Басты жаңалықтарДенсаулық

Медицина мамандары  вакцинаның екінші дозасын алып жатыр

Елімізде медицина қызметкерлері  коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші дозасын алып жатыр. Тәртіп бойынша алғашқы дозадан кейін араға 21 күн салып екінші доза алынуы керек. Біздің облыста 1000 медицина қызметкері коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасының бірінші дозасын алған болатын.

Алғашқылардың бірі болып егілген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев екінші дозаны алды.

— Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов екеуміз бірге барып екінші дозаны алдық. Екінші дозаны салғаннан кейін  коронавирусқа қарсы антиденелер күшейіп, көбейеді. Осылайша  ағза бір, бір жарым жылға дейін  вирусқа қарсы тұрады. Вакцинаны алғаш ектіргеннен кейін ешқандай жағымсыз әсерді байқамадым. Жиырма бір күн бойы өзімді жақсы сезіндім. Екінші дозадан кейін де жанама әсер білінбеді. Тағы бір айта кететін нәрсе, коронавирусқа қарсы вакцина Ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілді. Полиомиелит және басқа да ауруларға  қарсы екпелер ақысыз түрде болса, коронавирусқа қарсы вакцина да солай тегін жасалады.

Екпеден қорқудың қажеті жоқ. Қазіргі күні індеттен құтылудың жалғыз жолы — осы. Егер бәріміз екпе алатын болсақ, ұжымдық  иммунитет қалыптасады. Соңғы аптада облыста коронавирус жұқтырғандардың саны көбейді. Мәртөк, Хромтау аудандарында аурушаңдық көрсеткіші жоғары. Соңғы күндері Ойыл ауданында да тіркеліп жатыр. Балалар арасында да індетке шалдыққандар көбеюде. Егер қауіпсіздікті, санитарлық талапты сақтамасақ, жағдайдың күрделеніп кетуі ықтимал.

Індет наурыз айының ортасынан бастап өршуі мүмкін деген болжам бар. Соңғы кезде бір күнде 15-20 адамға дейін тіркеліп жатыр. Сондықтан тұрғындар барынша сақтанып жүргені дұрыс. Біз айта беруден жалықпаймыз.

Той, садақа, өзге де отбасылық шараларды әзірге қоя тұрған дұрыс. Бұл той-тойлап жүретін уақыт емес. Жағдай әлі де болса күрделі. Алаңсыз жүруге болмайды. Адамдар көп жиналатын жерлерге бармаған дұрыс. Автобусқа мінгенде және өзге де қоғамдық орындарға барғанда медициналық бетперде тағып жүру керек. Қарт адамдардың үйден шықпағаны жөн, — деді Рүстем Исаев.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде «Спутник V» вакцинасын 19 764 медицина қызметкері алған. Егілген адамдарда вакцинаның жағымсыз әсері байқалмаған. Қазір аталған вакцина Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндіріліп жатыр. Ақпан айында  90 мың доза шығарылса, наурызда — 150, сәуір, маусым айларында 600 мың доза шығару көзделген. Болжам бойынша бұл вакцинаның тиімділігі — 96 пайыз.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button