?

Педагогикалық мамандықтар бойынша білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін тестілеудің шекті балы артты. Педагог болғысы келетін талапкер 75 балдан кем жинамауы тиіс.  Айта кету керек, ақылы негізде оқуға қабылдану үшін де осы көрсеткіш талап етіледі.

Медицина саласы бойынша құжат тапсырушылардан 65 балл талап етілсе, ауыл шаруашылығы және биоресурстар, ветеринария салалары бойынша білім алғысы келетіндердің ұпай саны 60 балдан аз болмауы керек, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Санитарлық талап

Тестілеу барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып өткізіледі. ҰБТ өткізудің әрбір пунктінде медициналық-санитарлық талаптарға сәйкес барлық қатысушылар дезинфекцияның 4 кезеңінен өтеді. Яғни аяқ киімді арнайы дезинфекциялау кілемшесінде тазалап, санитайзермен қол жуады. Сондай-ақ арнайы құрылғы (Face ID планшеті) арқылы бетперденің дұрыс тағылуы қадағаланып, дене температурасы өлшенеді. Тест тапсырушыларды кіргізу және аудиторияда отырғызу кезінде әлеуметтік арақашықтық сақталады.

Санитарлық талаптарға сәйкес ата-аналар мен мұғалімдерге ҰБТ өткізу пунктінің аумағында болуға тыйым салынады. Олар бейнетрансляция арқылы баланың сынақ тапсырғанын үйде отырып-ақ қарай алады.

P.S.

Сынақ ұйымдастыру кезінде ашықтықты, әділдікті қамтуды, жемқорлықтың алдын алуды мақсат еткен жаңа әдістің талаптары осындай. Кімнің бағы жанып, кімнің бабы шабады, оны уақыт көрсетеді. 

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button