Экономика

Медициналық кереует шығаратын мекемеде болды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласындағы медициналық кереует шығаратын «Vega Aқтөбе» ЖШС өндіріс орнын аралады.   
Жылына 840 көпсалалы медициналық кереует және тумбалар шығаратын мүмкіндігі бар өндіріс орнындағы өнім сапасымен және цех жағдайымен танысқан облыс басшы отандық өнімді қолдау бағытында өндіріс орнымен бірлескен жұмыстар жүргізу үшін облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевқа бірқатар тапсырмалар берді.
Бұл жоба 2020 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 1,0 миллиард теңге несие қаражатына субсидиялау және кепілдік беру құралдары бойынша ашылған. Қазақстандық KZ СТ стандартын иеленген сертификаты бар. Аталған цехта медициналық кереуеттен басқа үй тұрмысына қажетті түрлі жиһаз өнімдері шығарылады.
— Өңірімізден шығып жатқан отандық өнімді қолдап, облыс көлеміндегі барлық ауруханалар мен емханаларға сапалы медициналық кереуеттерді жеткізу жолдарын қарастыруымыз қажет. Өз кезегінде сапасы жақсы, мемлекеттік стандартқа сай әрі бағасы арзан бұйым жергілікті ауруханалардың төсек-орындарын толықтай жаңартады деп ойлаймын. Біздің міндетіміз — өз күшімен медициналық төсек-орындар мен қажетті құралдар шығарып жатқан кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, өнімдерін алыс-жақын нарыққа шығаруына толықтай жағдай жасау. Келешекте спорттық жабдықтар мен мектептерге арналған орындықтарды, парталарды да осы жерден жасатуға болады, — деді облыс басшысы.
Содан кейін облыс әкімі «Ақтөбе» индустриалды аймағына барып, жүргізіліп жатқан жобалардың жағдайымен танысты. Қазіргі кезде «Ақтөбе» индустриалды аймағы аумағында жалпы сомасы 56,6 миллиард теңгеге 1 592 жұмыс орнын құратын 27 жоба жүзеге асырылуда. Жалпы құны 6,2 миллиард теңгеге 340 жұмыс орнын құрған 7 кәсіпорын пайдалануға берілді. Кейінгі жылдары 937 жұмыс орнын құра отырып, жалпы инвестициясы 28,6 миллиард теңгеге 15 кәсіпорынды іске қосу жоспарлануда. Осы жылы аймақтық үйлестіру кеңесі жалпы ауданы 35 гектар, инвестиция көлемі 19,1 миллиард теңгені құрайтын және 380 жұмыс орнын құратын жер учаскелерін беру бойынша 4 жобаны мақұлдады.
Облыс әкімі кездесу соңында индустриалды аймақтың басшылығына жаңа инвестициялық жобалардың жұмысын жандандырып, жыл аяғына дейін өз кәсіптерін бастаған бірқатар кәсіпорындардың толықтай ашылуына жан-жақты көмектесулерін тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button