Экономика

Кәсібіңді бастасаң, қолдау дайын!

Облыстық кәсіпкерлік басқармасы жанындағы мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау жөніндегі жұмыс тобының мүшелері аудандық Мәдениет үйінде кәсіпкерлермен, шаруа қожалығы басшыларымен және кәсіп бастауға талапкерлермен кездесті. Облыстағы қаржы институттарының өкілдері мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге берілетін несие шарттары мен кепілді көмектер туралы жан-жақты түсінік берді. Сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламалары туралы кеңінен айтылып, жұртшылық көкейіндегі сауалдарға жауап қайтарылды.

Жұмыс тобы мүшелері бүгінгі күні өз бизнесін жақсы жүргізіп отырған, сонымен қатар жеке кәсібін ашқысы келетін жастармен жүздесті. Онда жастардың мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысу мүмкіндіктері түсіндірілді.

Республикада бүгінгі таңда кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың отызға жуық бағдарламасы іске асырылуда. Олар тек ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін ғана емес, бизнесін кеңейтуді қалайтындар үшін де көзделген. Мысалы, мұндай мүмкіндік «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы, сондай-ақ инфрақұрылым жүргізу аясында да бар.

«DAMU» кәсіпкерлікті дамыту қорына жүгініп, шағын, орта және ірі бизнеске тарайтын «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша несиелендірудің бірнеше түрлерін пайдалануға болады. Ал бизнестің ауыл шаруашылығы бағытында «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалы несиелендірудің 6 нұсқасын ұсынуға дайын, оның ішінде ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін лизинг бар.

Аграрлық сала үшін несие беретін тағы бір ұйым —  «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалы. Мұнда ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу және объектілерді жаңғырту, етті мал шаруашылығын дамыту үшін «Сыбаға», «Агробизнес» және «Агротехника», сондай-ақ «Кең дала» бағдарламалары жұмыс істейді.

Аталған бағдарламалар жаппай кәсіпкерлікті дамытатын «Еңбек», екінші бағыты — «Нәтижелі жұмыспен қамту» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асырылуда.

Кәсіпкерлік әлеміне ең қолжетімді қадам «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының «Бастау-Бизнес» жобасы болып табылады, онда әрбір ниет білдіруші оқудан өтіп, грант ұтып ала алады.

 Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button