Әдебиет

Мына әлемнің өтірігі мәңгілік…

Кіндік қаны Ырғыздың Нұрасында тамып, Ақтөбе қаласына қарасты Қызылжар

орта мектебін бітірген Нұрдәулет Қабасов бүгінде Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің 4-курсында оқиды.

Біз есімі әдеби ортада жиі ауызға алына бастаған жас таланттың өлеңдерін «Ақтөбенің» оқырмандарына  ұсына отырып, оның өлең өлкесіндегі қадамына сәттілік тілейміз.

Мына әлемнің өтірігі мәңгілік,

Шындығы да мәңгілік.

Құлдығы да мәңгілік,

Ұрлығы да мәңгілік.

Мәңгіліктің мәңгі ғапыл көзінде…

Менің титтей ғұмырым, отырады мәңгіріп.

Мәңгіліктің сағаттары санаулы,

Мәңгіліктің аспаны да жамаулы.

Неге менің ғұмырымның рухы,

Жүрегімде қамаулы.

Мәңгіліктің

Мәңгіліктің ішінде,

Менің тәнім сіңіп кетті мүсінге.

Менің тауым маңып кетті басқаға,

Менің айым тамып кетті қасқаға.

Мәңгіліктің сен ілмеген кірпігі,

Мәңгіліктің мәңгі ғайып күркірі.

Мәңгілікке ұйықтап кеткен көзімді…

Уа, Тәңірім!

Оятарсың бір күні.

***

Хауадайсың,

Бірақ менің дертімді таба алмайсың.

Пенделердің пейішін аралама,

Арандайсың.

 

Көктемдейсің,

Сабағыңның ішінде көп гүлдейсің.

Жарып шыққын жап-жасыл әлеміңе,

Кейде өкпелейсің.

 

Ғазалдайсың,

Ғазалымды, жаным-ау, жаза алмайсың.

Тағдыр деген тәубешіл жүрегім ғой,

Болмаса тазармайсың.

Пешенемсің,

Кешер болса пір пендең кеше берсін.

Еркің қалып, ертең-ақ өледі елес,

Бағым менің бақытсыз өлең емес.

 

***

Көрініп Қараң төбе,

Аппақ шыңым,

Құдайын құдіреттің сатпақшы кім.

Мен барлық дүниенің терезесін,

Өзімнің көлеңкеммен жаппақшымын.

 

Сен, мейлі,

Сенбе, қалқам,

Езіліп көнге жасым, шерге малтам.

Дауылда дамыл іздеп қалғып кеттім,

Тершіп жер, терледі арқам.

 

Білмессің бұл ғаріптің туыспауын,

Дүние тар болған соң қуыстаумын.

Бұлт ішінде бұйығып сәби отыр,

мен ғой ол…

Тыңдашы аспан тыныстауын.

 

Ғайыпты білгісі кеп ғарасат жұрт,

сұрайды құдайыңды аласарт деп.

Тәңір-ау, жүрегімді жұлып берем,

Мынау жалғыз мендегі парасат деп.

 

Қайтейін көзім көрік,

Бөзім бөрік,

Алсам ғой жұмақта бір көз ілдіріп.

Ей, жалғанның жаутерек жалқы үміті,

Көлеңкеме сүйкенші өзің келіп.

 

***

Қараңдаған қанаттылар ауада,

Қона алмай жүр қоналқысын қалқалап.

Желдеттің ғой, желсіз бе едің, замана,

Жел сыздаған жар қабақ.

 

Маңып жатты ақша бұлттар ауада,

Ағыта алмай арса-арса бауырын.

Желдеттің ғой желсіз бе едің, замана,

Жел сыздаған дауылың.

 

Өріс талдың өңменінен құлаған,

Ауа сызып бара жатты жапырақ.

Мүйізінен мүкіс көрген бір адам,

Ауа сүзіп бара жатыр ақымақ!

 

Аш өкпеге ақырғы рет тығылған,

Ащы ғой сол өксігіңнің ауасы.

