Жаңалықтар

Су тасқыны кезеңіне дайындық нақтыланды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен аппарат жиынында санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты мәселелер қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудандардың әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.

«Бүгін 23.02.2021 коронавирус инфекциясын жұқтырған бірде-бір жағдай тіркелген жоқ. Қазіргі таңда жұқпалы аурулар стационарында 92 адам ем алуда, жүктеме 20,6%-ды құрайды. Карантиндік стационарда 16 адам жатыр, жүктеме 3,6%. 22 ақпан күні екпе салудың екінші кезеңіне көшкен болатынбыз, 55 адам егілді. Медициналық мекемелер екпе сақтайтын салқындатқыш қондырғыларымен қамтамасыз етілген», — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов.

15-22 ақпан аралығында 47 бақылау тобы 181 рейд жүргізіп, 851 нысан тексерілді, бес нысанға айыппұл салынды. Жалпы алғанда, 1373 нысан тексеріліп, 186 миллион теңгеге айыппұл салынды.

Облыс басшысының тапсырмасымен депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер мониторинг жасауға тартылды.

Оңдасын Оразалин жауапты адамдарға: «Жағдай тұрақты, бірақ бұл арқаны кеңге салуға болады деген сөз емес», — деп ескертті.

Сондай-ақ облыс әкімі мемлекеттік органдардың басшыларына су тасқыны кезеңіне дайындықты күшейтуді тапсырды.

Облыста шаралардың тиісті жоспары жасалып, бекітілді, облыстық, қалалық және аудандық тасқынға қарсы комиссиялардың құрамы мен міндеттері анықталды. Су тасу қаупі бар жерлердің төлқұжаттарын түзету барысында облыста 11 мыңнан аса адам тұратын су деңгейінің көтерілу қаупі бар аймаққа жатататын отыз елді мекен анықталды.

154 614 шаршы метр қар шығарылып, 80,5 тонна жанар-жағармай, 7 970 тонна инертті материалдар қоры жасалды, 13 мың адамды уақытша орналастыратын 76 орын дайындалды. Облыс аумағында орналасқан 174 гидротехникалық ғимарат тексерілді. Олардың 17-сі жөндеуді қажет етеді.

Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласы мен аудандардың әкімдеріне төтенше жағдайдың орын алуына жол бермеу үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауға алып, су қоймаларын, соның ішінде иесіз жатқан нысандарды тексеруді, сонымен қатар қолда бар күш пен құралдарды пайдалануды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button