Әдебиет

Ізгілік іздері

Қазақ сатирасының сардары, публицист, қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлағатты ұстаз Үмбетбай Уайдиннің көзінің тірісінде, бұдан 15-16 жыл бұрын белгілі сатирик жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көпен Әмірбек онымен сұхбаттасып, екеуара әңгіме түріндегі «Із» атты кітапты жарыққа шығарған еді.   

Халықаралық күлкі күні қарсаңында оқырманға осы кітаптан газетімізге лайықталған үзінді ұсынғанды жөн көрдік.

Ойда-жоқта Үмбетбай ағамен ұшырастым. Құрақ ұшып, жаным қалмай амандасып жатырмын. Неге елпілдемейін! Осыдан отыз жыл бұрынғы оқиға есіме түсті. Қар жастанып, мұз шайнап жүрген жиырма бес жасымда саяси-сатиралық «Ара» журналына фельетоншы боп орналастым. Үмбетбай ағам бөлім меңгерушісінің орынбасары. Тікелей бастығым.

Алғашқы фельетонымды уытты тілмен жаза алмай әбден әуреге түстім. Жатып қалған жабағы тоқтының көтерем күйін кештім. Жазғаным жарамайды. Редактор белден бір сызады да, «Қайтып жаз» деп белгі соғады. Барымды салып шұқшыңдаймын. Тағы да жаратпайды. «Өткірлей түс!» — дейді. Құдай-ау, бұрын-сонды тірі кейіпкеріңнің жон терісін сыпырып, кім фельетон жазып көрген? «Менен түк шықпайды» деген шешімге келдім де, отыра қап жұмыстан шығу туралы арыз жаздым. Ол қылығыма Үмбекең жымиды. Сөйтті де, жинаған фактілерім бойынша ойнақы фельетонды өзі жазып, соңына менің аты-жөнімді қойды. Ма­ншинкаға бастырып, ұялмай-қызармай өз атымнан редакторға үшінші рет ұсындым.

— Е, мынауың жақсы дүние. Сендерге ұрыспай жүр екенбіз ғой. Сонда ғана жақсы жазады екенсіңдер ғой! — деді редактор ризашылық білдіріп.

Міне, менің алғашқы фельетонымның тұсауын қазақтың мүйізі қарағайдай сықақшысы, қамқоршы ағам Үмбетбай Уәйдаұлы кескен!..

…Мінезі қойдан жуас қоңыр көрінгенімен — шалт. Анау-мынау артық-тыртық қылығыңды жібермейді, қолма-қол қағып тастайтын қалыбы қабағының астында бұғып жатқандай. Адалдығы алыстан мұнартып көрінгесін, өзің де аса батып артық кете алмайсың. Жібектей мінезі жіпсіз байлап қоятындай. Бірінші рет болмысына анықтап қарап, назар аудардым. Сол баяғы мен көрген Үмбекең. Өзгермеген. «Тоғызыңда қандай болсаң, тоқсаныңда сондай боласың» деген рас-ау.

Екеуара әңгімеге көштік…

— Пайғамбар жасынан әлдеқашан астыңыз. Шариғат бойынша, адамның бір иығында періште, бір иығында шайтан отырады екен. «Періште пендесін Алланың ақ жолына қарай жетектесе, шайтаны түскір азғырып, теріс жолға түсіруге барынша итермелейді», — дейді. Пендешіліктеріңіз бар ма?

— Періште емеспін, пендемін. Пенденің пендешілігі болмай тұрмайды. Пендешілік дегеніміз — екібастан, біліп- білмей, байқамай, әдейі, жорта жасаған әркімнің ағат қателіктері. Өмірімде бір-екі рет кешірілмес қылмысқа бара жаздадым. Құдай сақтады.

— Сіздің аты-жөніңіз алты алашқа әйгілі болса да, атақ-дәрежеңіз жоқ. Неге? Жарықтық Жарасқан Әбдірашев та:

«Атақ жоқ менде,

Медаль жоқ менде,

Жоқ орден!..

Отызға келдім,

Осыған қалай көнермін!» —

деп толғағанын білеміз. Осы тұрғыдан қарағанда, іштей өкініш немесе қызылды-жасылды дәрежеге қыжылыңыз кей-кейде бой  көтере ме?

