Спорт

Батпан темір бақытына жол ашқан

Мерей

Алғашқы қадамдар

Қадіржан Ізғариннің есімін еліміздің спортшылары біледі. Бұрынғы кеңестік кеңістікке, Азия аймағына да таныс. Өйткені ол ауыр атлетикадан КСРО спорт шебері, зілтемір (штанга) көтеруден еліміздің екі дүркін, пауэрлифтингтен он дүркін чемпионы. Бұған қоса  2015-2016 жылдары ардагерлер арасындағы пауэрлифтингтен екі дүркін Азия чемпионы атанды. 2017 жылы Беларусияның астанасы Минск қаласында өткен әлем чемпионатында бір күміс, бір қола медальға ие болды.

Даңқ шыңына қиялап шығудағы әр спортшының жолы өзінше бөлек. Сол сияқты Қадіржан Іскендірұлының болашағы мен бақытына батпан темір жол ашқанын біз жақсы білеміз. Себебі алпысыншы жылдары Ойылдың қазақ орта мектебінде қатар оқыдық. Осы кезеңде жыл келгендей жаңалық сезіліп, орта мектептің өмірінде спортқа бетбұрыс басталды. Халық ауызында «ақ школ» атанған оқу ғимараты жанындағы аядай спорт залда бокс, еркін күрес, сәл кейін зілтемір көтеру үйірмелері жұмыс істеді. Оның бастамашылары екі Амантай Қосжанов, Аманкелді Мұхамедияров, Шоқан Мәуленов сынды, жоғары оқу орындарын енді бітіріп келген спортшы жігіттер болды.

Ол кезде спорттың ауыр атлетика ішіндегі зілтемір көтеру түрі ауылдың өміріне әлі жете қоймаған-ды.  Көпшілік спорттың бұл түрінен хабарсыз еді. Олай болатыны, алыс өңірге мұндай спорт құралы әлі жетпеген-ді. Осы тұста аудан бойынша шын мәніндегі жалғыз зілтемір орта мектептің спорт залында ғана тұрды. Ал темір көтеруге құмартқан жастардың үйлерінің ауласында жататын зілтемірлер —шынжыр табанды тракторлардың доңғалақтарын пайдаланып, қолдан жасалған еді. Өзегіне белтемір қондырып, әркім өзінше жасап алған бұл жабайы спорттық құралдар қауіпсіз де емес болатын… Тоғызыншы сыныптың оқушысы Қадіржан өзі құмартқан спорттың түріне осындай жағдайда келіп еді. Мектептің дене тәрбиесі пәнінің  ұстазы Виктор Рудаев зілтемір көтерудің алғашқы әліппесін үйретті. Ойыл топырағында алғашқылардың қатарында кәсіби зілтемірші болуға тұңғыш қадам жасаған оның шәкірті де Қадіржан болды.

Жалпы Ойыл жұртшылығы Ізғариндердің отбасынан өнерлі балалардың шығатынына зор үмітпен қарады.  Өйткені әкелері Іскендір Ізғарин, аналары Қаным Медетова кезінде бірі дәулескер күйші, екіншісі әнші болып, өнерлерімен өңірге атағы кең жайылған. Ойыл колхоз-совхоз драма театрында көрермендердің жүрегіне жол тапқан талай рольдерді сомдаған өнерпаздар. Қадіржан дүниеге келгенде әкесі сол драма театрдың директоры, анасы белгілі актрисасы болатын. Ойылдың өнер таландары Алдиар Сисенов, Жаулыбай Қазтуғанов, Бәтіш Дәденова, ерлі-зайыпты Оқас Жоламанов, Рахила Әлжанова,  Аққали Берғалиев, Гүлзада Берғалиевалармен бірге қызмет істейтін.

Соғыс және соғыстан кейінгі жылдары өмірге келген сәбилерге халықтың есім беруі де өзінше бөлек еді. Сол үрдіспен Ізғариндер отбасында да ұл-қызға Бітімбай, Бақытжан, Қадіржан, Күлан, Салықжан, Гүлжан деп ат қойылған. 1946 жылы, тура 20 наурыз күні  туған Қадіржан екі аға, бір іні, екі қарындасының ортасында өсті.

Он бір жылдық мектепті 1965 жылы бітіргенде, жас спортшыны аудан басындағы жұртшылық түгел білгендей еді. Ауыр салмақ көтеруде алдына жан салмағаны өз алдына, өзі де жаратылысында кесек тұлғалы жігіттің, ауыр атлетикамен шындап шұғылданғасын, сымбаты шойыннан құйғандай өзгеше болып шыға келді. Асыра айтқанымыз емес, сол жылдары маған біраз жұрт мектептің аядай спорт залына Қадіржанның сом тұлғасын көруге келетіндей көрінетін. Көпшілік бүгінгі америкалық культурист Шварценеггерге қарағандай сүйсініп, тамашалайтын.

