Жаңалықтар

Сертификат дауы: кемшілік кімнен кетті?

Соңғы бір-екі күндікте әлеуметтік желілер мен республикалық БАҚ өкілдері арасында қызу талқыға түскен сертификат дауына қатысты бүгін жергілікті билік өкілдері мәлімдеме жасады.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатына облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов, «Әзірбайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Шахбаз Илал-Оглы Джамалов, көпбалалы ана Айсұлу Күздібаева қатысты.

Түсінікті болу үшін айта кетейік, 1 наурыз Алғыс айту күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы ғимаратында салтанатты шара өткен болатын. «Қайырымдылық керуені: 30 игі іс» марафонына ұласқан басқосу ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып, этномәдени бірлестіктер төрағалары атынан бірқатар азаматтарға сертификаттар табысталған еді. Дәл осы шара барысында Ақтөбе қаласындағы «Әзірбайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі жастар қанатының атынан көпбалалы ана Айсұлу Күздібаеваға үйіне күрделі жөндеу жұмыстары мен үй жиһаздарын сатып алуға 2 миллион теңгенің сертификаты табысталады. Бұл қаржыға бұған дейін көпбалалы ана тұрып жатқан бөлмеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жиһаздар сатып алынған.

— Биыл, өздеріңіз білетіндей, еліміз үшін мерейлі жыл. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында біз де қайырымды істердің басы-қасында жүріп, қолымыздан келгенше көмек қолын созғанды жөн деп санадық. «Жаңғыру жолының» төрағасы бізге Ақтөбе қаласында Айсұлу Күздібаева есімді көпбалалы ана тұратындығын, оның көмекке мұқтаж екендігін айтты. Кейін өз қаражатымызға тұрып жатқан бөлмесін жөндеп, жиһаз алып бердік. Ал 1 наурыз — Алғыс айту күні облыс әкімінің қатысуымен өткен мерекелік шара барысында Оңдасын Оразалиннің тек облыс әкімі ғана емес, сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалының төрағасы екенін ескеріп, біздің қоғамдық бірлестік жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қанатының жұмысы өзге де бірлестіктерге үлгі болсын деген ниетпен Айсұлу Күздібаеваның үйін жөндеп, жиһаз алуға кеткен қаражат сомасы көрсетілген сертификатты табыстауын сұраған болатынбыз. Ол сертификатта облыс әкімінің қолы да, мөрі де жоқ. Бұл қаражатты облыс әкімі бөлген жоқ. Онда біз жасаған жұмыстың жай ғана шығыны көрсетілген, — деп түсіндірді «Әзірбайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Шахбаз Илал-Оглы Джамалов.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет те бұл жерде түсінбеушілік болғанын айтты.

— Қазіргі таңда облыс аумағында кәсіпкерлердің, қоғамдық бірлестік өкілдерінің қолдауымен көптеген қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып жатыр. Бұл қайырымдылық шарасы да соның бір көрінісі болатын. Әрине, бұл жерде түсінбеушілік болған. Бізден кемшілік кеткен. Ол үшін кешірім сұраймыз. Бұл жерде сертификат «Әзірбайжан қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жасаған жұмысын көрсету мақсатында тапсырылған болатын, — деді Мейрамбек Шермағанбет.

Брифингке қатысқан көпбалалы ана Айсұлу Күздібаева да өзінің қателескенін айтты.

— Бұған дейін «Әзірбайжан қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі тұрып жатқан бөлмемді жөндеп, жиһаз сатып әперген. Алғыс айту күніне орай өткен шарада осы жасалған көмекке кеткен қаражат сомасы көрсетілген сертификатты табыстаған екен. Мен дұрыс түсінбеппін. Бұл үшін облыс әкімінен кешірім сұраймын, — деді көпбалалы ана.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button