— Ол жағын өзің жақсы білесің: бай да, батыр да, Еңбек Ері, өнер, спорт жұлдызы да, не болмаса атақ-даңқы жер жарған қоғам қайраткері де емеспін, қатардағы қарапайым қаламгермін.

Парламент мүшесі де болғаным жоқ — зәулім сарайды көзіме елестете алмаймын. Қанатты орындықта шалқайып отырған әйдік әкім де, ғылымға зор үлес қосқан академик те мен емес. Тұлғаға жатпаймын. Космонавт… лауреаттық та менің пешенеме жазылмаған. Лауреаттыққа татитын, яғни қыр басында жарқырап, өткен-кеткенді қол бұлғап шақырып тұрған керемет туынды жаздым деп те айта алмаймын. Омырауымда қаз-қатар тізілген орден-медальдарым һәм жоқ. Көңілге жалғыз медетім: ауызша, жазбаша мақтау-марапат жағы, шүкір, баршылық. Олардың ішіндегі ең-ең мәртебелісі — Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Құрмет грамотасы». Оның өзін осыдан жиырма жыл бұрын алғам.

— Түпкі ойыңызды түсіндім, аға. Абыройлы болу — аяққаптай кеудеңе таққан орденнен жоғары сияқты. Белгілі кісілер үлгі етіп, көпшілікке паш етсе, мақтау грамотасын алғандай сезінеміз. Меніңше, медаль мен орден еңбегіңді ресми тұрғыда бағалау ғана емес пе?

— Енді абырой дегеніміз осы емес пе? Ырғыз, Шалқар аудандарының Құрметті азаматымын. Орден-медаль, иегерлік (лауреаттық) — адам еңбегінің бағасы, бағалануы. Мен оны бірде-бір замандас-армандастарыма көпсінбеймін, әңгіме қылмаймын. Өзім үшін ең үлкен мақтау-марапат — адамдардың шынайы, жылы сөзі. Атыма айтылған бірер ауыз өкпе-наз немесе жылы сөздерді мен бүктеп-бүктеп, умаждап, қоқыс жәшігіне лақтырып тастамаймын, жинап жүремін. Мен оларға құрметпен қараймын әрі оларды ештеңенің парқын білмейтін, сөздің бағасынан мақұрым кім көрінгенге көрсетпеймін. Ешкімге еш жерде айтпаймын. Өйткені мен үшін ол жақсы сөздер — мақтаныш емес, мерей!

Жақсы сөз! Жақсы сөзді кім жек көреді. Бала кезде құманмен қолға су құятынбыз. Үлкендердің үйретуі бойынша, құманның шүмегінен ұстап, сарылдатпай, шашыратпай, үзіп-үзіп құю — әдеп, тәртіп-тұғын. Сондайда қарттар: «Ай, бәрекелді, мынау қандай жақсы бала, қолға суды әдемі құяды екен», «Көп жаса, үлке-е-н жігіт бол», «Молда бол» десе, ішімнен мәз болатынмын. Алғыс, жақсы сөзге сол кезден етім үйреніп кетті ме, білмеймін, күні бүгінге шейін соған мойыным бұрылып тұрады.

Өмір бойы жақсы сөз есту қайда, жеке мұрағатымда түрлі түсінбестіктен туындаған жайсыз хаттар да кездеседі. Сын, өкпе-ренішті мен, жалпы, бетім быттиып өте қиын қабылдаймын. Мүмкіндігімше ондай жағдайдың алдын алуға тырысамын. Әлдекімнің сәлемі не сөзі дұрыс болмаса:

Біреу сәлем бермей кетсе қайырылып,

Қабағыма ұялайды қайғы-бұлт.

Қай уақытта өкпелетіп алдым деп,

Дөңбекшимін түнде ұйқымнан айырылып, —

деп ақын Сырбай Мәуленов ағамыз жырлағандай, жаным жабығып қалады (Мен, жалпы, өсек-аяң, қаңқу-шаншудан күштімін, көңілсіздіктің, көз жасының алдында әлсізбін!..)

— Атам қазақ «Жақсы сөз — жарым ырыс» дейді. Жылы сөзге майдай еріп, жібектей есілесіз бе?

