Білім

Гёте тілін өз тіліндей ұғынған

Жарты ғасырға жуық шәкірттерге неміс тілінің құпиясын үйреткен Айым Шахметова бүгінде ұстаздық ғұмырдың биігіне көтерілген, еңбегінің жемісі мәуелеген алып бәйтеректей. «Адамның бақыты — баласына жақсы тәрбие бергені, жүріп өткен жолында қуаныш пен жаныңды жадыратар естеліктердің көп болғаны», — дейді ол.

Ол Ойыл өңірінде дүниеге келді. Әкесі Нарман өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарының бірі болған. Көп жылдар мемлекет қызметінде әртүрлі мекемелерде басшы болып, тізгін ұстады. 1941 жылы шілде айында алғашқылардың бірі болып майданға аттанып, 1943 жылы ауыр жарақат алып елге оралды. Айым апай ата-ананың берген тәрбиесі, нағашыларының ықпал етуімен ұстаздық жолға түскенін айтады. Өткен ғасырдың нақ орта тұсында, оның ішінде ақпан айында дүниеге келгендіктен бе, жүзінен, іс-қимылынан, әңгімесінен сергектіктің, шымырлықтың лебі есіп тұрғандай болды.

— Әлі есімде, алтыншы сыныпта оқып жүргенімде сабаққа оқу инспекторы, менің нағашым болып келетін Жақия Жүсібалиев кірді. Пән мұғалімі Ахметбек Нұрманов ағай менің неміс тілінен жақсы оқитынымды біледі. Ұстазым өзі оқып жатқан мәтінді: «Айым, әрі қарай сен оқы», — деп кітапты маған берді. Мен судыратып оқып шықтым. Кешкілік үйге нағашым келді. Риза кейіппен басымнан сипап: «Айымжан, көрерсің әлі, сен күндердің күнінде шет тілі маманы болып, Берлин, Бонн, Париж, Рим секілді керемет қалалардың бәрін аралайтын боласың», — деді. Нағашымның осы сөзі мені қанаттандырды, осы арман мені өмір бойы жетелеп келді, — дейді Айым апай.

Нағашысының айтқаны айдай келеді. Айым Шахметова он алты жасында алғаш еңбек жолын бастайды. Өзі оқитын Құрманов орта мектебінде оқушыларға, өз қатарларына неміс тілінен сабақ берді. Мектепте екі жыл жұмыс жасап, 1968-1972 жылдары Алматы шет тілдері педагогикалық институтының неміс тілі факультетінде білім алды. Оны үздік бітіріп, туған жері Ойыл ауданындағы Н.Крупская атындағы орта мектепте, Ақтөбе қаласындағы неміс тілін тереңдетіп оқытатын 11-орта мектепте еңбек етті.

1977 жылы Ырғыз ауданы Калинин атындағы кеңшардың келіні атанып, сол жерде 1995 жылға дейін мектепте мұғалім болды. Ауылдан басталған ұстаздық жол оны университеттер мен медициналық академияға дейін бастап барды. Ұстаздың қоғамда болып жатқан оқиғаларға бейжай қарамауы, жанының сергектігі оның қоғамдық шараларға белсене араласуына септігін тигізді. Оның инновациялық идеялары мен тың бастамалары бүгінге дейін жас ұстаздарға бағыт беріп тұрғандай.

Айым Нарманқызы Ырғыз жеріндегі алғашқы неміс тілі пәні мұғалімдерінің бірі болды. Ол өз пәні бойынша білім беріп қана қоймай, шәкірттерін қоғамдық өмірге қызықтыра білді. Осы мақсатта ол мектеп қабырғасында «Ақкөгершін» интернационалды достық клубын құрып, оқушылардың неміс тіліне, неміс мәдениетіне деген қызығушылығын оятты. Ол Герман Демократиялық Республикасынан ай сайын пошта арқылы «Bummi», «Trommel», «DDR» журналдарын жаздырып алып, ондағы материалдарды ауыл оқушыларымен бірге талқылап, Герман Демократиялық Республикасындағы өз қатарластырының өмір сүру салтымен таныстыратын. Уақыт өте келе «Ақкөгершін» клубының мүшелері ГДР-дағы Магдебург, Дрезден қалаларының оқушыларымен хат алыса бастады. Сондай-ақ бұл клуб саяси оқиғалардан да тыс қалмай, ауданға белгілі ұйымға айналды. 1987 жылы ауыл оқушылары сол кездегі АҚШ Президенті Рональд Рейганға ядролық қаруды шектеу жөнінде хат жазды. Бұл да ұстаздық жолдың есте қалар естеліктерінің бірі.

