Мереке

33 жасында 7 бала сүйген келіншек

Гауһар Мұңалова Байғанин ауданы Бұлақтыкөл ауылында тұрады. 18 жасында тұрмысқа шығыпты.

Өзім Байғаниннің Кемерши ауылында туып-өстім. Отбасында бес баланың бірімін. Көпбалалы отбасында өскендіктен болар, бала бағудың  жауапкершілігінен қашқан емеспін. Колледжді аяқтағаннан кейін Бұлақтыкөлдегі орта мектепке жұмысқа орналастым. Жолдасым Жазбекпен  сол уақытта таныстым. Бір-бірімізді ұнатқан соң отбасын құрдық. Қазір, Аллаға шүкір, жеті баланы өсіріп отырмыз.  

Кейбір келіншектер көпбалалы болудан қорқады, жауапкершілігінен қашады. Әр баланың өз несібесі бар, — дейді Гауһар.

Отбасын құрғаннан кейін Гауһар бір жылдан соң  тұңғышы Ақмоншақты босанады.    Одан кейін Айгерім, Тәттігүл, Гүлсары, Үзілдік есімді төрт қызды дүниеге әкеледі.

— Жазбек екеуміз ұлымыздың болуын армандадық. Ата-енем де ұл немересінің болғанын күтті. Бірақ Алла алдымен бізге бес қызды сыйлады. Бесінші қызымды босанғанда осыдан кейін ұл туылсын деген ниетпен  есімін Үзілдік деп өзімнің анам қойды. Көптің тілегі қабыл болып, бес қыздан кейін Шынтас есімді ұлымды дүниеге әкелдім. Ал осыдан сегіз ай бұрын өмірге Шынболат келіп, қуанышымызды еселей түсті, — дейді Гауһар.

Гауһардың төрт баласы мектепте оқиды. Үлкені Ақмоншақ пен Айгерім анасының қолғанаты. Үйдің де, түздің де шаруасынан қашпайды. Қолдары қалт етсе, әкесіне көмектесіп, қорадағы малды жайласады.

— Баланы жұмсағаның білінбейді.  Менің қолым босамай жатса, өздері нан илеп, тамақ пісіреді. Оқу аяқталғаннан кейін мал ауылда тұратын ата-әжесіне барып, оларға да қолғабыс етеді. Бір-біріне қамқор, бауырмал болып өсіп келе жатқаны қуантады. Балаларымның барлығы да өздерін «ата-әжемнің баласымыз» дейді. Енем «көзімнің тірісінде бөлек үй болыңдар» деп бізді үйленгеннен кейін еншімізді беріп, бөлек шығарған. Ата-енемнен бөлек тұрсам да, олардың қамқорлығын көріп келемін. Атам осыдан екі жыл бұрын  көз жұмды. Шынтастың есімін өзі қойған еді, — дейді Гауһар.

Отбасының татулығы — сыйластықта. Гауһар — үлкенді сыйлайтын, ата-енесінің атын атамайтын ибалы келін. Қайнағалары мен қайныларының да алдын кесіп өтпейді.

Жазбек пен Гауһар көпбалалы отбасы ретінде мемлекеттен қандай да бір көмек сұрап көрмепті. Жазбек жұмыс істемейді. Бірақ қолдағы азын-аулақ малын бағып, отбасын асырап отыр.

Көпбалалы анамын деп міндет қылып, ешкімнен көмек сұраған емеспін. Әкімдіктен «сіздерге осындай көмек бар» деп те ешкім келген емес. Көмек берсе, қашпасымыз анық. Балаларымның несібесі үйдегі 5-6 малды бағып, соның өнімін пайдаға жаратып отырмыз. Әр балаға беретін 11 мың теңге жәрдемақыны аламын. Кейбіреулер «жеті баланы қалай асырайсың, осымен тоқтаған шығарсың» деп әзіл-шыны аралас айтып жатады. Бірақ Алла берсе, әлі де балалы болудан қашпаймын. Он баланың анасы болсам, несі айып?! — дейді Гауһар.

Гауһар кіші ұлы Шынболат бір жасқа толған кезде «Алтын алқа» берілетінін айтады.

Әйелдің бақыты — балада. Жазбек пен Гауһардың бар тілегі — балапандарының амандығы.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button