— Әрине. Жылы сөз естігенді өзім қалай жақсы көрсем, басқаларды да жақсы сөзбен қуантқанды ұнатамын. Имандай шыным.

— Жұмыр басты пенденің бәрі табиғатпен тамырлас, сабақтас. Өсіп-өнуі де аумайды.

Жапырақ-жүрек жас қайың,

Жанымды айырбастайын.

Сен адам бола бастасаң,

Мен қайың бола бастайын.

Келісесің бе, жас қайың? —

деп Мұқағали ағамыз тамырын тап басып жырлаған ғой. Сіз өзіңізді табиғаттың қай тұстарына балайсыз? Үйіңіз Алматының төрінде, аржағы — Алатау. Самал жел, сиқыр көріністен тыныс аласыз ба?

— Гүлге, гүлзарға қарап, жаңа салынып, тұтынуға берілген үйлерге, ерсілі-қарсылы машиналар зулаған әдемі көшелерге, адамдардың қуанған көздеріне қарап денсаулығымды түзеймін. Құдай сәтін салған шығар, біз тұратың үйдің терезе-балконы жағынан айнала-төңірек (панорама) тамаша көрінеді. Денеме сол көріністен денсаулық сорамын. Сол арқылы бақытымды бағалаймын. «Кейбір адамдар өздерінің қаншалыкты бақытты өмір сүріп жүргенін де аңғара бермейді» (Люк де Вовенарг). Бұл сезімімді мен оқта-текте балаларыма қарасөзбен, өлеңмен түсіндіріп қоямын.

… Махаббатқа мал дағы сезіміңді,

Гүр еткізіп оталдыр төзіміңді.

Сосын бар ғой, әй, балам, сосын бар ғой, —

Алатауға аунасын көзің күнде.

 

Гүлге қонсын жайнаған көзің күнде,

Онсыз семіп қалады сезім мүлде.

Жұлдыздармен бір мезгіл әңгімелес,

Жүрегіңнің жымыңын өзің біл де…

Табиғатта өтірік ештеме жоқ: күйдіріп-жандырса да — шын, борандатып-дауылдатса да — шын.

Адамзат та табиғаттың бөлшегі. Солай бола тұра, адам баласының өтірігі — аяқ басқан сайын. Отанға опасыздық дейміз бе, отбасының ойраны дейміз бе — көп сұмдық содан! Оған жалған сыпайылықты қосайық. Қытай данагөйі Конфуций: «Жақсы адамды көргенде оған теңелу жайында ойлан да, ал жаман адамды көргенде өзіңді-өзің зертте» депті ғой. Жалған сыпайылыққа бұрылып бара жатсам, мен әдемі көріну үшін әсем сөйлемейтін Өтежан, қос Сәкен (Жүнісов, Иманасов), Ғаббас, Қадыр, Бегділдә, Қалихан, Мұхтар (екеуі де), Ақұштап сияқты қаламдастарды көз алдыма әкелемін.

— Мұрағатыңызға аз-маз сүңгіп-сүңгіп шығуға рұқсат па?

— Рұқсат. Саған сенемін. Тек бір есіңе салмағым: онда дос-жаран, ағайын-туыстарымның аузынан шыққан «Со­крат», «Салтыков-Щедрин» деген сықылды менің размеріме келмейтін артық мақтау-мадақтаулар бар. Сондайларды айналып өт. Әйтпесе жұрт бізге ернін шығарады. Размерімді
көзің таниды, сөйт. Студент-жастардың ықылас-ниетінде көп өтірік болмайды, оларға орден бермесең де, қағазыңнан шамалап орын бер.

— «Бесiктегi бала да үлкен түс көредi» дейдi Расул Ғамзатов. Бiрақ оны жоритын адам керек. Ең алғашқы көрген түсiңiз есiңiзде ме?

— Кiм көрген түстерiн нөмiрлейдi? Бала кезден бермен қарай түстiң небiр түрлi түстi сериясын көрдiк қой, олардың қайсысы бiрiншi, қайсысы жетiншi — ит бiлiп пе?

Соғыстың алдында ма, әлде соғыс басталып кеткеннен кейiн бе, бiр түсiмде қатты дауыл тұрды. Қорқынышты әлдене терезенi сындыра жаздады. Шошып ояндым.

