Жаңалықтар

 «102» нөміріне 223 мыңнан астам қоңырау түскен

Күн сайын облыстық полиция департаментіне қарасты жедел басқару орталығының операторларына «102» телефоны арқылы 300-ден астам қоңырау түседі. Көпшілігі ішкі істер органы қызметкерлерінің құзырына кірмейді. Мәселен, құбыр жарылғанын айтып хабарласатындар бар. «102» операторлары барлық қоңырауды қабылдап, тіркеп, тиісті орындарға жібереді.  Былтыр 223 мыңнан астам қоңырау түскен.

— Операторлар барлық қоңырауға жауап беруі керек. Мәселен, отбасында жанжал шықса, әйел ішімдік ішкен күйеуінің үстінен шағымданса, учаскелік инспекторды жібереміз. Ал ұлы айтқанын тыңдамаса,  кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ювеналдық полиция тобының учаскелік полиция инспекторы барады, — дейді облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов.

Жедел басқару орталығында орнатылған аппаратура кез келген нөмірді, соның ішінде ұялы нөмірді де анықтауға мүмкіндік береді. Алайда қоңырау шалған адам қандай да бір қылмыс немесе құқықбұзушылық туралы жедел басқару орталығына хабарласса, бірақ ол өзінің есімін белгісіз күйде қалдырғысы келсе,  онда оны ешкім куәгер болуға мәжбүрлемейді. Әрине, деректерді қалдырған дұрыс, өйткені тергеу кезінде көмек қажет болуы мүмкін. Әрбір парасатты азаматтың парызы — қоғамда тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button