Жаңалықтар

Білімнің бұлағы

Пікір

Бүгінгі күні дүкендерде кітаптың бағасы қымбат. Баға шарықтап тұрған уақытта екінің бірі кітап сатып алуға қауқарсыз. Ал кітапханаларда жақсы кітаптарды тегін оқуға мүмкіндік мол. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығымен салыстырғанда соңғы жылдары кітапханаларға мемлекеттік тапсырыспен шыққан жақсы кітаптар көптеп түсуде. Негізінен қазақ тіліндегі кітаптар, соның ішінде тәрбиелік мәні бар кітаптар өте көп.

Жақында кітапханамызға сондай кітаптардың бірі, мемлекеттік тапсырыспен шыққан Сауытбек Абдрахмановтың «Абыз Әбіш»  атты кітабы келді. Кітапханашы болған соң жаңа кітапты бір шолып қарап шығу — міндетім. Кейбірі ұнайды, кейбірі тартпайды, қысқасы, келген кітаптың бәрін оқып шығамын деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Бірақ мына кітап мені бірден баурап алды.

Бір жылдары Ақтөбеге Мырзатай Жолдасбеков пен Әбіш Кекілбаев келіп, кездесу болды. Баяндамалар оқылатын болды. Әдеттегідей селқостау тыңдап отырғанмын, байқасам керемет бір мазмұнды әңгіме айтылып жатыр. Түк жалықпастан ұйып тыңдап қалыппын, бір демде аяқталып та қалғанын байқамаппын. Бұл Әбіш Кекілбаевтың баяндамасы еді. Не деген сөз саптау, не деген көркем тіл, не деген тереңдік?!

Содан кейін жылдар өтіп, жазушының 80 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияға қатысудың сәті түсіп, елордаға барған едік. Сол шарада Тұрсын Жұртбай, Мырзатай Жолдасбеков сынды зиялылар керемет әңгімелер өрбітіп, «Шыңырау» фильмін көргенбіз. Әбіш ағаның қабірінің басына барып, зиярат жасағанбыз. Ол кісі көзі тірісінде-ақ небір атақ пен теңеулерге ие болған абыз аға еді. Ол туралы өскелең ұрпаққа қанша айтса да артық емес.

Міне, Сауытбек Абдрахманов сол Әбіштің ойшылдығы туралы толғаныстарын өз еңбегіне арқау етіпті. Кітаптың алғы сөзін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жазған. Кезінде ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әбіш Кекілбаевты «Алаштың әлем алдындағы бетке ұстар ірі тұлғаларының бірі» деп бағалаған. Қазақ әдебиетінің классигі, данышпан ойшылы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, алып тұлға, жазушы, аудармашы, әдебиеттанушы, мәдениеттанушы, тарихшы, ойшыл, публицист, саясаткер Әбіш Кекілбаев туралы бүгінге дейін көптеген ғылыми еңбектер жарық көргені рас. Ал бұл кітапта Әбіш Кекілбаевтың ұлан-ғайыр ойшылдығы әбден талданғанын Қасым-Жомарт Тоқаев алғы сөзінде атап айтыпты.

Шыңғыс Айтматов «Он неисчерпаемый» депті осы кітаптың авторына. Жалпы бұл кітапты оқып отырған адам Әбіш Кекілбаевтың сан алуан қырлары туралы біраз мәлімет алатыны хақ. Сауытбек Абдрахманов: «Қаламгердің қазақ қоғамындағы орнын оның жазушылығымен де, тарихшылығымен де, ойшылдығымен де, саясаткерлігімен де, қайраткерлігімен де толық жеткізіп айта алмаймыз. Әбіш Кекілбаев туындылары жалпыадамзаттық мәселелерді әлемдік өреде қарастыратындығымен, ой тереңдігінің, көркемдік кестенің, тіл өрнегінің классикалық үлгісін көрсетуімен, қай жанрға салғанда да өрен жүйрік шығатындығымен, әрі көп, әрі дөп жазуға болатындығын дәлелдеуімен тәнті етеді. Бір бойында жазушының, ақынның, драматургтың, аудармашының, мемлекеттік қайраткердің, саясаттанушының, тарихшының, философтың, мәдениеттанушының, өнертанушының, әлеуметтанушының, публицистің, журналистің, шешеннің таланты тамаша тоғысқан, соның бәрі-бәрін далалық данышпандықтың қайнарынан суарған Әбіш Кекілбаевтың шын мәнінде феномен құбылысқа жататыны қазірдің өзінде талас тудырмайды» — деп атап көрсетіпті.

Парламент мінберінен талас тудырған ұлттық мүддені қорғау туралы талай шырылдағаны, дарабоздың ақылдылығы, шебер мәмілегерлігі, керек жерінде алабұртқан халықтың санасын сабасына түсіргенін де естен шығармапты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың көрнекті қаламгері, детектив жанрының ізашары, әкесі Кемел Тоқаев туралы «Әке туралы ой-толғау» кітабында ол кісінің Әбіш Кекілбаевқа көзқарасы ерекше болғанын, шығармаларының тарихи ауқымдылығы мен философиялық тереңдігі үшін, гуманитария саласында энциклопедиялық білімділігі үшін жоғары бағалағанын және қазақ әдебиетінің классигі болатынын атап айтқанын осы кітапта үзінді арқылы келтірген екен. Сонымен қатар кітапта абыздың әр жерде әр жылдары жарияланған мақалаларындағы, сөйлеген сөздеріндегі ойының тұңғиығы, тілінің шеберлігі, ақылының тереңдігі мысалдармен берілген. Кітапта Әбіштің ақындығы туралы да ой бөліседі. Әкесі соғыстан оралмаған бала «Қарындасым Нұрайша» өлеңінде өзінің балалық шағынан сыр шерткені, кенже қарындасы Тілектестің іште қалып, әкесі қан майданда жүргенде туғаны, көкесінің суреті де сақталмағаны шебер суреттелген:

Қуантты бізді сол күні

Сәбидің тұңғыш ащы үні.