Аманжол есiмдi iнiм болды. Бiр күнi бiр сап-сары бала жан-жағын көзiмен шолып, Аманжолдың бесiгiне еңкейiп қараған сияқтанды. Көзiмдi ашсам — түсiм. Үйде сары бала да жоқ, сайтан да жоқ. Шешемiздi «әже» дейтiнбiз, мен «әже-е!» — деп айқайлап, шешеме қарай аунадым. Сол түстен кейiн өзiм қатты ауырдым. Ал Аманжол азаппен өлдi. Ол жайында басқа бiр шығармаларымда жазғанмын.

Түс көрмейтiн адам бола ма? Түс жори бiлмейтiн ше? Максим Горький екiншi дүниежүзiлiк соғыс алдында бiр түс көрiптi. Түсiнде аспаннан байпақ жауыпты. Максим Горькийге керiсiнше Шыңғыс Айтматовтың түс көрмейтiн күнi жоқ екен. Көзiн жұмса болды — түс.

Өзiмдi айттым ғой, түс көремiн. Бiрақ көбi есiмде қалмайды. Есiмде қалғанын жорып жарытпаймын.

Әу демейтiн қазақ жоқ... Қаршадайымыздан қазақтың қара өлеңiн жаттап өстiк қой, аға. Сiздiң бала кездегi алғаш рет айтқан өлеңiңiз қайсы? Халық әнi ме, әлде соғыс кезiндегi ауыл әнi ме?

— Нағашы әжем Шолпан соғысқа кеткен жалғыз баласы Жасағанбергендi өле-өлгенiнше күттi. Құмалақ салатын. «Осыдан Жасағанбергенжаным аман келсе» деп басталатын өлеңi бар едi. Қой бағып, мал қайырып жүрiп айтатынмын, есiмде қалмапты. Май шамның түбiнде етпетiмiзден жатып қисса оқитынбыз. Ыңылдағаным болмаса, мен, жалпы, ән сала алмаймын. Домбыра сабалайтыным бар. Той-қызықтардағы қолқадан халық әнi «Жеңешенi» айтып құтыламын. Өзiм ән-күйдi өлiп-өшiп тыңдаймын. Асүй жақтан ән-күй естiлсе, жүгiрiп барып радионың құлағын ашамын. Екi есеп-бiр есеп дегендей, кейде ән-күй тыңдап тұрып, ыдыс-аяқты салдыр-күлдiрсiз жуып тастаймын.

Ән жайындағы жан сырым өлеңдерiмде бiршама баршылық:

… Ән, шiркiн,

ашық дауыс құдiрет – сен.

Бiлмейсiң сөз сөйлеудi күбiрлеп сен.

Өсiмтал өсiмдiксiң,

көңiлдерде

Шығасың ертең өсiп, бүгiн ексем!

 

… Мағлұмат берсем аз-кем өз жайымнан,

Жоқ сәтiм әннен құлақ, көздi айырған.

Жетемiн ән бар жерге қалбалақтап,

«Ән салып бер» десе кiм, сөз қайырман.

… Басқанын, көрiп жүрмiз қанша адамның

Жүз грамм, бiр жартымен шаршағанын.

Мен болсам… шаршап құлап бара жатып,

Барылдап бар даусыммен ән саламын.

Солай, бауырым, ән-күй жүрген жерден шыға алмай қалатын бұл көкеңнiң «айналшық» деген ауруы бар. «Әндi сүйсең, менше сүй» (Абай).

 — Сiздi бiлетiн жұрт «Арқасы жер иiскемеген палуан!» дейдi. Ендi бiреулер «Мұрныңды бет қып, бетiңдi ет қып жiберетiн шойын жұдырық боксер болған!» дейдi. Әрине, әлем чемпионы болған жоқсыз. Спорттағы дәрежеңiз қандай сонда?

— «Қазақ қосып айтады, қосып айтпаса несiн айтады». Құрбы-құрдастардың құтыртып айтып жүргенi ғой. Рас, қолғап кидiм. Жеткен жерiм 3-разрядтың о жақ-бұ жағы…

— Сiз көп жыл бойы үлкендi-кiшiлi, iрiлi-ұсақты баспасөзде, әсiресе саяси-сатиралық «Ара-Шмель» журналында тер төгiп, тепеңдедiңiз. Қадалған жерден қан алып, қаншама фельетон жаздыңыз. Сондай сәттерде қателiк жiбердiңiз бе?..

