Жаңалықтар

СССР-ға барғыңыз келе ме?

Бүгінгі сөз

Ақтөбенің 12Б шағын ауданында атауы ерекше кафе бар екен. СССР. Иә, кәдімгі СССР. Оны оқығанда бірден 70 жыл елімізді бодандықта ұстаған қызыл империяның атауы есіңізге түсе ме? Менің де есіме Кеңестік социалистік республикалар одағы түсті. Кафенің интернетте жазылған телефондарына бірнеше рет қоңырау шалдық. Ешкім жауап бермеді. Жеке мекеме атауының тарихын, оның аталу идеясын сұрағымыз келген. Бәлкім, оның атауының авторы шын мәнінде КСРО кезеңін аңсап жүрген адам шығар. Бізге ол жағы беймәлім. Бұл тек болжам. Бәлкім, ол атаудың Кеңестік социалистік республикалар одағына мүлде қатысы жоқ шығар. Ол жағы да бізге беймәлім. Дегенмен «СССР» дегенді оқыған адамның ойына ең алдымен КСРО-ның түсетіні айдан анық.

Әлгі мен айтқан екі болжамның алғашқысына тоқталып көрейік. Ол атаудың астарында шын мәнінде жетпіс жыл бойы империялық саясат жүргізген Кеңестер одағына деген өшпес сағыныш, бүгінгі тәуелсіздікке деген өшпенділік жатса, не болады? Бұл атау кафеге үлкендерден гөрі жиірек баратын жастар қауымына қалай әсер етеді? Бұл атауды қойған автордың көксеген мақсаты не? Жалпы, ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, ұрпағына аманат еткен жеріміз ұлан-ғайыр даламыздың 70 жыл бодандықта болып, соқтықпалы-соқпақты жолдан өтіп, тоқсаныншы жылдары алған Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын төрткүл әлемдегі қазақ бөркін аспанға атып тойлап жатқан тұста Ақтөбенің бір бұрышында маңдайына жарқыратып «СССР» деп жазып қойғаны қалай өзі? Маған біртүрлі көрінеді.

Әрине, елде бизнестің дамығаны дұрыс. Жеке кәсіпкерліктің көптеп ашылуы — елдің әлеуметтік жағдайын арттыратын көрсеткіштердің бірі. Бірақ материалдық дүниенің де мәдениеті бар екенін, оның да идеологиялық сипаты бар екенін ұмытпауымыз керек. Яғни, «қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарсаның» да жауапкершілігі бар екенін ұмытпау керек. Бәлкім заң алдында, бәлкім ар алдында, бәлкім ұрпақ алдында, болашақ алдында.

Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасына хабарластық. «Қандай да бір мекеме болсын, ғимарат болсын, атау беру кезінде қандай талаптар қойылады?» деп сұрадық.

— Жеке нысан иелері өз ұйымдарына, ғимараттарына атау беруде облыстық тілдерді дамыту басқармасына келмейді, егер жеке кәсіпкер болса, салық басқармасында,  ал жауапкершілігі шектеулі серіктестік болса, әділет департаментінен тіркеуден өтеді де, атауын жазып, іліп, жұмысын жасай береді.

Жеке адамдар иеліктеріндегі нысандарға атау беруде облыстық тілдерді дамыту басқармасынан келісім алмайды, ол еш құжатта  қарастырылмаған, — дейді осы басқарма басшысының міндетін атқарушы Маржан Жанасова.

Дереу салық басқармасына, әділет департаментіне хабарластық.

— Кафе, дүкен ашқан кезде, оның маңдайына ілетін атауын әділет органдарда тіркеу керек деген талап жоқ. Заңды тұлға бір атауымен тіркеледі, бірақ ашқан дүкенінің атауымен сәйкес болу міндет емес. Мысалы, заңды тұлға атауы «Рембытснаб», дүкенің атауы «Бақыт» болуы мүмкін. Қосымша ескертіп кетейік, бүгінде коммерциялық заңды тұлғаларды тіркеуді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» жүзеге асырады.

Жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі мүмкін. Онда да, жеке кәсіпкер өзінің фамилиясы бойынша ашылса, дүкеннің атауы басқа болуы мүмкін. Жеке кәсіпкер мемлекеттік кірістер органдарында тіркеледі.

Тауарлық таңбаны айтсак, ол жауапкершілігі шектеулі тұлғаға да, жеке кәсіпкерге де қатысты  болмай, жеке тұлға өзіне ашуға мүмкін.  Тауарлық таңбаны әділет органдар тіркейді, бірақ ол тіркеу адамның құқығы, міндеті емес.  Яғни, заңды тұлғаны, жеке кәсіпкерді, тауарлық таңбаны тіркеу үш бөлек нәрсе, — дейді облыстық әділет департаменті Зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы Тимур Убишев. Бүгінде заңды тұлғаларды тіркеу Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысы Таңат Қабдуллиннің де пікірі осыған саяды.

— Салық органдарында жеке кәсіпкер адамның аты-жөнімен тіркеліп, жеке мекемелеріне басқа атау беруі мүмкін. Ол кәсіпкердің өз еркі. Дегенмен мен Қостанай облысында мемлекеттік кірістер басқармасында жұмыс істеп жүрген кезімде бір ауданда «Иванов» ЖК (мысал ретінде айтылды) ретінде тіркелген кәсіпкер кафе ашып, оған «Ермак» деп атау берді. Ал Ермактың кім болғаны тарихтан белгілі. Осы тұста әкімдік араласып, бұл атаудың идеологиялық мақсаты дұрыс емес екендігін ескеріп, жеке кәсіпкерге «Ермак» атауын алып тастауға ықпал етті, — дейді Т.Қабдуллин.

Өңірлік кәсіпкерлер  палатасы өкілдері де палата мақсаты тек «бизнесті қорғау» екендігін айтты.

P.S. Бір мекеме салық түсімдерін қадағалайды, тағы бірі бизнесті қорғайды. Ал онсыз да ақпараттық экспансияның уын жұтып отырған ұрпақтың тәрбиесіне әсер ететін «Ермак» болмаса да, сол секілді атауларға кім тоқтау салады?

P.S.S. Кафе қожайындарымен телефон арқылы сөйлесе алмағандықтан, көлікке мініп алып, барып қайттық. Ғимараттың беткі жағына ілінген баннерден манағы айтқан бірінші болжамның рас екендігіне күмән қалмағандай: СССР деген қою қанық қызыл жазумен қоса КСРО-ның «өлген» гербінің, соған қоса «Советское шампанское» мен «Русская водканың» да суреттері ілінген.  

Ғимарат көптен ашылмаған секілді: алды-артын қар басқан. Есік құлыптаулы тұр. Әлде бұл СССР да пандемия кезінде КСРО секілді қирап қалдыма екен?..

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button