Жастар

Жабасақ жастарының игі істері

Жабасақ ауылынан түлеп ұшқан жастар Ақтөбе қаласында футзалдан жарыс өткізді. Жабасақ жастары кубогының үшінші кезеңі бұл жолы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.

Спортты серік еткен жігіттер 11 команда болып өзара бақ сынасты. Олардың арасында ауылдағы жастардан құралған «Жабасақ» командасын мектеп мұғалімдері Мәдениет Сүлейменов пен Самалбек Мырзатаевтар бастап алып келді.

Екі күнге созылған жарыс өте тартысты өтті. Финалда «Отан» (1990 жылғылар) командасы «Тұлпарды» (1992 ж.) 5:0 есебімен жеңіп, ауыспалы кубокқа ие болды. Ал «Барыс» (1998 ж.) командасы былтырғы жылдың чемпионы «Намыспен» (1989 ж.) ойында жеңіске жетіп, үштікті қорытындылады. Жеңген командаларға грамоталар мен медальдар табысталды. Айта кетейік, жарыстың басты ұйымдастырушылары — Өмірзақ Кеулімжаев, Айбол Сарымсақов, Ержан Сүлейменов.

Жабасақ жастарының үлгі боларлық ісі мұнымен шектелген жоқ. Жақында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Болатбек Байғожин мен Жанболат Молдабековтер бастаған бір топ түлек мектеп оқушыларына арнап 160 000 теңгеге спорттық киім — 10 кимоно алып берсе, 1995 жылғы түлектер (1978 ж.) 180 000 теңге қаржыға спорттық құрал-жабдықтарды сыйға тартты. Ал Кәдірхан Ғарифоллаев пен Жақсығали Ермағанбетовтер мектеп ауласына отырғыштар орнатып берді.

Түлектердің тағылымы мол істеріне ауылдықтар дән риза.

Самалбек МЫРЗАТАЕВ,

Жабасақ орта мектебінің мұғалімі.

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button