— …1958-1960 жылдар аралығында Шалқар аудандық «Коммунизм таңы» газетiнiң баспаханасында жұмыс iстедiм. Күндiз аудан мекемелерiнен түскен заказ-бланкаларды басып, түнге қарай (аптасына үш рет) газет шығарамыз. Әрiп терушiлердiң Әбдiсағи Мүтәлиев деген жiгiттен басқасы қыз-келiншектер-тұғын. Баспаханада небәрi үш жiгiтпiз. Мен аға печатьникпiн. Қасымдағы серiгiм — Аманбай Көздiбаев. Ол бүгiнде Ақтөбе қаласында тұрады. Кәсiби журналист. Аманбайдан кейiнгi көмекшiмнiң аты-жөнi — Ниетбай Маманбаев. «Ейск» түнiмен сарт-сұрт.

Жаңылыспасам әскери-теңiз флоты күнi валикке қағаз оратылып, қарiп (шрифт), клище ұшып, бiресе қағаз тастап тұратын тақтайшаны жiп iлiп, түнiмен әбiгерге түстiк. Ол кезде клище таза қорғасын емес-ау деймiн, әйтеуiр, темiрден құйылып келетiн. Кейiн пластмасса клище пайда болды.

Содан газеттi басып болғаннан кейiн бiз үйiмiзге қайттық. Мен апа-жездемнiң үйiнде жататынмын. Ертеңiне апам ұйқымнан оятты. «Саған жұмыс жағыңнан бiр қыз бала келiп тұр» дейдi. Орнымнан атып тұрып сыртқа шықсам, әрiп терушi қыздардың бiреуi екен. Оның бар айтқаны: «Тез жет, редактор ағай шақыртып жатыр!». Редакцияға барсам, бүкiл ұжым дүрлiгiп кетiптi. Редакцияның кезекшi қызметкерi мен корректор шыр-шыр. «Бiз қол қойғанда бәрi дұрыс болатын, мiнекей».

Бақсақ, мәселе былай болған. Түндегi әбiгер кезiнде қайта-қайта ұшқан клищенi бетке терiс салып қойыппыз. Басын төмен, аяғын жоғары қаратып. Абырой болғанда «брак» шамалы ғана екен.

Редактор Тiлеужан Шойғарин деген ағай бiр тамаша кiсi болатын. Ол кiсi бiздiң әлгiндегiдей ағаттықтарымызға түсiн суытуын суытса да, болашағымызды ойлаған шығар, кешiрiммен қарады…

Қандай қиыншылығы болса да алыста қалған жастық шақ кiм-кiмге  де сағыныш қой. Газет, баспахана бояуының өзi қазiр ұзақ, көңiлдi әңгiменiң желiсi. Қара бояу қолымызды кесекпен ысқылап жусақта оңайлықпен кете қоймайтын. Тырнақтың қап-қара көбесiн көрсетпеу үшiн қыз келiншектермен сәлемдескенде мен көбiне оларға қолымды бүкiрейтiп ұсынатынмын. Қайран жастық!

Жазған бiр хатында Аманбай дос әңгiмесiнiң бiр қайырылысын баспаханаға бұрып: «сағындым!» дептi. Мен де!

— Адам деген не? «Адам емес… Адамгершілігі жоқ» деген тіркестің бәрі түптің түбінде «Адамнан» тарайды…

— Жақсылық пен жамандық кеше, бүгін айтылып жүр ме? Адам, адамгершілік мәселесі де кеше, бүгін қозғалып келе ме? Жоқ, бұлар — шешуін тапқан, таппаған мәңгілік қозғалыстағы бүкіладамзаттық проблемалар, мәңгілік процесс. Бұдан алты мың жылдай бұрын Египет патшасы, яғни ертедегі перғауындардың бірі туысқанына заманның бұзылып, адамдардың ішкілікке, азғындыққа салынып бара жатқанын қаны қарайып жазады (Р.Тоқтаров). Ендеше, әлгі «мәңгілік процесіміз» рас болды ғой?

