Жаңалықтар

Қыста қамысын, жазда жағасын…

Экология

Өткен жылы Ойыл өзенін қорғауға бағытталған шаралар қыста да жалғасын тауып жатыр. Бұған дейін күз айларында өзен арнасындағы бітеліп қалған бұлақтардың көзін ашу жұмыстары жүргізілген болатын.

Жергілікті тұрғындардың жанайқайы жоғары жаққа да жетіп, өзеннің тағдырына қатысты көптеген жиындар, арнайы конференция өтіп, әлеуметтік желілерге жарияланды. Сол кезде белсенділер ең бірінші өзен жағасындағы қоға-қамыстарды тазарту керектігін айтқан-ды.

Жақында Ойыл ауданының азаматтары өзен үстін қамыстан тазарту жұмысын бастады. Қыста мұз үстінде қамысты шабуға да, тасуға да ыңғайлы. Сол себепті ойылдықтар бұл орайлы уақытта қарап жата алмапты.

Бұған ешкімді мәжбүрлемейді. Бірақ бөлім басшылары мен қызметкерлері ерікті түрде белсеніп шықты. Ашықбай тоғайы бағытында қамыс пен қоғасы қалың өскен жерлер көп.  Екі күннің ішінде аумағы 500 текше метр алаң қамыстан тазарды. Бұл жұмыс жалғасын табады. Туған жердің жайына жанашырлықпен қарап, мұндай жұмыстарға белсенділік танытып жүрген азаматтарға алғысымызды айтамыз, — дейді аудан әкімінің орынбасары Аслан Кенжебаев.

Ал облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Болат Тасболатовтың айтуынша Ойыл өзенін зерттеу жұмыстарының алғашқы қадамдары басталды.

Жақында облыс әкімінің тапсырмасымен біздің басқарма басшылары осы жөнінде жергілікті тұрғындармен кездесіп қайтты. Мұғалжар, Темір, Ойыл, Қобда аудандарының әкімдері мен мәслихат депутаттарының қатысуымен болған кездесуде тұрғындардың  ұсыныстарын тыңдадық. Әуелі зерттеу жасау үшін ғылыми мекемені тарту керек деген ортақ шешімге келдік. Өзеннің тартылуына адам факторы бар ма, әлде табиғаттың әсері ме? Мұның бәрі жан-жақты зерттеліп, анықталатын болады. Қобда ауданында Ойылға құятын Қиыл өзенінің де жайы назарда болады,  — дейді Б.Тасболатов.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button