Жылатты бізді сол күні

Пошташының қапшығы.

 

Көңілді көктем құшып қап

Ажыратты қыс қайта.

Түске дейін құттықтап,

Бата оқыды ел түс қайта.

 

Иесін тапса бір бесік,

Оққа ұшты бір солдат.

Келеді қарғам жылда өсіп,

Тереді қырдан гүл таңдап.

 

Жылдарға ерді Нұрайша,

Жылдар алға зулайды.

Көз көргендер шын айтса,

Көкесінен аумайды.

 

Аумайды ма менен деп,

Мазалап жүр талайды.

Көкешімді көрем деп,

Айнаға көп қарайды.

Бейбіт заманда да көкесін көре алмай, іште қалғандар қаншама?! Тереңірек үңілсек, өлеңде айтылған қуаныш пен қайғының қатар жүретіндігі, уақытқа қарамайтыны бүгінгі күнге де тән жағдай.

Сонымен қатар бұл кітапта Әбіш Кекілбаевтың көптеген зиялы қауым, танымал тұлғалар туралы пайымдауларына автор өз талдауын жасаған. Махамбет, Ахмет Жұбанов, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаев, Иран-Ғайып, Жарасқан Әбдірәшев сынды ұлт қаймақтары туралы материал іздегенде Әбіш Кекілбаевқа жүгінуге болатыны да назардан тыс қалмапты. Кітаптың өн бойы толып тұрған керемет теңеулер. Тілі сондай көркем. Әбіш айтты ма, ол туралы айтылды ма, не автор сөзі ме, кімнің сөзі екенін кітапты оқу барысында білерсіздер, бәлкім бір керегіңізге жарап қалар деген ой  біздікі.

Осы кітаптағы әдемі тізбектелген жолдарды мен де өз қойын кітабыма түртіп алдым. Мысалы, «Көз біткенді телміртіп, көңіл біткенді емірентіп жүруші едің», «Көкірегіңе даңғыл, көмейіңе бұлбұл орнап, болмысыңнан тайсалмайтын маңдай, таңғалмайтын таңдай жоқ», «Аласа төнсе еңкеймей, Биік төнсе шалқаймай», «Асылдықтың қасиеті мен қасіреті бірдей», т.б. тіркестерді оқып отырғанда еріксіз тамсанасыз, таңданасыз.

Идеология ақсап барады деп байбалам салып жүрген бүгінгі күнде мынадай кітапты оқымау дұрыс емес деп білемін. Біз көбіне кітаппен тәрбиеленген жандармыз. Әке-шешелеріміздің шала сауатты болғанын да жасырмаймыз. Ол кісілердің жетіжылдық білімі қазіргі қос-қос дипломы бар жоғары білімді жастардан кем емес еді-ау. Ата-анамыз бізге алдымен тәрбие берді. Білімді сосын алдық. Десек те тап біздің замандастарымыздың ішінен бас жарып, көз шығарғандар болмады. Обалды, сауапты, ұятты біліп өстік. Себебі кітап оқыдық. Сондықтан бүгінгі ұрпаққа да есті болып, кітап оқуға кеңес береміз.

Осы орайда кітапханашы ретінде жас оқырмандарға жаңадан келген кітаптардың бірқатарын атап кеткім келеді. Мәселен, Т.Боранғалиұлының «Жәңгір хан», А.Тасболатов пен Т.Мұсаевтың «Қазақтың хас батырлары», Е.Әлімжанның «Анажар»,  Ж.Боранбаевтың «Тума талант», С.Латиеваның «Хадиша мен Байғали», «Қазақ және әлем тілдері мақал-мәтелдері», М.Төлебаевтың «Ұлы дала әуендері» (қазақ халық аспаптар оркестріне лайықталған шығармалары), «Ежелгі дәуір әдебиетінің антологиясы», «Қорқыт ата кітабы», Ж.Ахмадиевтің «Қазымбет қазы», т.б әртүрлі талғамдағы оқырмандарға арналған кітаптар кітапханаларда бар.

Сөз соңында біздің кітапханамызда балаларға арналған тактильді (қолмен ұстап, сипап сезіп оқитын) кітаптар да бар екендігін айта кеткім келеді. Аудиокітаптар да бар. Жолға алып жүруге, көлікте тыңдауға өте ыңғайлы, көшіріп те береміз, телефоныңызға да жүктеуге көмектесеміз. Ал «Адамды адам қылған — кітап, адамзат қылған — кітапхана» деп айтып кеткен абыз Әбіш туралы оқығыңыз келсе, біздің кітапханаға келіңіз, оқырман!

  Гүлстан Хамзина,

облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың

арнаулы кітапханасының директоры.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button