«Адам дегеніміз не?» Адам «жынданса» — жыртқыш, жыны басылса — адам. Әр адам — жақсы мен жаманның жүз пайызы емес, орта есебі. Мына сен жүз пайыз жақсысың ба? Мына мен жүз пайыз жақсымын ба? Ең жаман деген адамның бойында бір түйір, жарым түйір жақсылық жүрмеуі мүмкін бе? Ендеше, гәп сол бір жақсы нәрсені табанмен таптап езіп, өлтіруде емес, өндіруде ғой! Айналып келгенде, әңгіме тәрбиеге барып тіреледі. Абай ата: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», — деген емес пе?

Жақсы адам дегеніміз — бойына жақсы қасиеттерді мол жинаған, тәрбиелі, өнегелі адам… «Адамды тәрбиелей алмай, ғылым-білімге үйрететін болсақ, ол міндетті түрде апатқа соқтырады» (Әл-Фараби).

Тәрбие! Тәрбие! Император I Наполеон өте мінезді адам болғанға ұқсайды. Ол тек әйелінен ғана сескенген көрінеді. Ал жұмыста сұмдық мазасыз болған. Бірде кабинетінде сыртқы істер министрі, дипломат Талейранның «андайсың, мындайсың» деп жер-жебіріне жетеді. Талейран орнынан түрегеліп, аяғын сылтып басып есікке шейін барады да, — тұтқадан ұстап тұрып, артқа қайырылып: «Осындай ұлы адамның тәрбие көрмегені қандай өкінішті», — деп, шығып кетіпті.

«Тәрбие көрмеген» деген қандай ауыр сөз. Көргенсіз дегенге де жақындайды-ау?

Адам, жақсы адам дегеніміз — мейірімді адам. «Мейірімді адам дегеніміз — жақсылық жасамаса да, жамандық жасау қолынан келмейтін адамдар» (Василий Ключевский).

«Ең үлкен қателік — өзіңді табиғатыңнан артық етіп көрсетуге талпыну» (Уолтер Баржат). Бұл жолдың авторы жасандылықты мегзеп отыр-ау, сірә. Жасандылыққа байланысты Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыздың бір жазғаны жадымда. «Атқа мініп жүрген көптеген азамат, — дейді ол, — көп мінезді қолдан жасайды. Олардың ол мінез-құлық, жүріс-тұрыстары біреудің шапанын, болмаса костюмін кигендей не қолпылдап, не салпылдап қонбай тұрады». Рас та ғой!

Жасың кіші, осы тұста өзіңе қаратып айтар бір үлкендігім, жақсы көріну үшін жақсы болма, жақсы болу үшін жақсы бол.

Ақылды адамдар өзінің басқаларға қарағанда ақылды екенін сезеді де, бірақ байқата бермейді. Ал кемпарықтар кемеңгер боп көрінуге тырысады, ділмарсып, асып, тасып, үйездеп сөйлеуге үйір. «Шолақ сай тез тасиды» дейді. Сіз әр кезде әрқалай мінез танытпайсыз. Бірқалыптысыз. Бұл не, Үмбеке, сол кездегі жағдайға байланысты көңіл күйіңіздің көктемі, жазы, күзі, қысы болғаны ма?

— Тыңда. Ақын Дүйсенбек Қанатбаевтың курстас достары жайында:

«… Әнесім, Қажешім — көңілдің саласы,

Қос Төлен — көзімнің ағы мен қарасы.

Үмбетбай — сабырым,

Ал Қадыр — айқайым,

Достарым бар менің,

Қайбірін айтайын» — деп басталатын өлеңі бар.

Иә, сабыр — Құдіреттің маған берген кішкентай ғана сыйы. Сабыр дегенде, әрине, жақсыға да, жаманға да ыржаң-ыржаң күле беретін, әлдекімдер «әкең» десе де, «шешең» десе де мыңқ етпейтін мырқымбайың, намыссыз нақұрысың мен емес, бауырым. «Дауыл болмай, жауын болмайды» (Майқы би). Дауылдататын да, жауындататын да кезіміз бар. Біреу аяғын басып кетсе, мысық екеш мысық та шарылдап жаман дауыс шығармай ма? Сен де менің намысымның аяғын басып көр — қандай дауыс естір екенсің.

