Тәуелсіздік — 30

30 қайырымды істің бастауы

Қобдалықтар айтулы жылды қайырымды іспен бастады. «30 жыл — 30 қайырымды іс» жобасы аясында ауданның кәсіпкерлері мен жаңадан сайланған депутаттары бастаған топ 1 миллион 200 мың теңге көлемінде аз қамтылған отбасыларға көмек көрсеткен. Игі іс ауданның барлық ауылдық округтерінде қолға алынған.

Мемлекет басшысы айтып өткендей, ел тарихындағы елеулі оқиғаны құр даңғаза мен ысырапшылдыққа жол бермей, қайырымды істермен бастағанды жөн санадық. Аудандық бөлімдер бастап, ауылдағы депутаттар мен кәсіпкер азаматтар қостап,  «30 жыл — 30 қайырымды іс» жобасына бір кісідей атсалысты. Әрбір ауылдық округтегі аз қамтылған отбасылардың тізімін аудандық жұмыспен қамту бөлімінен алып, жоба  аясында аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, жалғызілікті қарияларға және ерекше жағдайды қажет ететін бала бағып отырған отбасыларға қайырымдылық көмектер көрсеттік, — дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Қабылов.

Сондай-ақ ол ауданда Тәуелсіздіктің мерейлі 30 жылдығына орай «30 жыл — 30 нақты іс» жобасын қолға алынғанын да айтты. 2021 жылы Қобда ауданында 5 миллиард 500 миллион теңгені құрайтын 20 жоба жоспарлануда. Соның ішінде кәсіпкерлік саласы бойынша 500 миллион теңгені құрайтын 15 жоба, ауылшаруашылық саласы бойынша 5 миллиард теңгенің 5 жобасын жүзеге асыру көзделіп отыр.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button