Жаңалықтар

Екі жылғы еңбектің нәтижесі

Кәсіп

Өңірімізде кәсіптің көзін тауып, бір емес бірнеше тетікті бір өзі игеріп отырған кәсіпкерлер қатары күн санап өсуде. Бұл орайда ұсынар жобалары тың әрі ерек жастардың қарасы басым. Солардың бірі — әмбебап ісмер Ерлан Хайролла. 

Жастайынан қолөнерге бейім Ерлан талантын шыңдап, кәсіп ашамын деп ойламаған. Заман ағымына ілесіп, қолынан келген дүниемен айналысу кім-кімге болса да тиімді. Бүгінде бір кәсіпті місе тұтпай, бірнешеуін қатар қолға алған Ерланның өзі бұл істі қалай және қашан қолға алғанын, кәсіпкер болудың сыры неде екенін айтып берді.

— Қазіргі таңда нарықтық жағдайға байланысты халқымыздың салт-дәстүрлерін, ұлттық қолөнерді дәріптеуге үлкен мүмкіндіктер туып отыр. Себебі Тұңғыш Президенттің үлкен серпін болған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында көп дүниелерге жол ашылды. Біраз кәсіптің басталуына мұрындық болды. Мен де балаларды шығармашылыққа баулу мақсатында 2018 жылы сурет және қолөнер үйірмесін аштым. Оқушылар үйірмесінде 40 оқушы бар. Оның 15-і көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан. Орталықта осындай балаларға 50 пайыздық жеңілдікпен тегін оқытуға мүмкіндік беретін жағдай қарастырылған. Жалпы кәсіппен бар болғаны екі жылдан астам уақыт айналысып келе жатырмын, — дейді кәсіпкер-ұстаз.

«Үздік ұстаз» аталымы бойынша облыстық, республикалық, сонымен қатар халықаралық дәрежедегі марапаттарға ие болған жас кәсіпкердің қолға алған екінші бағыты — безендіру жұмыстары. Бұл сіз ойлағандай, мерекелік шараларды ғана ұйымдастыратын жоба емес. Безендіру жұмыстарына сұраныс та көп. Тапсырыс та жетерлік. Ұстаз, мәселен, Есет Көкіұлы, Алпамыс батыр ескерткіштері маңын көгалдандырып, Ақкемер, Елек тәрізді ауылдарда, Қандыағаш қаласындағы №2, №3 мектептерде безендіру, көгалдандыру жұмыстарын атқарған.

— 2019 жылдан бастап кеңсе және арнайы мерекелік кештерді безендіру мен креативті сыйлықтар жасайтын баспаханалық жұмысты қолға алдым. Сондай-ақ аниматорлық бағыт іске қосылды. Сурет саламыз, тапсырыспен жарнама түрлерін жасайтын қызмет те бар. 2020 жылдың тамыз айынан бастап жастардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Антиофис» коворкингі іске қосылды. Ол жерде жастар кино көріп, танымдық ойындар ойнап, әңгімелесіп, жаңа орта таба алады. Оның ресми ашылуы биыл қаңтар айында өтті. Соңғы уақытта дизайнерлік киім бағытын қолға ала бастадым. Ол ұлттық нақышта безендірілген, қазақи болмыста, этномәдениетімізді дамытуға негізделген бірден-бір ауқымды жобамыз. Шетелдерден де тапсырыс алып жатырмыз. Таратылым мен сатылым жайы да тәуір. Ресей, Астрахань, Орынбор қалаларында фотосессиялар ұйымдастырылды. Бұның өзі біз үшін үлкен жетістік. Үнемі ізденісте болып, ерінбей еңбек етем деген адамға кәсіптің түрі де көп. Тек ықылас-ниет керек, — дейді жас кәсіпкер Ерлан Хайролла.

Жас кәсіпкерлерді қолдау және өз кәсібін ашам деген жастарға аудандық жастар ресурстық орталығы «Кәсіпкер бол» айдарын ұйымдастырып отыр. Бұл жерде сан түрлі кәсіпті дамыту мақсатында әр бағытта семинар-тренингтер өткізіліп отырады. Соның нәтижесінде 6 кәсіпкер өз жолдарын тауып, кәсіп ашыпты.

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button