Әдебиет

Жарқамыста туған жыр

Өлең әлеміне тағы бір үміткер қосылды. Баспадан байғаниндік Самалгүл Жиенбаеваның «Дүр дүние» атты тұңғыш жинағы жарық көрді.

Жүрегі жырламайтын қазақ жоқ. Оның ішінде Жарқамыс секілді қасиетті де киелі мекеннен шыққан ақындар баршылық. Кезінде Қадыр ақынның бұл өңірдің табиғатына таңғалып, «Бұл жерде туып-өскендердің ақын болмауы мүмкін емес» деуінде үлкен сыр жатыр. Осы жерден шыққан Тобық, Бәкір, Сәбит, Өтежан, Есенбай, Қажығали, Тынымбай, Мәди, Ибадулладан кейінгі толқын Жаннаның  жырлары талайдың көңілінде сыр болып сақталған. Солар өлеңге қосқан сұлу табиғатқа тамсанып, жыр гүлін аялап жүрген қалам иесінің бірі — Самалгүл Жиенбаева. Ол 5-сыныпта оқып жүргенінде-ақ көңіл толқынысын өлеңмен білдіруге ұмтылған. Балғын жырлары аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарда жарияланған.

Ақын туған өлкесін ерекше толғаныспен жырлайды. Балалығы мен жастығына куә болған Жарқамыстың сүмбіл теректеріне жыр арнайды.

 

Талай іңкәр кештердің себепкері,

Сол кештерге сүмбілдер себеп пе еді?

Ең алғашқы сезімнің сыр сандығы

Жарқамыстың сол сүмбіл теректері…

Самалгүл осылай толғанады, ойлантады. Қәдірқұлдың бұлағына арнаған жырында салмақты ой бар.

Қара жердің тамырына айналған бұлағын тарихпен байланыстыра  отыра өлең иіріміне салады:

Бозторғай кеп қыс-жазы жырласады,

Өзен жақтан самал жел үн қосады,

Өсиетін ұрпаққа аманат қып,

Киелі бабам болып сырласады.

 

Бұлақ өзінің басына келгендерге бабалар рухы боп сыр шертеді. Сондай әсерде боласыз.

Өлең көңіл күй тебіренісінен туады. Бірде көктем болып қуанады, бірде күз болып мұңаяды. Әр мезгілдің сағынышты саздарын дөп басып жырға арқау етеді:

Күз!

Мен сені сағынамын.

Толтырсаң да,

Жабырқатып жаныма мұң.

Шық тұнған шақтарыңа малынамын.

Сағындырып

Сен маған келгеніңмен,

Тағы да, тағы да мен жабығамын.

Күз,

Мен сені сағынамын.

Жинақтың жарық көруіне жарқамыстық азамат, белгілі кәсіпкер Әнуар Маханов қаржылай қолдау көрсеткен.

Самалгүл жыр желкенін керіп, үлкен жолға түсті. «Көш жүре бара түзеледі» деген, біз оған сәт сапар тілейміз.

Жақсылық АЙЖАНҰЛЫ,

ақын,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button