Мереке

Жанымгүл — антына адал  дәрігер

1 наурыз — Алғыс айту күнінде Гиппократтың антына адал дәрігер Жанымгүл Баймұханбетоваға алғыс айтқым келеді.

Облыста коронавирусқа шалдыққандар тіркеле бастаған кезде мен де алғашқылардың бірі болып осы аурудың «құрығына» іліктім. Қызуым көтеріліп, дем жетпей6 жедел жәрдем көлігін шақырдым. Олар қаланың ортасындағы жедел жәрдем ауруханасына әкелді. Мені Жанымгүл Баймұханбетова есімді дәрігер қабылдады. Өкпемді бірден рентгенге түсірді. Әрең тыныс алып отырдым. Жан-жағыма қараймын6 мен сияқты тынысы тарылып келіп жатқандар көп. Жанымгүл жалғыз өзі зыр жүгіріп жүр. Рентген суретін оқитын маман кешігіп жатыр. Дәрі егіп, мені үйге қайтарды. Телефон нөмірімді жазып алды. Үйге келген соң дәрігер хабарласты. Өкпемнің бір жағы қабынған, яғни пневмония екен. Қызуым қайта көтерілді. Жедел жәрдем көлігі мені Ақтөбе медициналық орталығындағы провизорлық стационарға алып барды. Шындығын айтсам, осы ауруханада Жанымгүл Баймұханбетованың арқасында емделдім. Егер Жанымгүл Баймұханбетова болмағанда менің емделіп шығуым қиын еді. Жедел жәрдем ауруханасында отырғанда жаны қалмай жүгіріп жүрді. Ешкімді алаламай, барлығына бірдей қарайды. Ешқандай туыстық қатынасы жоқ, мүлде танымайтын адамдарға хабарласып, жағдайын біліп жатыр. Маған да қайта-қайта қоңырау соғып, халімді біліп отырды. Жанымгүл — өз ісіне берілген, жүрегінде мейірімі бар нағыз дәрігер. Айтар алғысым шексіз. Алла деніне саулық берсін.

Коронавирусқа шалдықпаған адамдар оның қаншалықты қауіпті екенін білмейді. Вирус қанды бірден қоюлатып жібереді. Медбикелер қан алайын десе, қан шықпайды. Ауруханада адамдардың көпшілігі жүректен  көз жұмып жатты. Себебі қан қоюланып, жүрмейді, содан кейін жүрекке күш түседі.  Жазылып шыққаннан кейін де оңалып кетуің оңай емес. Денедегі барлық ауру қозады. Сондықтан тұрғындар бұл ауруға бейжай қарамауы керек. Ал ауыра қалсаң, Жанымгүлдей дәрігердің тап болуы сирек.

Қайрат ТАХАНОВ,

Ақтөбе қаласының тұрғыны.

Басқа жаңалықтар

Back to top button