Жаңалықтар

«Қазақойл Ақтөбе»: әлеуметтік жауапкершілік жүгі

Меморандум

Биылғы 25 ақпанда облыс әкімдігі, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС басшылығы және кәсіподақтардың аумақтық бірлестігі еңбек қатынастарын реттеу және қызметкерлер үшін әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету мәселелеріндегі іс-қимыл келісімі және өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. 

Осы құжат аясында тұрақты жұмыс істеп келе жатқан мұнайгаз өндіруші кәсіпорынның басшылығы барлық 558 жұмыс орындарын сақтауға және ұжымдық келісімшарттың әрбір пунктін орындауға, нақты айтқанда, қауіпсіз және жоғары тиімді еңбек ету үшін алғышарттарды жасауға және жақсартуға міндеттенді.

 Бүгінгі күні «Қазақойл Ақтөбе» көмірсутегі шикізатын өндіру көлемі бойынша облыста екінші орынды иеленеді. Аймақтағы мұнайгаз саласындағы ірі компаниялардың бірі 117 ұңғыманы іске қосып, 2021 жылға жоспар бойынша 603,255 мың тоннадан астам қара алтын өндіруді меже етіп қойды.  

Үлгілі ұжымдық келісімшарт немесе «Парыз» жеңімпазы

 

Сөзсіз іскерлік бедел мен әлеуметтік жауапты компания ұжымының корпоративті мүдделерге бейімділігі «Қазақойл Ақтөбенің» меморандум бойынша барлық міндеттемелерін қай кездегідей де сапалы және 100%-ға орындайтындығына сенім білдіреді.

Бұл жай ғана сөз емес. Мұның жарқын дәлелі компанияның 2009 жылы Қазақстан Республикасы ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында «ПАРЫЗ» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі республикалық конкурсының нәтижелері бойынша сенімді түрде жеңіске жетуін айтар едік. Сол кезде «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС «Үздік ұжымдық келісімшарт» номинациясы бойынша екінші орынды және күміс мүсіншені иеленді.

Айта кетуге болатын жайт, бүгінгі уақыт ағымында да қазіргі ұжымдық келісімшарт «Парыз» лауреаттығының жаңа атауын иеленуге толығымен ұмтыла алар еді. Өйткені бұл серіктестік ылғи да қоғамдағы үздік үлгілерді таңдап, серіктестіктің жаңа формаларына ұмтылады. Әлеуметтік пакеттің мұндай жоғары сапасы мен өндірісті тұрақты дамытуды бүгінде қолға алып отырғандар санаулы-ақ.

«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС бас директоры Чжао Цзичэнь кадрлар ауысушылығының төменгі көрсеткішін де осымен түсіндіреді. Кәсіпорында көптеген жұмысшы-қызметкерлер ондаған жылдар бойы еңбек етіп келеді. Мұның барлығы жинақтала келе, мамандардың кәсіби біліктілігінің жоғары деңгейімен үйлесім тауып, ұжымдағы қолайлы микроахуал қалыптасқандығын білдіреді.

Компанияда ЖШС қызметкерлерінің денсаулығын нығайту үшін барлығы да қарастырылғанын айтады. Мәселен, бассейн, футбол және фитнес-залдарын жалдау, сондай-ақ басқа да игіліктер пайдаланылады. Бұл тұрғыдан алғанда, бірде-бір пункт қысқартылған жоқ.

Әлеуметтік қорғаудың нақ осындай тиімді жүйесі компанияға білікті мамандарды тартуға жағдай жасайды, кадрлардың тұрақтамаушылығын азайтады және табысты өндірістік қызметтің негізі болып табылады.

— Біздің міндетіміз — көмірсутегі шикізатын өндіру және біз адал ниетті жер байлығын игеруші ретінде ылғи да ең үздік және инновациялық әдістерді пайдалана отырып, сапалы атқаруға ұмтыламыз, сондай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы ұдайы есте ұстаймыз, — деп атап көрсетті «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС бас директоры Чжао Цзичэнь.