Мектептен басталған махаббат

Жас спортшының өзіне қызықтырған және бір ерекше қасиеті махаббатқа беріктігі еді. Сегіз-тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде-ақ, өзімен қатар оқитын Моншақ есімді қызбен достасты да, көпшілікке өзінің өмірлік серігін тапқанын жариялағандай, жұп жазбады. Ол таңдаған қыз сол мектеп бітірген жылы мединститутқа қабылданып, ұзақ оқуға түсті. Қадіржан болса, ол жылы жолы болмай, туған ауданына оралып, Ақшатау орта мектебінде дене тәрбиесі пәнінен жас шәкірттерге дәріс берді. Одан екі жыл әскерге аттанды. Өзінің сарбаздық өмірін ол бүгінде былай еске алады:

—Алғашқы алты айды Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткіздім. Одан кейін қайда тап болатыным беймәлім еді. Бағыма қарай, сол әскери бөлімде қызмет істейтін жерлес аға Аманкелді Мұхамедияровқа кездестім. Ол маған осы кезге дейінгі қол жеткен спорттық жетістіктерімді көрсетіп, Орта Азия әскери округіне спорт әскери бөліміне қабылдауды сұрап, тез арада өтініш жазуға кеңес берді. Соның жәрдемімен менің әскер қатарындағы ендігі бір жарым жыл қызметім өзіміздің Алматы қаласында өтті.

Қадіржанның айтуына қарағанда, мұндағы тірлік нағыз әскери бөлімдегілерден жеңілдеу. Таңғы 6-да тұрғызбайды, нарядқа жібермейді. Дұрыс ұйықтап, тынығып, тамаққа уақытында барады. Негізгі шаруа — әскери округтің біріншілігіне, бөлімдердің спорттық жарыстарына дайындалу. Тіпті Көктөбе, Медеу сынды Алматының көрнекті орындарына да серуендеп барып қайтып жүреді. Өйткені спортшыға тауға шығып-түсіп жаттығу жасау, салмақ қуу қажет. Тек әскери жаттықтырушылардың жарыс алдында, түнгі сағат екіде де шырт ұйқыдан оятып алып, спорт залға апарып темір көтертіп қоятыны болмаса, көп жағдайда тыныш. Әрине, ондайда әскери өмірдің тәртібіне, бұлтартпайтын бұйрығына көнуге тура келеді.

— Бір жақсы жері, — дейді Қадіржан, — жарыста бірінші, екінші, үшінші орын алсаң, 10 күнге демалысқа жібереді. Мен бір жарым жылда үш рет келдім ауылға. Үшінші келгенімде шешем сенбей, аудандық әскери комиссариатқа барыпты: «Бұл қалай? Біреулердің баласы демалысқа бір рет келе алмай  жүрсе, біздің бала үш рет келді. Соңғы келгенінде үстінде әскери киімі де жоқ» деп. Әскери комиссар көзін жеткізіп түсіндіргесін, тынышталған.

Осылай спорттық өнерінің — зілтемір көтерудің арқасында әскери тірлікті онша қиналмай өткізген сарбаз елге КСРО спорт шеберлігіне үміткер атағымен оралды. Ендігі өмірінің бағытын да сол спорттық жолы сілтеді. Шымкент қаласынан әскерде бірге болған досы телефон соғып, осындағы тіс дәрігерлер даярлайтын техникумға бірге оқуға шақырды. Ол кезде тіс дәрігері мамандығының оқуына түсу—ұшқыш болам дегеннен қиын еді. Облыстың ауыр атлетикадан жаттықтырушысы Иванов осындай спортшы түсу керек деп, өзі жетектеп апарғасын, емтихандардан сүріндірмей өтті. Есесіне үш жыл сол облыстың намысын қорғап, техникумның атағын шығарды. Шыны керек, басында ол бұл мамандықты онша қаламай, әйтеуір оқу, мамандық алу керек деген оймен барған еді. Оқи келе ұнап, тіс салуды жақсы үйреніп алды. Оқу бітіріп келгеннен кейін, алғашқы тісті анасына салды. Анасы сол тіспен 74 жасында өмірден өткенше жүрді.

Бұл кезде Моншақтың да оқуы тәмамдалып, екеуі — бірі тіс дәрігері, екіншісі педиатр дәрігер болып, аудандық ауруханаға жұмысқа орналасты. Ұзақ жылғы махаббаттың салтанат құрған сәті — екі жақсы қосылып, отбасын құрды. Екеуі де ауданға абыройлы, беделді болды. Моншаққа дейін ауданда, Зинаида Ларинадан басқа,жоғары білімді балалар дәрігері болмаған екен. Ал Қадіржан тіс дәрігері кабинетін осы өңірде алғаш ашты.

Дегенмен аудандағы осылай басталған дәрігерлік қызметтері үш жылға ғана созылды. Денсаулық саласында мамандығы бойынша жұмыс жасағанмен, бабында тұрған, болашағы зор зілтемірші әлі де облыстық, республикалық, одақтық жарыстарға үзбей қатысып жүретін. Бір күні, жаттықтырушысы, ауыр атлетикадан КСРО спорт шебері Жұмабек Сарбасов телефон соғып, «Ақтөбенің пединститутында спортфак ашылады, сен соған оқуың керек, тіркетіп қойдым» деп хабарлады.

