Жаңалықтар

Министрлік учаскелік пункттер мен стационарлық полиция бекеттері желісін көбейтуде

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев облысқа жасаған жұмыс сапары аясында полиция департаментінің бірқатар нысанын аралады.

Министр барған нысандардың бірі — Ақтөбе қаласының орталық даңғылындағы Спорт сарайы ауданында орналасқан модульдік стационарлық бекет. Онда полицейлердің қызмет атқаруына және азаматтарды тәулік бойы қабылдауға қажетті барлық жағдай жасалған. Ерлан Тұрғымбаев халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдардың полиция қызметін қолдауын жоғары бағалады. Дамыған елдердің тәжірибесі негізінде салынған заманауи стационарлық полиция бекеттері негізінен  криминогенді учаскелерде орнатылуда. Ақтөбеде осындай бес бекет бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, сервистік модельдің негізгі элементі «жұртқа жақын полиция» болуға тиіс. Осы қағидатты іс жүзінде іске асыра отырып, біз қоғамдық орындарда құқық тәртібі органдарының тұрақты болуына қол жеткіземіз. Азаматтар өздерін қауіпсіз сезініп, полицияға жүгіну кезінде ешқандай проблема болмауы керек. Бүгіннің өзінде біз нәтижелерді көріп отырмыз. Стационарлық бекеттер орнатылған жерлерде құқықбұзушылықтар саны айтарлықтай азайды, — деп атап өтті ведомство басшысы.

Былтыр облыс аумағында қылмыс 37 пайызға төмендеді. Министр жергілікті полиция қызметін реформалау мәселесінде учаскелік инспекторға негізгі рөл берілетінін атап өтті. Осыған байланысты Ерлан Тұрғымбаев полиция қызметкері отбасымен бірге тұратын учаскелік пунктпен біріктірілген үйге барды. Ішкі істер министрі учаскелік полиция инспекторының барлық уақытта қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскеде болуы маңызды екенін және өңірде құқықбұзушылықтың алдын алуды қамтамасыз ету үшін олардың штаттарын ішкі резервтер есебінен толық жасақтау қажет екенін атап өтті.

Әкімдіктермен бірлесіп, учаскелік инспекторларға тиісті жағдай жасап, учаскелік пункттер желісін кеңейте отырып, біз азаматтарымыздың қауіпсіздік деңгейін арттырамыз. Мұндай жұмысты біз барлық өңірде жүргізетін боламыз, — деді Ішкі істер министрі.

Полиция қызметкерлеріне құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде еріктілер үлкен көмек көрсетеді. Облыс бойынша ішкі істер органдары өткізетін барлық алдын алу іс-шараларына 300-ден астам ерікті қатысады. Министр еріктілермен кездесіп, оларға карантин режимін және қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етуге көмектескені үшін алғыс айтты. Содан соң министр  жеке құраммен кездесіп, Полиция департаменті қызметкерлерінің алдына өңірдегі қауіпсіздік деңгейін арттыру және халықпен жұмысты жалғастыру, олардың мәселелерін дереу шешу міндеттерін қойды.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button