Мереке

Отызында тоғыз баланың анасы

Шаңырағын бала үнімен шаттандырған аналарымыздың жолын жалғаған жастардың бірі — шалқарлық «Алтын алқа» иегері Айым Сүйеуқұлова. Ол өмірлік серігі Азамат екеуі дүниеге 9 бала әкеліп, оларды қатарынан қалдырмай бағып, тәрбиелеп отыр. тоғызыншы перзенті Санжар бүгінде тоғыз айлық болса, тұңғыштары Назым — 8-сынып оқушысы. Араларында Аида, Айша есімді егіз қыздары және бар.

— Екеуміз де Шалқарда туып-өстік, бір мектептен білім алдық, бір-бірімізді бала кезден танимыз десек те болады. Осы таныстығымыз есейген шақта махаббатқа ұласып, отау құрдық. Көпбалалы отбасы атанудың ата-анаға жүктер жауапкершілігі де мол. Жұбайым екеуміз күнделікті тірлікте кезігетін қиындықтарға мойымай, бәріне түсіністікпен қарауға тырысамыз. Бізге балалардың шат күлкісін көруден асқан қуаныш жоқ, байлығымыз да осы — соңымыздан ерген кішкентайларымыз. «Әр баланың өз несібесі бар» демекші, көз алдымызда аман жүріп, есейсе болды, — дейді отыз жастағы көпбалалы ана.

Кейде көпбалалы отбасылармен тілдескенде олардың тарапынан бір мұқтаждығы айтылып, бір сәлемдемесін алып қайтатынсың. Бұл жолғы кейіпкерлерімізден барға қанағат, жоққа сабыр тілеген қарапайымдылықты көрдік. Айымның аспаздық мамандығы бар. Бірақ тұрмыс құрғалы осы Алла сыйлаған бөпелерінің тәрбиесімен үйінде отыр. Солардың сабақтарына қарайды, балабақшаға апарады, онда ұйымдастырылатын түрлі шараларға қатысып, балаларын қуантады. Қайырымдылық акцияларына да өз үлестерін қосуды ата-аналық борыштарына санайды.

Айым — «Баласы атқа шапса, үйде отырып тақымын қысқан» ілкідегі алтын құрсақты аңыз аналардың жұрнағы екені даусыз. «Аға, біздің отбасы туралы жазсаңыз балаларымның жетістіктерін де қалдырмаңызшы…» деп өтінді. «Бала жетістігі — ата-ана қуанышы» деген — осы.

Мектепке баратын бесеу де оқу озаттары, спорттан жақсы көрсеткіштері бар. Үлкені Назым бос уақытында Оқушылар сарайындағы қолөнер үйірмесіне қатысады. Ол ұсақ моншақтармен тоқуға кішкентайынан бейім екен. Қазір сол қабілетін үйірмеге қатысып, шыңдап жүр. Әнуар №1 Шалқар балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде грек-рим күресінен үйірмеге қатысады, ал Гүлбаршын №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде дзюдомен шұғылданады. Спортқа икемді осы екеуі аудандық, облыстық, республикалық сайыстарда бірнеше мәрте жүлдегер атанып, медальдар иеленген. Ал егіз қыздары — Аида мен Айша мектепішілік білім бәйгелерінде жақсы нәтижелер көрсетіп, озат оқушылар қатарында тұр.

№6 орта мектептің 3-сыныбында оқитын дзюдошы Гүлбаршын «Мен болашақта кім боламын?» деген тақырыпта жазған шығармасында «Ең алдымен адамгершілігі мол жақсы адам, білімді оқушы, елімнің патриоты болғым келеді…» деп бастап, он саусағынан өнер тамған шебер болғым келеді деп ойын түйіндепті. Өйткені бұл әулеттің арғы аталарында ісмерлік қасиет бар екен. Осы шығармасы өткен жылы «ҚР 100 үздік дарынды оқушысы» атты республикалық байқаудың материалдар жинағына еніп, еліміздегі «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы бекіткен «Қазақстан республикасының дарынды оқушысы» атты төсбелгісі мен куәлігін иеленіпті.

Оқуға зейінді, өнерге құштар өрендердің әкесі Азамат Хадимжанов қазір «Қазтелерадионың» Шалқар телестансасында жұмыс істейді. Ер жігітке лайықты істің қай-қайсысына да қолының ептілігі бар 36 жастағы әке балаларының армандары орындалатынына сенеді.

Еліміздің демографиясын дамытуға сүбелі үлесін қосып жүрген Хадимжановтардай жас отбасы сирек. Бұндай отбасыларға қандай да бір құрмет пен қолдау көрсетілсе де көптік етпесе керек!

Мұхтар МЫРЗАЛИН,
Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button