Мереке

Мереке күнгі игі іс

Алғыс айту күніне орай Ақтөбе қалалық мәслихатының ұжымы «Игі іс» әлеуметтік дүкеніне тұрмысқа қажетті заттар мен киім-кешектерді тапсырды.

Бұл әлеуметтік дүкен 2016 жылы «Мега Шығыс» сауда базарынан көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету бағытында ашылған.

— Бүгінгі мерекеде әлеуметтік дүкенге ұжымның атынан киім-кешектер мен тұрмысқа қажетті заттар алып келдік. Аз да болса мұқтаж жандар өз қажеттіліктеріне жаратады деген ниеттеміз. Бұл біздің игі істеріміздің бастауы ғана. Осындай қайырымды істі қолдауға барлық қала тұрғындарын шақырамыз, — дейді шараға қатысушылардың бірі Мейрамгүл Кенжеғұлова.

Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының бастамасымен ашылған дүкенде

жағдайы төмен отбасыларға кажетті заттар тегін беріліп тұрады. Олардың ішінде қолданылмаған заттар мен жаңа киімдер де бар.

Бұл жерге кез келген адам өзінің таза, бүтін киімін тапсыра алады. Көмекке мұқтаж жандар үш айда бір рет жеке куәлігімен келіп, киім-кешектер алуына мүмкіндік бар. Қазіргі таңда 3000-нан астам отбасы қажетті заттармен қамтылған.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button