Ұңғыма құрылысы бағдарламасы

2014 жылдан бері экономикалық дағдарысқа байланысты ЖШС-да мұнай ұңғымаларын бұрғылау жұмыстары жүргізілген жоқ. Алайда өткен жылы компания өзінің кен орындарында ұңғыма құрылысы бағдарламасын жаңғыртты.

Бұл жұмыстар мейлінше күрделі жағдайда жүргізілді деп айту, бәлкім, артық болар. Пандемияға байланысты локдаун мен төтенше жағдай режимі енгізілді. Осындай күрделі жағдайда «МНСК Синопэк Қазақстан» ЖШС мамандары барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, Ақтау қаласынан Мұғалжар ауданындағы Қожасай кен орнына ZJ-70 бұрғылау қондырғысын дер кезінде және талапқа сай жеткізіп алды.

Тереңдігі 3 800 метрге жететін №К-306 ұңғымасының құрылысы 2020 жылғы 1 қазанда басталып, қысқа мерзім ішінде 22 желтоқсанда аяқталды. Осы кен орнының күрделі таулы-геологиялық құрылымын, өнімділік кеңістіктерінің орналасуының мейлінше тереңдігін ескере отырып, бұрғылау телеметрияны қолданумен және гибридті қашаумен роторлы (турбиналық) винтті кенжарлы двигателімен жүргізілді.

Күрделі климаттық жағдайда ұңғыма бұрғылауын қауіпсіз аяқтау мамандардың жоғары біліктілігін, олардың құрылыстағы күрделі техникалық және технологиялық процестерді басқаруды сауатты ұйымдастыра алатындығын, тағы бір мәрте дәлелдеді.

№К-306 ұңғымасы құрылысы барысында «Қазақойл Ақтөбе» және «МНСК Синопэк Қазақстан» ЖШС тәжірибелі қызметкерлері қолданған практикалық ілімдері жоспарланған мақсаттарды мейлінше қысқа мерзімде табысты жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

Сөз реті келгенде айта кетуге болады, бұл «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-ның жоғары тиімділікке қол жеткізу мен күрделі міндеттерді инновациялық шешудің бір мысалы ғана.

Біздің облысымызда ауқымы жөнінен екінші тепе-теңдік негізде мұнайгаз өндіруші кәсіпорынның қатысушылары «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ мен CaspianInvestments ResourcesLtd «Sinopec» болып табылатыны белгілі.

ЖШС 1999 жылдан бері Мұғалжар және Байғанин аудандарында Әлібекмола және Қожасай мұнайгаз конденсатты кен орындарын игеріп келеді.

Табыс тарихы

Бұл кен орындарын игеру негізінде оңайға соқпады: күрделі тау-кен-геологиялық құрылымы, өнімділік кеңістіктерінің орналасуының мейлінше тереңдігі және қималардың күшті жіктелуі өңдеу жұмыстарын барынша қиындата түсті.

1999 жылы «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-ның келуімен ғана жағдай өзгеріске ұшырады. Компания ұңғымаларды іске қосуда жаңа технологияларды және оларды бұрғылауда, күрделі жөндеу жұмыстарында заманауи атқарымдарды қолдана бастады.

2001 жылдың шілдесінде Әлібекмола кен орнындағы №51 бірінші озыңқы ұңғыманы бұрғылау басталды, ал осы жылдың 3 желтоқсанында алғашқы мұнай алынып, үлгерді. Бұл ұжымға сенім берген және жігерлендірген алғашқы жеңіс еді. Инновациялық үдерістер өнімділікті ұлғайтуға және көмірсутегіні өндіруге байланысты тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік берді.

Соңғы жиырма жылдық көлеміндегі компанияның жемісті жұмысы мен табыстар тарихы ерекше әсер қалдырады. Мұғалжар ауданында Әлібекмола және Қожасай кен орындарын игерумен бір қатарда ауқымды әлеуметтік маңызды жұмыстар да жүргізілді. Атап айтар болсақ, бұлар — Әлібекмоладағы УКПГ-50 және Қожасайдағы УПГ-29 ілеспе мұнай газын өңдеу зауыттары.

