Биыл 4 ауданда қазба-барлау жұмыстары жүргізіледі
Бейсенбі күні облыстық тарихи-өлкетану музейінде өңірдегі археологиялық экспедицияның өткен жылы жүргізген зерттеу жұмыстарының қорытындысына арналған баспасөз конференциясы өтті. Онда облыстық музей директоры Мейрам Дүйсенғали, музейдің аға ғылыми қызметкерлері — Аслан Мамедов, Нұрсұлтан Баиров аудандарда жүргізілген зерттеу жұмыстарына тоқталды.
Облыстық музей директоры Мейрам Дүйсенғалидың айтуынша, өткен жылы музейдің археологиялық экспедициясы Шалқар, Ойыл және Ырғыз аудандарында түрлі хронологиялық шеңбердегі бірнеше жерлеу орындарын зерттеп, жәдігерлер жинақтаған.
Ал биыл музей археологтары Ойыл, Мәртөк, Әйтеке би және Байғанин аудандарында археологиялық қазба-барлау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.
— Өткен жылы Шалқар ауданы территориясында жүргізілген барлау жұмыстары барысында тұрақ, кеніш, қорған мен қасиетті орындар және кесене, мешіт, қоршаулар, тағы басқа этнографиялық ескерткіштер анықталды. Ескерткіштердің негізгі басым бөлігі — тас ғасырының тұрақтары мен қола дәуірі, ерте темір ғасыры және орта ғасырларға қатысты қорғандар. Қазіргі таңда Шалқар ауданында 300-ге жуық ескерткіш тіркелген. Анықталған ескерткіштер қазіргі облыс аумағын мекендеген ежелгі тұрғындардың тарихы мен мәдениетін зерттеуге ғылыми негіз бола алады. Сондай-ақ былтыр Ойыл ауданының Көптоғай ауылынан 24,6 шақырым қашықтықта орналасқан Шөптікөл І қорымының оңтүстік-шығыс бөлігіндегі төрт нысанға жүргізілген қазба жұмыстары кезінде ер адам бейітінен темір семсер, ат әбзелдері, әйел адам бейітінен қыш ыдыстар, қола айна, түйреуіш, тікпе айылбас, тағы басқа түрлі заттар табылды. Шөптікөл І қорымының зерттелген қорғандарындағы жерлеу дәстүрі мен заттай мәдениет жәдігерлеріне қарап, олардың ІІ-ІV ғасырларға тән екендігі анықталды, — деді М.Дүйсенғали.
Сондай-ақ археологтар Ырғыз ауданындағы Шеңбертал І қорымын зерттеген. Ескерткішті зерттеу жұмыстары екі жылға жалғасқан. Қазба жұмыстарын бастауға жерлеу орнындағы сүйектер мен заттардың жер бетіне шығып, бұзыла бастауы түрткі болған. Негізгі мақсат — Ор-Ырғыз өзендері аралығындағы ежелгі бақташылар мен кеншілер ескерткіштері мен мәдениетін зерттеу.
Музей қызметкерлері осы аумақта қазба жұмыстарын жүргізу барысында Шетырғыз және Ырғыз өзендерінің қосылу тұсындағы Әйтеке би және Ырғыз аудандарының территориясындағы ескерткіштерге барлау жасады. Нәтижесінде жаңадан тас ғасырының орындары және қола дәуірі мен ерте темір ғасырының қорымдары анықталды.
Сондай-ақ өткен жылы «Ғұн-сармат кезеңі ескерткіштерінің архитектоникалық және кеңістікті сараптамасы» жобасы бойынша археологтар Ойыл ауданы Көптоғай ауылдық округі аумағында барлау жүргізген. Археологиялық барлау жұмысының нәтижесінде Ойыл өзенінің сол жағалауындағы Самбай I, Шөптікөл I, II, Ақшатау II, IV, Көптоғай I, IV және т.б. ескерткіштер зерттелген.
Баспасөз конференциясы соңында музей қызметкерлері зерттеу жұмыстарына қатысты журналистердің сауалдарына жауап берді.
Данагүл ҚАЗИХАН.