Лауазым және зілтемірші

Өзінің болашағын ойлаған жаттықтырушының айтқанын екі етпей, Ақтөбеге жетіп, емтихан тапсырады. Студент болып қабылданғаннан кейін, үйін көшіріп алды. Зайыбы мамандығы бойынша қаладағы емханаға педиатр дәрігер болып орналасты. Өзі күндіз оқып, бір мекемеге екі-үш күнде түнге қарай кезекпен тұратын күзетшілік жұмысқа тұрды.

— Кішкентай қызымыз ғана бар, шағын отбасы. Бұл жылдары қиындық көрмедік, жақсы тұрдық. Зайыбым, өзім айлық алдым. Соғым әке-шешемізден келді,—дейді Қадіржан студенттік жылдары туралы.

Спортфактың алғашқы түлегі ретінде 1978 жылы дене тәрбиесі мұғалімі мамандығын алып шықты. Институтты бітіре сала, Ақтөбе қалалық спорт кешенінің директоры болып тағайындалды. Арада ай өткенде екі бөлмелі пәтердің кілті қолына тиді. Одан облыстық жасөспірімдер спорт мектебінің директорлығына ауысты. Екі жыл салып, облыстық спорт басқармасының бастығы қызметіне шақырылып, бес-алты жыл облыстың күллі спорт жұмысына жауап берді. Лауазымы өсіп, қаланың қақ ортасынан үш бөлмелі пәтерге көшіп, отбасылық жағдайын жақсартты.

Бұдан соңғы еңбек жолы 1986 жылы Ақтөбе политехникалық колледжінде жалғасты. Спортшы бұл оқу орнында 30 жыл бойы дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды.

Қызмет жасай жүріп, спорттық жолда талай биіктерді бағындырды. Ел ішіндегі және шетелдердегі жарыстарда еліміздің көк байрағын сан мәрте желбіретті. Үш жаттығу жиынтығы бойынша бағаланатын жылдары, зілтемірден 67 килограмм салмақта, сығымдап көтеруден — 110, жұлқи көтеруден — 117, серпе көтеруден 147,5 килограмм салмақты бағындырып, КСРО спорт шебері атанды.   Ал кейін айналысқан пауэрлифтинг талабы басқаша болды. Мұнда ол 300 килограмм салмақты арқаға қойып, отырып-тұрады және сонша салмақты тартты.

Мұның бәрі Қадіржанның кезінде алған белестері. «Ал қазір қалайсың?» деп сұраймыз. «Жоқ, ондай деңгейде емеспін. Жасым 75-те. Кеше ғана спорт залда жаттығу кезінде штангада 90 килограмды көтердім. 50 килограмм салмақпен отырып-тұрамын, 70 килограмм салмақты тартамын. Ауырлық көтеруде бәсеңдегенмен, спорт залдағы осы заманғы жаттығу құралдарында менің жасаған жаттығуларымды жастар жасай алмайды. Мысалы, мен ішке 100 рет пресс жасай аламын. Әлі де күнара апта сайын, спорт залға тұрақты барып, түрлі жаттығулар жасаймын. Ауыр салмақ көтеремін. Олай жасамасам ауырамын. Бұл менің күнделікті дағдыма айналып кеткен, оны бұзуға болмайды. Қазір отбасымызда зайыбым Моншақ, немерем Қуаныш үшеуміз тұрамыз. Кейде дастарқан басында әйелім «Енді сен спортты қоюың керек. Себебі күшіңді мүмкіндігіңнен артық жұмсап болдың» дейді. Ол зейнеткерлікке шыққан дәрігер. Еңбек кітапшасында өмір бойы педиатр дәрігер болды деген жазу бар. Алайда дәстүрлі медицинаға қарағанда, спорттық ғылым менің жағдайымда басқаша жол сілтейді, — дейді ардагер спортшы. Яғни ол қарттық есік қағып тұрса да өз бағытынан қайтқысы жоқ. Қарттық дегенде, Қадіржанның қазіргі келбет-тұлғасынан оның ізін де көре алмаймыз. Әлі де қайратты шағында тұрғандай шұлғып тұр.

Қадіржанның бүгінге дейінгі спорт саласы бойынша көрген құрметін, алған марапаттарын тізіп шығудың өзі ойдай уақыт алар еді. Түгелдемей, бір бөлігін ғана айтсақ, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі. Қазақстанның  спортына сіңірген еңбегі үшін төсбелгісінің иегері. Құрметті спорт қайраткері.  Құрметті білім қайраткері. Ойыл ауданының, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл мерекелік медалымен, «Ерен еңбегі үшін» медалымен марапатталған.

Кеше ғана толған 75 жастың биігінен де, алпыс жыл спорт жолында келе жатқан азаматтың сымбатты келбетіне сүйсіне қарайсың.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Ойыл ауданының құрметті азаматы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button