Мереке

Мың алғыс сізге, полицей!

Елбасымыз елімізде тұратын көптеген этностардың сұрауы бойынша 1 наурызды Алғыс айту күні деп белгілеген болатын.  Ата-бабамыз кезінде тағдыр тәлкегімен жерімізге келген өзге ұлт өкілдерін жатсынбай, құшағын жайып қарсы алды. Бүгін сол ұлттардың ұрпақтары қазақ еліне алғыс айтып жатыр. Осы айтулы мереке қарсаңында жүрегі даласындай кең қазақ елінің бірқатар азаматтарына мен де өз алғысымды жеткізгім келді.

Бүкіләлемдік коронавирус пандемиясы кім-кімге де оңай болған жоқ. Елге қысылтаяң шақ туған кезде дәрігерлер мен полицейлер алдыңғы шептен табыла білді. Осы ретте ұстаздар еңбегін де ескерген жөн. Қиын сәтте елмен бірге болған қызметкерлерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де алғыс айтқан болатын. Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін мереке қарсаңында еліміздің ішкі істер саласында жүрген азаматтарға алғыс айтуды жөн көрдім.

Өзім «Зеленстрой» бау-бақша ұжымында күзетші болып жұмыс жасаймын. Жұмысымыздың негізгі мақсаты түсінікті шығар. Аталған ұжымның ішіндегі барлық мүліктің ұрланып кетпеуіне жауап беремін. Жасыратыны жоқ, біздің жақта ұрлық көп болады. Осыдан тура бір ай бұрын сондай жағдайға тап болдық. Бірақ бұл жолы ұрылар айласын асыра алмады. Білікті маман, учаскелік полицей Сержан Жайлаубаевтың шеберлігінің арқасында ұрылар дер кезінде құрыққа түсті. Қашан хабарлассаң да дер кезінде келіп, өз қызметін адал атқарып жүрген Сержан полицей секілді іні-қарындастарымыз қаншама.

Осы атаулы күн қарсаңында барлық полиция қызметкерлеріне өмірдегі бар жақсылықты тілеймін. Қызығынан қиындығы көп қызметіңізді адал атқарып, халық алғысына бөленіп жүре беріңіздер! Отбасыларыңызға бақыт-береке, мол табыс тілеймін!

Пандемия кезінде алғы шептен табылып, күн-түн демей блок-посттарда тұрып, ел тыныштығы жолында еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлеріне алғыс айтып, бағаланса, полицейлердің еңбегі бағалансын дейсің.

 Асылбек РАХМЕТӘЛИЕВ,

Ақтөбе қаласының тұрғыны.

Басқа жаңалықтар

Back to top button