Жаңалықтар

Иманбек — «Грэмми» сыйлығының иегері

Қазақстандық музыкант Иманбек Зейкенов Грэмми сыйлығын жеңіп алды.

Ол Saint Jhn атты әншінің «Roses» әніне жазылған ремиксімен төрт үміткердің ішінен үздік деп танылды. Рэпердің өзінің Instagram парақшасына: «Әр музыканттың карьерасындағы ең керемет сәт — «Грэмми» сыйлығын иелену. Біз осы жетістікке қол жеткіздік!» — деп жазып, ата-анасына, командасына, менеджеріне және осы сыйлыққа лайық деп тапқан «Грэмми» қазыларына алғысын жеткізген.

Иманбек ата-анасымен бірге Павлодар облысының Ақсу қаласында тұрады. Өткен жылдың соңына дейін ол теміржол стансасында жұмыс істеді.

Өзінің айтуынша, Иманбек ән әрлеуді жергілікті диджейлер мен продюсерлерден және Youtube желісіндегі видеосабақтан үйренген. 2019 жылдың жазында Иманбек Saint Jhn атты рэпердің «Roses» аталатын әніне ремикс жазуды қолға алады. Бұл үш жыл бұрын шыққан композиция екен. Осы әнге ремикс жазып, әлеуметтік желіге жариялағаннан кейін Иманбек бірнеше ай ішінде жұлдызға айналды.

Мемлекет басшысы баспасөз хатшысы Берік Уәли  қазақстандық Иманбек Зейкеновке аса беделді музыкалық сыйлықтың табыс етілуі жөніндегі жаңалықты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың зор қуанышпен қабылдағанын хабарлады.

«Өзінің таланты мен мақсат қоя білуінің арқасында диджей Imanbek әлемдік шоу-бизнестің басты сыйлықтарының бірін иеленді. Оның шығармашылығы қазақстандық жастардың да ең биік шыңдарды бағындыра алатынын дәлелдеді.

Президенттің атынан Иманбекті осы жарқын жеңісімен құттықтаймын және жаңа шығармашылық табыстар тілеймін!», — деп жазды Берік Уәли.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button