— Оспанхан, Сайын, Есенжол ағаларымыз Құрманғазы атындағы консерваторияда оқығанымен әртіс боп кеткен жоқ, қазақ әдебиетінің қаламгерлерін толықтырды. Шәмші Қалдаяқов жоғары оқу орнын бітірмей-ақ Шәмші боп қалған жоқ па? Атақты суретші Әбілхан Қастеев оқу оқымаса да «Сурет салуды таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, апамның киізінен, ешкінің мүйізінен үйрендім», — деп ағынан жарылған.

Сықақ жазуды біреуден үйрендіңіз бе? Әлде әлдекімге еліктеп жаздыңыз ба? «Тіпті де олай емес, Құдайдың берген қасиеті!» – дейсіз бе?

— Еліктеу-солықтау, үйрену, әлдекімдерге ұқсауға тырысу — өнер жолының бастапқы кезінде әркімнің де басында болатын табиғи жағдай. Үйрену әркімнің өзімен өмір бойы жүре береді де, еліктеу-солықтау біртіндеп қалып, әркім түптің-түбінде өнер-өлеңнен өзін табады. Мен әдебиет пен журналистиканың әр жанрында қалам тартып келемін. Ғылымға үлес қосу мәселесінен де дәмем болды. Соның бәрінен сатира жанрында көбірек көріндім. Жұртымның мені «сатирик» атап кетуі содан болар. Ал енді, ешқашан еш жерде «сатирикпін» деп, мен өзімді дардай қылған адам емеспін. Жазған-сызғандарыма «сықақшы» деп, «сати­рик» дегенді тіркеп жүргендер көбіне-көп редакциядағы ағайындар. Бойымда сықақшылық қабілет бар ма, жоқ па, білмеймін. Олай дейтінім, әр кезде алдымнан әртүрлі әңгіме шықты.

Мен мұрағат (архив) жинайтын адаммын. Онда әр кезде әркімдердің аузымен айтылған жүздеген тілдей хаттар да кездеседі. Қажетсінсең, сүңгіп шығуыңа болады. Сол тілдей қағаздардың бірі: «Бір қарағанда сатирик-жазушыға ұқсамайсыз. Тау қозғалса қозғалмайтын, өте сабырлы ағайсыз. Сатира жазуыңызға өміріңізде алғаш әсер еткен оқиға болды ма?» — дейді.

Қай кезде де кішкентайларға әлімжеттік жасайтындар көп қой. «Кішкентай болған соң маған да әркімдер тиісті. Әлім жетпегендерді қашып бара жатып тіліммен шақтым. Сықақ деген өнерге көбірек үйірсек болсам, оған, бәлкім, сол жағдайлар себеп болған шығар», — деп, әлгі сауал-сұрақ қойғандарға осылай қалжыңдап жауап қайтарып жүрдім. Бұл — бергі жағым. Арғы жағымдағы ойым басқаша.

Біздің жақта «Сығайдың сықағынан сақтан» деген әңгіме бар. Сығай — менің бабам, өзімнен санағанда бесінші атам. «Сатирик», «сықақшы» атануыма қарағанда, кім біледі, бойымда сол бабамнан бірдеме бар шығар.

Студент кезімізде жастар бір-біріне жаңа туындыларын оқитын. Дүйсенбек Қанатбаев, Марат Отарәлиев (марқұм), Төлен Әбдіков, тағы бірнеше студент сол дағдымыз бойынша бір күні жаңа шығармаларымызды оқыдық. Менің бір сықағымда «Ақ кепканың астындағы қайран қара бас-ай» деген жол бар еді. Төкең (Төлен) сол жолды қайталай берді. Сәлден соң Төкең «меніңше, сен, Үке, лирикадан гөрі сын-сықаққа бейім сияқтысың», — деді. Сол жылы сөз түрткі болды ма, әлде Темірбек Қожакеев ұстазымыз беретін сатира сабағы қозғау болды ма, әйтеуір, сатира жағына көбірек мойын бұрғаным рас. Қожакеев ұстаз бірде аудиторияда менің бір фельетонымды талдап, жылы пікір айтты. Мүмкін, сол жылы сөз мені қанаттандырды ма, кім біледі. Мейлі, біреу мойындап, біреу мойындамасын, әйтеуір, қазақ сатирасы сарбаздарының ішінде келе жатқаным рас…

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button