Бөз жамылған бүтін бе еді құбылаң,

Бүтін кеткен бес күніңнің дауасы.

 

Аңыздарға ақыр болмас дүние,

Табытты да тас мүсіндер күзеткен.

Саған да жар, маған да жар бір ие,

Тағдырларды түзеткен.

 

Ақылымды ақ сәлдеге ораған,

Ықылымның заманы.

Сен де жұтқан, мен де жұтқан ауаны,

Жерлей алсаң, жерлеп көрші даланы.

пұшпағына батар ма еді бұғанам,

Ауа сызып жазу жазды бір адам,

Сол ауаны соғып кетті самалы.

Ауа сызып жазу жазды бір адам,

Сол ауаны жұтып қойды қаламы.

 

***

Менің тәнім — құжыраның құймасы,

Тәңірімнің рухы бар ішінде.

Менің тәнім — лағынеттің сыйласы,

Айналғанмын мүсінге.

 

Айналғанмын табыттар мен тастарға,

Менің тәнім сағанасы сүлдемнің.

Құдіретін таңып қойған аспанға,

Құдайымнан имендім.

 

Сүмбіл сәуле сыпырылып лыпамнан,

Менің тәнім нұр жамылған пейіште,

Менің анам жұмақ аңқып жұпардан,

Мені емізген иіскеп.

 

Өз жанынан жүрегімді тірілтіп,

Менің Тәнім, топыраққа иленген.

Менің атам қабырғасын суытып,

Хауасына үйленген.

 

Тәнім еркін,

Жаным әлі қапаста,

О, Тәңірім, салдақылық етпедім.

Тәубемді де қабыл алып о, баста…

Сайтанға да кет дедің.

 

Құл басымды құлқыныма билетіп,

Ібіліске әлі де айып тақпадым.

Исрафил сыбызғысын сүйретіп,

Айса түсіп жатқаны!..

О, Тәңірім, менің жансыз тәнімді,

Сайтандарға сатпағын.

 

Кешір мені, кең әлемнің патшасы,

Күнәм үшін жылармын.

Үгітілген асқақ-асқақ таулардың,

соңғы ақыны шығармын.

 

***

Кейде…

ұшып бара жатқан құстың жүрегінің дүрсілін сезем,

Сезем!

Сезгенімді айта алам ба?

Бір адам түсініп, не шешеді

Мың адам байқағанда…

Әлде мына жүректі

Өз Жаратқанына қайтарам ба?!

 

Кейде…

Бөкеннің мөлдір көзіндегі мұңды көрем,

Көрем!

Көргесін де мұңданамын.

Тұлдыр етім дүрсілдеп, құндақ арым.

Білмеймін, не көрсетпекші бұл ғаламым,

Білмеймін, не дәлелдемекші бұл қаламым.

 

Кейде…

Алыстағы арланның ащы өзегіндегі айқайды естимін.

Естимін де тұншығамын,

Бұлай тексіз демікпес құрсын әлім.

Маған да өңеш біткен өмір болса,

Ұлы қырыңа бір шығармын.

 

Кейде, кейде…

Мына әлемнің барлық қиындысы жайлы ойланамын.

Ойлаймын да намыстанам,

Пенделерді қолына шам ұстаған,

Пейілді бірен-саран ар ұштаған.

Көлеңкесі қысқарған құжырадай,

сосын өз-өзімнен қалыс қалам.

 

Кейде…

Барлық сұлулықты көрем,

Барлық сұлулықты сезем,

Сондықтан да…

Ақындардың жүрегін сүю керек сұлулар,

Сұлулықта суымайтын жылу бар,

Ақындардың ақыретін ұғыңдар.

 

***

Ей, Шадияр! Жонын сүртіп ала қар,

Ала қашты еркімді.

Мына мені кешіріңдер, бабалар,

Көп ұрладым сертіңді.

Ей, Шадияр! Мінез таппай досымнан,

Көр басыма күнде дұға қайырдым.

Көп күншілге көлеңкесі қосылған,

Өтірікші шайырмын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button