Айым Шахметова мектепте Ауған жерінде, Герман Демократиялық Республикасында азаматтық борышын өтеп келген жауынгерлермен кездесулер өткізетін. Ол осылай шет тілін оқыту арқылы өз шәкірттерін қоғамдық өмірге даярлап, өз елін сүюді олардың бойына сіңіре білді.
Ұстаздың ұлттық өнерге деген ықыласы да бөлек болды. Шәкірттеріне оны насихаттап қана қоймай, өзі де үлгі бола білді.  Ол өзінің домбырашылық өнерінің арқасында аудандық, селолық қоғамдық шаралардың бел ортасында жүрді. 1988 жылы өткен тұңғыш аудандық ақындар айтысында бірінші орын, облыстық ақындар айтысында жүлделі үшінші орын алғанын бүгінде ерекше жылылықпен еске алады.

Айым Нарманқызын облыстық білім басқармасы 1988 жылы бүкілодақтық слетке Ленинград қаласына республика атынан өкіл етіп жіберді. 1996 жылы отбасымен Ақтөбе қаласына көшіп келгеннен кейін Қ.Жұбанов атындағы университетте, Қазақ-орыс халықаралық университетінде, М.Арын атындағы Қарғалы орта мектебінде еңбек етті.
Айым Нарманқызы Алматыда Герман Федеративтік Республикасы ашқан Гёте институтының алғашқы съезіне делегат ретінде барды, кейін де бірнеше съезге қатысты. 2004 жылы Гёте институтының жолдауымен Герман Федеративтік Республикасының Мюнхен және Дрезден қалаларына бір айлық тәжірибе жинақтау курсына қатысты. Ұстаз халықаралық университеттерде панорамалық ашық сабақтар өткізді. Мұндай жетістіктерін санамалап айта беруге болады.

Айым Шахметқызы белгілі ғалым, неміс тілінің білгірі Мұхтар Арынды ұстазым деп есептеді. Және ұстазының есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында талай игі істің басы-қасында жүрді: Қарғалы қазақ орта мектебіне, облыс орталығындағы бір көшеге Мұхтар Арынның есімін беруде, ғалым тұрған үйге мемориалды тақта орнатуда, ұстазының еңбектеріне арналған ғылыми конференцияларда, жалпы ұстаз есімін ардақтауға арналған іс-шаралардың барлығының ортасында Айым апай да жүрді.

Енді ойлап отырса, ұлы Гётенің Абай аударуындағы «Қараңғы түнде тау қалғып…» өлеңі Айым апаның айтуында оқушылар алдында қаншама рет қайталанғанын өзі де білмейтін болар. Кейде өзін бір-біріне ұқсамайтын екі тілдің арасында алтын көпір тартып жүргендей сезінетіні де бар.

Айым Нарманқызы ұлағаты мол ұстаздықпен бірге ардақты ана да бола білді. Жолдасы Әшірбек Толжанов екеуі үш бала өсірді. Үлкен қызы Дәмет Байғанин аудандық тестілеу орталығының жетекшісі, ағылшын тілінің мұғалімі. Ұлы Найзабек «Болашақ» бағдарламасымен Германияда білім алып, қазір шетелдік компанияда еңбек етеді. Кіші қызы Гүлмарал банк саласының маманы. «Байлығым — балаларым», — деп есептейтін аяулы ұстаз, ардақты ана бүгінде өзінің өмірдегі жемістері — шәкірттерінің және балаларының қызығына бөленген алып бәйтеректей.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button