Жаңалықтар

Жұмыс іздегенге мүмкіндік мол

Мемлекеттік бағдарлама

Қарғалы ауданында нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 20172021 жылдарға арналған  «Еңбек» бағдарламасы негізінде көп іс атқарылып жатыр. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспары бойынша көп жұмыс қолға алынды.

Қарғалы аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Саясат Спанның айтуынша, былтыр 2438 адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылған.

—  1238 адам жұмысқа орналастырылып, жоспар 100,3 пайызға орындалды. «Техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» бағыты аясында еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімдік қайта даярлау курстарында 55 адам оқыды. Ақысыз техникалық және кәсіби оқытуға 25 9-сынып түлектері жіберілді, — деді ол.

Ал «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты аясында «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқытуға 90 жұмыссыз бағытталып, олардың 80-і оқуды аяқтаған.  Осы бағыт шеңберінде бизнестерін кеңейтуге, ауыл шаруашылығын дамытуға 66 адам 231 млн 450 мың теңгеге шағын несие алған.

— Сондай-ақ 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде 77 жұмыссызға өз кәсіптерін бастауға 41 миллион 137 мың теңгеге мемлекеттік гранттар берілді.

«Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы еңбек нарығын дамыту және еңбек ресурстарының ұтқырлығы» бағыты аясында әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар бағыттары бойынша жылдық көрсеткіштер толығымен орындалды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 67 адам, жастар практикасына 97 адам және ақылы қоғамдық жұмыстарына 729 қыз-жігіт жіберілді, — дейді С.Спан.

2019 жылдан бастап Бірыңғай жиынтық төлемі (БЖТ) жүйесі енгізілген болатын. С.Спанның айтуынша, БЖТ-ны төлеу заңсыз қызметті тіркеп қана қоймай, сонымен бірге міндетті медициналық және әлеуметтік сақтандыру, зейнеткерлік қамсыздандыру жүйесіне де қатысуға мүмкіндік береді.

— Бірыңғай жиынтық төлемі жұмыс істейтін барлық ел азаматтары үшін 4 міндетті төлемді бір реттік төлеммен ауыстырады. Ауданымызда 502 тұрақты бірыңғай жиынтық төлемі төлеушілердің 135-і «Еңбек» бағдарламасына қатысушы болып тіркелді (26,9%).  Сонымен бірге ауданымыздың жұмыс берушілері тарапынан электронды еңбек биржасы жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бастап электронды еңбек биржасының порталында 229 жұмыс беруші тіркелген, осы порталда 479 үміткер жұмысқа орналастырылды, — дейді С.Спан.

Ауданда жұмыссыз алимент төлеушілерді жұмыспен қамту мәселесі де шешімін табуда. Жеке сот орындаушысы берген тізімде алимент бойынша борышкер 20 азаматтың есімі бар. Олардың төртеуі ғана жұмыспен қамту орталығына тіркелген. — Оның біреуі ақылы қоғамдық жұмыстарға қатысушы болып кіргенімен, өз еркімен тамыз айында жұмыстан шығып кетті, қалған үшеуі жұмыспен қамтудың уақытша шараларына қатысқан жоқ. Бір сөзбен айтқанда, алимент төлеушілер тарапынан жұмысқа ұмтылу төмен деңгейде болып тұр, — дейді сұхбаттасымыз.

Табысы төмен отбасыларға да ауданда тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап орташа айлық табысы жан басына шаққандағы кедейлiк шегiнен төмен адамдарға (отбасыларға) ұсынылатын шартты және шартсыз ақшалай көмек түрінде жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек енгізілгені белгілі. Ауданда тіркелген табысы кедейлiк шегiнен төмен 107 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр.

Былтыр 5-6-маусым күндері аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары және аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары бірлесіп Желтау, Қосестек ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесулер, жеке қабылдаулар өткізген. Сондай-ақ тізім бойынша 6 отбасының деструктивті діни ағымда жүрген мүшелерінің үйлеріне барып, «Еңбек» бағдарламасының екінші бағытын жүзеге асыру механизмі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

— Нәтижесінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыған Петропавл, Қосестек ауылдардағы 4 отбасыға биыл қосалқы үй шаруашылығында өз кәсіптерімен айналысуға 200 айлық есептік  көрсеткішке дейін жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік гранттар берілді, — дейді С.Спан.

 Ирина ҚОСПАҒАНБЕТОВА,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button