Жаңалықтар

Бестамақта ашық әкімдік ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Алға ауданының Бестамақ ауылында  ашық әкімдік  ашылды. Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Бауыржан Балғабеков және аталған департаменттің бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов қатысты.  

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тапсырмасына сәйкес, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыруымен құрылған ашық әкімдіктің қызметі бір жерде азаматтарды қабылдау, өтініштерді жедел қарау, сондай-ақ кеңес беруге бағытталған. Ашық әкімдік халықпен коммуникацияның тиімділігін арттырады және азаматтар үшін ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Нұржауған Қалауов бастаған басшылар әкімдікті аралап көрді. Бұрынғы әкімдік ғимараты жаңа заманға сай бейімделіп, жасақталған. Тұрғындарға бір жерден қызмет көрсетіледі. Мәселен, бір кабинетте әлеуметтік сала, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, салық және әскери есеп бойынша бес маман отыр. Келген адам кабинет жағалап немесе өзге ғимаратты аралап кетпейді. Барлық қызметті бір орталықтан алады.

— Президенттің тапсырмасына сәйкес облыста сервистік әкімдіктер ашылып жатыр. Мақсат — халықпен кері байланысты күшейту. Қазір бұл бағыттағы шаруалар  «Ақтөбе — адалдық алаңы» кеңсесінің аясында белсенді түрде жасалуда.  Өткен жылы облыста бірнеше осындай әкімдіктер ашылды. Бірінші кезекте аудан орталықтары, екінші — халық саны көп ауылдар, одан кейін шағын елді мекендерде ашуды көздеп отырмыз. Мәселен, бұндай орталық Қарғалы ауданының Қосестек ауылында ашылды. Сол жобаны басқа әкімдіктерге ұсындық. Наурыз айының басында аталған ауданның Әлімбет ауылында және тағы бір елді мекенінде ашық әкімдік іске қосылады. Жалпы биыл  онға жуық ашық әкімдік ашуды жоспарлап отырмыз. Себебі қызмет көрсетудің бұл түрі тиімділігін көрсетті. Тұрғындар барлық қызметті бір жерден алады. Анда-мында жүрмейді, яғни уақыт үнемдейді. Өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы бар. Ол жерде келушілер электронды цифрлы  қолтаңба алады. Сондай-ақ округ әкімі мен учаскелік полиция да бір жерде отырғандықтан, өз жұмысын оңай үйлестіреді. Болашақта жаңадан салынатын әкімдік ғимараттары  осындай үлгіде болмақ, — деді Нұржауған Қалауов.

Ашық әкімдікте өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы бар. Бұл жерде келушілер электронды цифрлы қолтаңба, анықтамаларды шығарып  алуына болады. Компьютер пайдалана алмайтын үлкендерге мамандар  көмектеседі. Балаларға арналған бұрыш бар.

Президенттің тұжырымдамасын іске асыру мақсатында ашылған бұндай әкімдіктер тиімділігін көрсетіп жатыр. Бұл — облыста ашылып отырған үшінші ашық әкімдік. Алғашқысы Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылында ашылса, екіншісі Қарғалы ауданында іске қосылды. Қызмет көрсетудің бұл түрі әкімдік жұмысының ашық, әрі қолжетімді екенін көрсетеді. Көп жағдайда тұрғындар әкімдіктегілердің қалай жұмыс атқарып жатқанын білмейді. Ал ашық әкімдік болса, барлық шаруа халықтың көз алдында өтеді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік берді. Тек қана әкімдік емес, халыққа қызмет көрсететін барлық мемлекеттік органдар жұмысының осылай ашық болғанын талап етеміз, — деді Ғалымбек Досанов.

Басшылар ғимаратты аралап, учаскелік полициямен сөйлесті. Аудан әкімі Мамырғали Аққағазов аймақта атқарылып жатқан шаруаларды қысқаша баяндап берді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button