Қондырғы іске қосылғаннан бері өңдеуші зауытта 3,681 млрд текше метрден астам құрғақ тазартылған газ, 184 мың тонна пропан-бутанды техникалық қоспасы, 94 мың тонна тұрақты газ конденсаты және 43 мың тоннадан астам техникалық (түйіршіктелген) күкірт дайындалды.

Зауытта жыл сайын 390 млн текшеметр шамасында газ өңделеді. 2019 жылдың шілдесінде Әлібекмола және Қожасай кен орындарында мұнайдың 15-миллиондық тоннасы өндірілді.

Компания мұнай өндіру және кен орындарын игеру барысында азаматтардың өмірі және денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаға құқығын қамтамасыз етеді. Осыған байланысты халықаралық стандарттар талаптарына жауап беретін қоршаған орта мен еңбек қауіпсіздігі бойынша бағдарлама жасалып, енгізілді.

Мұнайшылар қолдауымен

 «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС мүлтіксіз іскерлік беделге ие және жоғары әлеуметтік жауапкершілігі бар компания деп бекерге айтылмайды. Міне, жиырма жылдан астам уақыт бойы мұнда корпоративті мүдделерге берілгендік айқын көрініс тауып, белсенді азаматтық ұстаным іс жүзінде орын алып келеді.

Бұл жерде басқаша болуы мүмкін де емес сияқты. Егер де мұнайшылар біреуге көмектесуді қолға алса, оны барлығы да шын жүректен, жан-тәндерімен, ерекше ынтызарлықпен атқарады. Өңірдегі бірде-бір қайырымдылық акциясы олардың қатысуынсыз өткен емес.

Серіктестік өздері пайдалы қазба өндіретін аумақтағы аз қамтылған тұрғындарға ғана емес, сондай-ақ облыстағы әлеуметтік жағынан аз қорғалған тұрғындардың көкейкесті проблемаларын шешуге және күрделі тіршілік жағдайын бастан кешіп отырғандарға да көмек қолын созады.

«Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы аясында ЖШС аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балаларды қолдап отырады.

Мұнайшылар қарттар және ұрпақтар сабақтастығы, Мүгедектер күні сияқты атаулы күндерді ешқашан да ескерусіз қалдырмайды. Серіктестік «Ақтөбе» мүгедектер қоғамы мен «Қазақ зағиптар» қоғамына дәстүрлі түрде көмектесіп келеді.

Биылғы жылы компания қызметкерлері 2018 жылы іске қосылған «Мейірім» бағдарламасын қолдауды одан әрі жалғастырды. Бағдарлама жетім балаларды болашақта олардың өз тұрғын үйлеріне ие болуы үшін «Отбасы банк» АҚ-ға жеке есепшоттарына қаржы жинақтау арқылы қолдауды көздейді.

«Мейірімнің» мақсаты — жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік және құқықтық кепілдіктермен қамтамасыз ету, олардың тіршілік жағдайларын жақсарту болып табылады.

Мұнайшылар қолымен атқарылып жатқан игілікті істердің барлығын бірдей тізбелеп шығу мүмкін болмас еді. Жанашырлық, өзгеге қамқорлық, жүрек жылуын сыйлауға ұмтылу олардың әрқайсысына тән және ЖШС жүзеге асырып отырған әлеуметтік бағдарламалар аясында басымдықтағы бағыттар болып табылады. Сондықтан да көптеген соғыс және еңбек ардагерлері, қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар «Қазақойл Ақтөбе» қызметкерлерін — өздерінің сенімді достарын әрі қолдаушыларын әрдайым асыға күтеді.

Ләззат ЕГІБАЕВА.

(Фотосуреттер «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС архивінен алынды).

Басқа жаңалықтар

Back to top button